Облыста еліміздің еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушылар мен қандастарды көшіру бойынша іс-шаралар жүйелі жүзеге асырылуда. Өткен жылы еліміздің 9 өңірінен (Жетісу, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары, Астана, Алматы және Шымкент қалалары) 2460 адам және 7 елден (Ресей , Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Қытай , Иран, Түркіменстан) 238 қандас келді.
Қандастар мен қоныс аударушылар үшін тиісті инфрақұрылымы, бос жұмыс орындары мен сатуға арналған үйлері бар 153 елді мекеннің тізімі жасалды. Келген 2698 адамның 1255-і – еңбекке қабілетті жастағылар, 1292 бала, 87 зейнеткер, 64 студент бар. Бұл ретте еңбекке қабілетті адамдардың 1097-сі жұмыспен қамтылды, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарына 1016 адам орналастырылды. Ауыл шаруашылығында – 161, білім беруде – 147, денсаулық сақтау саласына – 143, басқа салаларда – 565, уақытша жұмыс орындарында 4 адам еңбек етіп жүр. Үш адам оқуға жіберілді, 74-і өз ісімен айналысады, 73 адам бала күтімі бойынша демалыста.
Қоныс аударушылар мен қандастарға мемлекеттік қолдау шаралары, оның ішінде отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге, он екі айға дейін тұрғын үйді жалға алу бойынша шығыстарды өтеуге (отбасы құрамына байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейін) субсидия төлеу көзделген.
Бұдан басқа, 2023 жылдан бастап келген азаматтарға тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаттары (тұрғын үй құнының 50 пайызы, 1160 АЕК-ке дейін) беріледі. Өткен жылы көшіп келген отбасыларға 246 сертификат табысталды.
2024 жылы 2909 адамға квота белгіленді, 2702-сі қоныс аударушы және 207-сі қандас көшіп келе алады. Қандастар мен қоныс аударушылар тиісті инфрақұрылымы, бос жұмыс орындары мен сатуға арналған үйлері бар 191 елді мекенге бекітілді. Жыл басынан бері қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың өңірлік квотасына 463 отбасы енгізілді.
Келген қоныс аударушылардың ішінде еңбекке қабілетті жастағылар – 656 адам. Олардың 353-і еңбекпен қамтылды, 69 адам бала күтімімен отыр. Араларында 518 бала, 19 студент пен 41 зейнеткер бар.
Квотаға енгізілген қоныс аударушылар мен қандастарға көшуге материалдық көмек көрсету, тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеу, техникалық және кәсіптік білім алу үшін оқытуға және қажет болған жағдайда қысқа мерзімді кәсіптік курстарға жолдама, жаңа тұрғылықты жерінде кәсіпкерлікті дамытуға және жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу сынды мемлекеттік қолдау көзделген.
Сонымен бірге қоныс аудару мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Облыс өкілдері бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне және халықпен кездесулерге қатысу үшін жұмыс күші артық өңірлерге барады. Делегациялардың құрамында жергілікті атқарушы органдардың өкілдері мен жұмыс берушілер бар.
Қоныс аударатын отбасыларды қабылдау мүмкіндігі туралы, облыс аудандарын таныстыратын бейнероликтер дайындалып, баратын өңірлерге жіберілді. Кестеге сәйкес үстіміздегі жылдың басынан бері облыс делегациялары Түркістан, Жамбыл, Жетісу, Қызылорда, Алматы, Маңғыстау облыстарына және Астана, Алматы және Шымкент қалаларына барып, осы өңірлердің тұрғындарымен кездесулер өткізді. Сонымен қатар облыс өкілдері Түркістан және Қызылорда облыстарында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне қатысты.
Биыл экономикалық ұтқырлық сертификатын беру ережесіне өзгерістер енгізілді. Экономикалық ұтқырлық сертификаты тұрғын үй сатып алу және салу немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі және Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарымен бекітілген ипотекалық бағдарлама, оның ішінде тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамалары шеңберінде, сондай-ақ қаржы институттарын ипотекалық кредиттеу құралдары және тұрғын үй құрылыс жинақтарының жүйесі аясында тұрғын үйді сатып алу кезінде ипотекалық тұрғын үй қарыздары бойынша бастапқы жарна үшін ақшалай төлем түріндегі материалдық көмек ретінде беріледі.
Экономикалық ұтқырлық сертификаты қандастарға немесе қоныс аударушыларға қабылдайтын өңірдегі тұрақты тұратын елді мекенде тұрғын үй сатып алу кезінде беріледі.
Экономикалық ұтқырлық сертификаты отбасына, сондай-ақ осы қағидалардың 66-тармағының екінші бөлігінде көзделген адамдарға тұрғын үй құнының 50 пайызы мөлшерінде, бірақ 1 160 АЕК-тен асырмай беріледі.
Экономикалық ұтқырлық сертификаты бойынша ақшалай төлемді жүзеге асыру үшін Еңбек мобильділігі орталығы қандастар мен қоныс аударушыларды бірнеше санаттар бойынша саралайды.Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін өңірлерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша жұмыс істейтіндер, отбасы құрамында өтініш берушімен тұрақты бірге тұратын еңбекке қабілетті жастағы отбасы мүшелері барлар басымдыққа ие. Сонымен қатар отбасы құрамында өтініш берушімен тұрақты бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары не жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын балалары бар, олар он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін), Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған өңірлерде қандастар мен қоныс аударушыларды қоныстандыру үшін дара кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратындар сол санатқа енеді. Жыл басынан бері 162 отбасына экономикалық ұтқырлық сертификаттары ұсынылды.
Жалпы жергілікті атқарушы органдар келген азаматтарды орналастыру, бейімдеу және жұмысқа орналастыру бойынша қажетті шараларды жасауда. Жеке кәсіппен айналысушы адамдарға несие мен грант рәсімдеуде жан-жақты қолдау көрсетіледі.
Қандастар мен қоныс аударушыларды бейімдеу жөніндегі іс-шараны (ақпараттық және анықтамалық қызметтер, құжаттар аудармасы, құқықтық және консультациялық көмек, құжаттандыру мәселесі, қазақ және орыс тілін үйрену курстарына жолдау) тиімді іске асыру үшін еңбек мобильділігі орталығы жанынан бөлім құрылды.
Ринат ЕЛЖАСОВ,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы.