Кезінде заңғар жазушы Ғабиден Мұстафин “Жасында көргені жоқтың, өскенде айтары да жоқ”, – деген екен. Еңбекпен есейіп, егемендікпен еңсе тіктеп, жауапты қызметте де абырой биігінен аласармай, осы күнге кісілік пен кішіліктің қалпын бұзбай жеткен Амангелді Балмұқановтың жастарға айтары аз емес. Кейінгі ұрпаққа жөн сілтеп, ақылшы болып отырған абыз ақсақалдың мәнді де мағыналы ғұмыры өнегеге толы.
Ішкі мәдениет – адам болмысының айнасы ғой. Амангелді Қонайұлының жүріс-тұрысынан, сөйлеген сөзінен-ақ ішкі мәдениеті жоғары адам екенін аңғару қиын емес. Ішкі мәдениет дұрыс қалыптаспай, сыртқы сұлба да сұлу болмақ емес. Ақ қырау шалған шашын әдемілеп артқа қайыруы да өзіне сондай жарасымды. Бүгінде 80 жастың биігіне жетіп отырған ақсақалдың өмір дариясы қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдан басталған еді.
Ол 1944 жылы тамыз айында дүниеге келді. Әкесі ауылнай болды, бұрынғы Көкшетау облысына қарасты Қызылту (қазіргі Уәлиханов) ауданындағы Социализм ұжымшары мен ауылдық кеңесті басқарса, анасы үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысты. Отбасында 6 баланың кенжесі Амангелді ағай өзге бауырларындай емес, еркін өсті. Киімнің тәуірін, тамақтың бар дәмдісін алдына тосқан олар кенжелерінен зор үміт күткендей. Сенім де ақталды.
Ұялы ауылындағы 10 жылдықты үздік тамамдаған бозбала Петропавл қаласындағы К.Д.Ушинский атындағы педагогикалық институтқа оқуға түседі. Сөйтіп, география-биология пәндерінің мұғалімі болады. Қолына дипломын алған бойда бірден кір жуып, кіндік кескен жеріне оралды. Ауылдағы мектепке мұғалім болып орналасқаны сол еді әскер қатарына шақырылады. Отан алдындағы парызын өтеуді азаматтық борышы санайды. Әскерден келген бойда өзі туған аудандағы білім ошақтарының бірінде ұстаздық қызметін жалғастырды. “Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады”, – дегендей ұстаздықтан аудандағы комсомол ұйымының бірінші хатшысы қызметіне ауысады. 23 жастағы жігіттің мұндай жауапты қызметке ұсынылуы керек болатын. Кейін Алматыдағы жоғары партия мектебін қызыл дипломмен тамамдауы да азаматтың зеректігін, алғырлығын, іскерлігін аңғартады. Партия мектебінде білім көкжиегін кеңейтіп, біраз тәжірибе жинақтаған соң, қызметін қайта жалғастырды. Елінің, өзі туып-өскен жерінің гүлденуі үшін білек сыбана еңбек етті. Аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі, кейін жаңадан ашылған Уәлиханов аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қызылту ауданы әкімінің орынбасары сынды бірталай жауапты қызметтер жүктелді.
Ел егемендікке қол жеткізген соң бұрынғы Көкшетау облыстық мәдениет басқармасының басшысы қызметін абыроймен атқарды. 1997 жылы бұрыннан ауылы аралас, қойы қоралас Солтүстік Қазақстан мен Көкшетау облыстары біріктірілді. Сол тұста көрші өңірден талай азамат жұмыс бабымен Қызылжарға қоныс аударғаны белгілі. Елдің шетінде, желдің өтінде тұрған өңірге қоныc аударған Амангелді Балмұқановқа облыстық мәдениет департаменті басшысының орынбасары, кейін осы саланың басқарма басшысы сияқты лауазымды қызметтер жүктелді. Облысты әр жылдары басқарған Даниял Ахметов, Қажымұрат Нағыманов, Анатолий Смирнов, Тайыр Мансұров сияқты әкімдермен қоян-қолтық жұмыс істеген оның өмірде көргені көп, түйгені де мол. Жаңа мыңжылдыққа қадам басқан тұста елдің экономикасын ғана емес, мәдениет саласын да бірізді ету оңай болмады.
– Жұмысты жан-тәнімен сүйіп істеген адам қиналмайды. Егер көңілің қаламаса, тиіп-қашып істейсің. Мұндай жұмыстан ләззат алмайсың. Сондықтан жастарға өз мамандығын, кәсібін жақсы көруге кеңес беремін. Әрине, өмір болған соң түрлі кедергілердің орын алуы заңдылық. Бірақ сынаққа сынып кетпеу керек, – деген Амангелді Қонайұлы аталмыш салада атқарған жұмыстарымен аз-кем бөлісіп өтті. Бір кездері гастрольдік сапармен Үндістанға дейін барған өнерпаздарға барынша жағдай жасаған басшының бұл салаға сіңірген еңбегі аз емес. Апта сайын аудандарды аралап, шығармашылық ұжымдардың жағдайын назардан тыс қалдырмады. Ұлттық мәдениетімізді, құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында “Әдемі-ау” би ансамблін құруға мұрындық болды. Бұған дейін қазағынан қонағы көп Қызылжар қаласындағы шығармашылық ұжымдардың арасында бірде-бір қазақи нақышта би ансамблі болмағанын ескеру қажет. Облыстың мәдениет саласына жетекшілік еткен кезеңде үш мәрте республикалық театр фестивалін, екі рет ақындар айтысын өткізіп, кенжелеп қалған салаға жан бітірді.
Ел ауқымында жыл бойы, аптаның жеті күнінде түрлі аудиторияларда, кітапханалар мен музейлерде, мәдениет сарайларында, стадиондар мен қала алаңдарында үздіксіз өтіп жататын сан түрлі мазмұндағы, ірілі-ұсақты, алуан сипат-көріністі мәдени іс-шараларды, концерттер мен қойылымдарды, көрмелер, шығармашылық кештерді, кездесулерді асқан жауапкершілікпен, көпшіліктің көңілінен шығатындай тап-тұйнақтай атқарып шығу – мәдениет саласы қызметкерлерінің әдепкі жұмысы, сан-салалы қызметінің бір сәті ғана. Мұның бәрі айтуға ғана оңай. Оның артында басшылықтың ұйымдастырушылық қызметінен, қызметкердің орындаушылық жауапкершілігіне дейінгі қаншама күш-жігер, төгілер тер жатыр. Міне, мәдениет сынды жауапты саланың осыншама қиындығына қарамай Амангелді Қонайұлы аптаның әр күнінде еш тынбай еңбек етті. Әлбетте, жүйке тоздырар сәттер де болды. Оның бәрі атпалдай азаматтың денсаулығына кері әсерін тигізгені анық. Соңғы жиырма жылы аурумен арпалыста өтуде.
“Шаршадым, қолымнан іс келмейді” деп айтуды білген жоқ. Еңбекқорлық, ізеттілік, мәдениеттілік – бұл ата-ананың тәрбиесімен берілген қасиет. Әке өсиетін, ана тәлімін көрген ол әрқашан адалдықты ту етті. Өмірде басты ұстанымы да осы. Әйтпесе, әлдеқашан зәулім сарай тұрғызып, үлде мен бүлдеге оранып отырар еді ғой. Бірақ ол абыройды бәрінен биік қойды.
– Әкем жауапты қызметте жұмыс істесе де, ата-анамыз өте қарапайым, кішіпейіл адамдар болатын. Анамның дастарқаны еш жиылмайтын. Өйткені үйден қонақ үзілген емес. Өнерпаздар жиі келетін. Әкеміз балаларының құлағына біреудің ала жібін аттамауды құйып өсті. Осы сөз менің жадымда мәңгі жатталып қалды. Жауапты қызметтерде жұмыс істегенде, әке өсиетін жадымнан шығарған емеспін. Мемлекет меншігіне қол сұғудан құдай сақтасын. Зайыбым екеуіміз де адал еңбек еттік, – деді ол.
Үйден қонақ арылмауының бір себебі әкесі де өнерге жақын адам болған екен. Кезінде қоңыр даусымен ән шырқаса, марқұм ағасы Совет те жас күнінде облыстық, республикалық дәстүрлі әншілер байқауының лауреаты болғанын біреу білсе, біреу білмес. Негізі бауырларының барлығы өнерден қара жаяу емес.
Адами қалыптан ауытқымаған, ардан аттамаған азамат қызметтен кетсе де, әлі де өңірдің мәдениет саласына алаңдап отырады. Аға буынның өнегесін көрген әріптестері де жанашырлықпен қарап, түрлі кездесулерден қалдырмайды.
Асыл жары Шолпан екеуі бір шаңырақ астында жарты ғасырдан астам тату-тәтті өмір сүріп, 4 бала тәрбиеледі. Марал, Айгүл, Мереке, Батыр есімді ұл-қыздарының бәрі – жоғары білім иелері. Қазір түрлі салада еңбек етуде. Өкінішке қарай, құдай қосқан қосағы әлемді жайлаған індет салдарынан төрт жыл бұрын келместің кемесіне мініп кетті. Қартайғанда сыңарынан айрылған аққудай жарына деген сағынышы бір бөлек. Ақсақалдың ендігі ең басты тілегі – елдің тыныштығы, бала-шағасының амандығы.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.