“Ел боламын десең бесігіңді түзе” деген халқымыздың даналығының астарында бүтін бір мемлекеттің болашағы жатыр. Ұрпағын тәй-тәй басқаннан адалдық пен еңбекқорлыққа тәрбиелейтін бабалар тәлімі бүгінде “Адал азамат” жобасының мақсатымен ұштасуда.
Осы бағытта Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының ақсақалдар кеңесі ауқымды жұмыс атқарып жатыр. Бұл жайында Достық үйінде өткен “дөңгелек үстел” басында айтылды.
Басқосуға тәртіп сақшылары, ассамблея өкілдері және қоғам белсенділері қатысты. Жиында түрлі мәселелер жайлы сөз қозғалып, алдағы жартыжылдыққа жұмыс жоспары бекітілді.
– “Адал азамат” жобасы қоғамда бірлік пен тұрақтылық, әділдік пен ынтымақтастық, заң мен тәртіп және сенім мен жауапкершілік құндылықтарына негізделген жаңа этиканы одан әрі қалыптастыруға бағытталған. Біз осыны іске асыру үшін түрлі шаралар ұйымдастырып жатырмыз. Аудандарға да жиі барып, тұрғындармен кездесулер өткіземіз, – деді Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов.
Жиынға тәртіп сақшыларының қатысуы бекер емес. Себебі қоғам мүшелерімен әрқашан байланыста болатын олар өзгелерге адалдығымен үлгі болуы тиіс. Алдағы уақытта да ақсақалдар кеңесінің мүшелері түрлі ұйымдарды аралап, адал азамат ұғымы жайында кездесулерді жалғастырмақ.
Нұрасыл АХМЕТ.