М.Қозыбаев атындағы СҚУ мамандары құжат қабылдап жатыр. Биыл жергілікті білім ордасына 1150 талапкер грантқа түскен. 500 грант Аризона университетімен бірлесе қолға алынған бағдарламаларға бөлініп отыр. Бұл былтырғы жылға қарағанда әлдеқайда көп.
М.Қозыбаев атындағы СҚУ қабылдау департаментінің директоры Гүлмира Оспанованың айтуынша, педагогикалық мамандықтарға 200 грант бөлініпті. Жетім балалар мен мүгедектер де назарсыз қалмаған.
Грантқа түсе алмаған талапкерлердің де тегін оқуға мүмкіншіліктері бар. Себебі, биылғы жылы облыс әкімі мен Freedom банкі атынан 70 грант бөлінген. Ал өздерін грант тізімінен таба алмаған түлектер тамыз айының 25-іне дейін ақылы бөлімге құжаттарын тапсыра алады. Білім ордасында жатақхана мәселесі де шешімін тапқан. Биыл 3 жатақхана қолданысқа берілмек.
Жергілікті университетті таңдап, жаңа өмірге нық қадам басқандардың бірі – Айдана Омарова Астана қаласынан келген. Жігерлі жас білім ордасында “Биотехнология” мамандығына оқитын болады. Ол М.Қозыбаев университетін қос дипломдық бағдарлама үшін таңдағанын жасырмады.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.