Қалалық жастар ресурстық орталығының еріктілері “Мансап” ұйымының мамандарымен бірлесіп, бос орындар жәрмеңкесін өткізді. Шараға жұмыссыз жүрген жүзге тарта жас келді.
– Оқуын аяқтаған, қолына дипломын алған жастар көп жағдайда жұмыссыз қалады. Бүгінгі жәрмеңке – тұрақты табыс көзін табуға жақсы мүмкіндік, – деді қалалық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Дамир Әбдин.
Жастарды жұмыспен қамтуда мемлекет тарапынан да қолдау шаралары қарастырылған. “Жасыл ел”, “Жастар тәжірибесі”, “Бірінші жұмыс орны” және “Ұрпақтар келісімшарты” сынды жобалар – соның дәлелі. Мамандардың айтуынша, бұндай бастамалар – өмірден өз орнын тапқысы келген жастарға бағыт-бағдар беруде таптырмас құрал.
– “Жасыл ел” – 14 пен 35 жастағы жандар үшін қолайлы бағдарлама. Еңбек етеді, нәпақа табады, тәжірибе жинайды. Дегенмен өзіме ыңғайлы, табысы мол жұмысқа орналасқым келеді. Жұмыс ұсынып отырған мамандармен сөйлестім, сұрақтарыма жауап алдым, – деді “Жасыл ел” жасағының мүшесі Николай Языков. Қазір ол студент болса да, жазғы демалысты бос өткізбей, “Жасыл ел” жасағында еңбек етіп жүр.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.