Аққайың ауданындағы Шағалалы ауылында алдағы егін жинау науқаны қарсаңында “Дала күні” өтті. Шараға облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов, аудан әкімдері, ғылыми қоғамдастық мүшелері, ауыл шаруашылығы кеңесі, серіктестік басшылары, мемлекеттік органдар мен қаржы институттарының өкілдері, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткізушілер қатысты.
Мемлекет басшысы 5 жыл ішінде ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру міндетін қойды. Оны орындау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Егістік әртараптандырылып, майлы дақылдар мен жасымық, қарақұмық, картоп сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдар алқабы ұлғайтылды. Топырақ құнарлығын арттыру мақсатында 257 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда көп. Сондай-ақ тұқымды жаңарту, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңғырту жүргізілуде.
Заманауи ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесі ұйымдастырылды. Мемлекет тарапынан шаруаларға қажетті көмек көрсетілуде. Биыл ауыл шаруашылығын субсидиялауға 60 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. Аграрлық салаға жаңа технологиялар енгізілуде. Дала күні қатысушыларына бидай тұқымын өсіретін питомниктер, тұқымдардың сипаттамалары және себу мерзімі таныстырылды. Біздің өңірдің ерекшеліктеріне сай “Семеновна” жаңа бидай сорты шығарылды.
“Әрбір ауыл шаруашылығы жылының өзіндік ерекшеліктері бар, осыған байланысты егін жинау науқанында ғалымдардың ғылыми әзірлемелері мен ұсыныстарын қолдану мәселелері өзекті болып қала береді. Пленарлық отырыс барысында ғалымдар мен мамандар орақты оңтайлы мерзімде өткізудің ғылыми ұсыныстарын айтты. Диқандар биыл ауа райының күрделі екенін ескеруі қажет, егінді қысқа мерзімде және аз шығынмен жинауға барынша дайындық қажет”, – деді өңір басшысы.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.