Облыста полицейлер “Мас жүргізуші” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Екі күн ішінде 617 құқық бұзушылық анықталып, 18 мас жүргізуші ұсталды. Тексеріс барысында Набережная көшесінде скутер жүргізушісінің қылығы күдік туғызған. Оны тәртіп сақшылары тоқтатқан кезде 44 жастағы азаматтың көлік құралын басқаруға құқығы жоқ екені және ащы судан ұрттағаны белгілі болды. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 6-бөлігі бойынша хаттама толтырылып, 20 тәулікке қамауға алынды.
Осы сияқты құқық бұзушылық Ақжар ауданында да тіркелді. 47 жастағы көлік иесі ауыл көшелерінің бірінде бағанаға соғылған. Оқиғаны тәртіп сақшыларына елді мекен тұрғындары хабарлаған. Полиция департаментінің қызметкерлері оқиға орнына бірден жетті. Нәтижесінде “Mercedes-Benz” автокөлігін тізгіндеген жүргізушінің ішімдікке сылқия тойып алғаны анықталды. Сот шешімімен ер адам 15 күнге қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды.
Жалпы жыл басынан бері облыста 660 мас жүргізуші ұсталған.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.