Қыстың суығына, жаздың ыстығына қарамай тер төгетін құрылысшылар қашан да құрметке лайық. Әсіресе, биылғы көктемгі су тасқынынан кейін құрылыс жұмысы қызып, осы саланың мамандарына сұраныс күрт артты. Баспана салуға да, оларды жөндеуге де білікті мамандар жер-жерден тартылды. Облыс орталығы мен аудандардағы баспаналарды жөндеуге “СК Евростой” ЖШС да кіріскен. Бүгінге дейін бірнеше баспананы қалпына келтіріп, иелеріне тапсырып үлгеріпті.
Ресми түрде серіктестік осыдан төрт жыл бұрын құрылғанымен, оған дейін де шатырларды жаңғырту жұмыстарымен айналысқан. Кейін қызмет аясын кеңейтіп, баспананы толық жөндеп бере алатын деңгейге көтерілген. Олардың бұл біліктілігі су тасқыны кезінде су басқан үйлерді қалпына келтіруде ұтымды пайдаланылып жатыр. Құрамында 80 адам еңбек етіп жатқан серіктестіктің құрылыс бригадалары осы күнге дейін Петропавл қаласының Заречный, Ойқала, Косогор шағынаудандарында және Қызылжар ауданының үш ауылында жұмыс істеген. Серіктестік басшысы Сақтаған Жақсылықтың айтуынша, әр үйді жөндеу жұмысына 4-5 адамнан жұмылдырылған. Бір уақытта 15 бригада әр жерде жұмыс істеп жатыр.
Мәселен, қазір серіктестіктің құрылысшылары Тепличное ауылының тұрғыны Валентина Богородскаяның үйін қалпына келтіруде. 73 жастағы зейнеткердің баспанасы шатырына дейін суда қалған. Қамыстан тұрғызылған үйдің іші-сыртына зақым келген.
– Үй жарты ай бойы су астында тұрды. Маусым айының басында үйімізге келгенде қатты уайымдадым. Кейін әкімдіктен адамдар келіп, бағалау жұмыстарын жүргізді. Бұл үдеріс те біраз уақытты алды. Қазір өзім қалада пәтер жалдап тұруға мәжбүрмін, – дейді Валентина Богородская.
Құрылысшылар жөндеу жұмысын бірер күн бұрын ғана бастапты. Тұрғын үйді қалпына келтіруге 4 адам жұмылдырылған. Баспананың қабырғасы мен еденін толық ауыстыру керек. Бастан аяқ жөндеуді талап ететін үй тамыздың соңына қарай тапсырылады деп жоспарланып отыр. “СК Евростой” ЖШС-ның басшысы Сақтаған Жақсылық құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес және сапалы орындалуы үшін жұмысшылардың еңбегін лайықты бағалау керек екенін айтты. Себебі еңбекақысын уақытылы және көңілге қонымды көлемде алған маман адал еңбек етеді.
Ақжүніс МҰҚАТАЙ.