Париж Олимпиадасының қатысушысы, солтүстікқазақстандық велошабандоз Алексей Луценко туған жеріне оралып, жанкүйерлерімен қауышты. Кездесуді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы Петропавлдағы Спорт сарайында ұйымдастырды.
Төрт жылда бір рет өтетін байрақты бәсекеде Алексей Луценко командалық велододада бақ сынады. Жерлесіміз 272 шақырым жолды 52-ші болып аяқтады. Ол аталмыш қашықтықты 6 сағат 26 минут ішінде жүріп өтті.
– Олимпиадада жүлдеден үмітті едім. Өкінішке қарай, еліме медаль сыйлай алмадым. Осыған дейін “Тур де Франс” жарысында жарақат алдым. Сол себепті мен бір жұма дайындалған жоқпын. Бұл да әсерін тигізді деп ойлаймын. Десе де әлі алда жарыстар бар. Онда көк туымызды желбіретемін, – дейді Алексей Луценко.
Кездесуге Алексей Луценконың алғашқы бапкері Виктор Потапов та қатысты. Оның сөзінше, шәкірті әлі бабында, сондықтан келесі Олимпиадаларда жерлесімізді көріп қалуымыз мүмкін. Енді спортшы бір апта тынығып, кейін әлем чемпионатына дайындықты бастамақ.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.