Құрылысшы күні қарсаңында облыстық әкімдікте салтанатты жиын өтті. Шараға қатысқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов кәсіби мереке иелерін құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.
Соңғы жылдары өңірімізде құрылыс қарқыны артты. Нәтижесінде пәтер кезегінде тұрғандар мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болуда. Бұған қоса облыста әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Аудандарда медицина мекемелері мен спорт кешендері тұрғызылса, Петропавлда жаңадан “Бірлік” шағынауданы пайда болды. Онда су тасқынынан зардап шеккен отбасылар қоныстануда.
– Табиғи апаттан 4 мың жеке тұрғын үй, 6 мыңнан астам саяжай учаскесі су астында қалды. Бүгіндері су тасқынының зардабын жою жұмыстары жалғасуда. Құрылысшыларымыз оған белсенді атсалысып, санаулы уақыттың ішінде жаңа баспаналарды тұрғызды. Мәселен, биыл қайырымды жандар мен “Қазақстан халқына” қорының қаржылай қолдауымен Петропавлда жаңадан “Бірлік” шағынауданы пайда болды. Бұл жерге жылжымайтын мүлкінен айырылғандар қоныстанып жатыр.
Қазіргі уақытта жоспарланған 700 баспананың 285-нің кілті берілді. Барша құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Олардың еңбегі елеусіз қалмайды, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Өңір басшысы өз сөзінде қысқа уақыт ішінде су тасқынынан зардап шеккендерге көмекке келген барлық құрылыс компанияларының өкілдеріне, қаржылай демеу көрсеткен кәсіпорындар мен ерікті жандарға алғысын білдірді. Жиында белгілі болғандай, қазіргі күні облыста 170 әлеуметтік маңызы бар нысан тұрғызуда немесе жөндеуден өтуде.
Салтанатты шара барысында құрылыс саласында еңбек етіп жүрген бір топ азамат Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында “Основание” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тас қалаушысы Максим Иванов та бар.
– Құрылысшы күні қарсаңында еңбегім еленгеніне қуаныштымын. Біздің компания қысы-жазы көпқабатты үйлер салудан жалыққан емес. Нәтижесінде тұрғындар көптен күткен шаңырақтарына ие болуда. Олардың жүздеріндегі қуанышты көргенде жаным рақатқа бөленеді. Әлі талай отбасыға сапалы үй тұрғызамыз деп ойлаймын, – дейді тас қалаушы.
Сондай-ақ мерекеге орай облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты да табысталды. Өз кезегінде марапатталғандар өңір басшысы Ғауез Торсанұлын кәсіби мейраммен құттықтады. “Стадия” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгері Игорь Киселев облыс әкімі Қазақстанның құрметті құрылысшысы екенін атап өтті. Шара соңында төл мереке иелері естелік суретке түсті.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.