«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚҰРЫЛЫСШЫЛАРҒА ҚҰРМЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Құрылысшы күні қарсаңында облыстық әкімдікте салтанатты жиын өтті. Шараға қатысқан өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов кәсіби мереке иелерін құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

Соңғы жылдары өңірімізде құрылыс қарқыны артты. Нәтижесінде пәтер кезегінде тұрғандар мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспаналы болуда. Бұған қоса облыста әлеуметтік нысандар бой көтеріп жатыр. Аудандарда медицина мекемелері мен спорт кешендері тұрғызылса, Петропавлда жаңадан “Бірлік” шағынауданы пайда болды. Онда су тасқынынан зардап шеккен отбасылар қоныстануда.

– Табиғи апаттан 4 мың жеке тұрғын үй, 6 мыңнан астам саяжай учаскесі су астында қалды. Бүгіндері су тасқынының зардабын жою жұмыстары жалғасуда. Құрылысшыларымыз оған белсенді атсалысып, санаулы уақыттың ішінде жаңа баспаналарды тұрғызды. Мәселен, биыл қайырымды жандар мен “Қазақстан халқына” қорының қаржылай қолдауымен Петропавлда жаңадан “Бірлік” шағынауданы пайда болды. Бұл жерге жылжымайтын мүлкінен айырылғандар қоныстанып жатыр.

Қазіргі уақытта жоспарланған 700 баспананың 285-нің кілті бе­рілді. Барша құрылысшыларды кәсіби мерекелерімен құттықтаймын. Олардың ең­бегі елеусіз қалмайды, – деді об­лыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.

Өңір басшысы өз сөзінде қыс­қа уақыт ішінде су тасқынынан зар­дап шеккендерге көмекке келген барлық құрылыс компанияларының өкілдеріне, қаржылай демеу көр­сеткен кәсіпорындар мен ерікті жандарға алғысын білдірді. Жиын­да белгілі болғандай, қазіргі күні облыста 170 әлеуметтік маңы­зы бар нысан тұрғызуда немесе жөндеуден өтуде.

Салтанатты шара барысын­да құрылыс саласында еңбек етіп жүрген бір топ азамат Өнер­кәсіп және құрылыс министрлігінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапат­тал­ды. Олардың қатарында “Основание” жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігінің тас қалаушысы Максим Иванов та бар.

– Құрылысшы күні қарсаңында еңбегім еленгеніне қуа­ныштымын. Біздің компания қы­сы-жазы көпқабатты үйлер салудан жалыққан емес. Нәти­же­сінде тұрғындар көптен күткен ша­ңырақтарына ие болуда. Олардың жүздеріндегі қуанышты көргенде жаным рақатқа бөленеді. Әлі талай отбасыға сапалы үй тұрғызамыз деп ойлаймын, – дейді тас қалаушы.

Сондай-ақ мерекеге орай об­лыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты да табыс­талды. Өз кезегінде марапатталғандар өңір басшысы Ғауез Торсанұлын кәсіби мейраммен құт­тықтады. “Стадия” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің заңгері Игорь Киселев облыс әкімі Қазақстанның құрметті құрылыс­шысы екенін атап өтті. Шара соңында төл мереке иелері естелік суретке түсті.

Аманжол НҰРТАЗИН,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp