Өңірімізде былтыр шамамен 2,6 мың адам зейнетақы қорындағы жинақтың шекті сомадан асқан бөлігін пайдаланбақ болды. Олардың 1,7 мыңы 9 млрд. 147 млн. соманы баспана алуға жұмсау үшін өтініш берген.
Елімізде 2021 жылдан бастап зейнетақы жинағының шекті сомадан асқан бөлігін мақсатты түрде жұмсауға, яғни баспана алуға немесе ипотекалық несиені жабуға, емделуге және инвестициялауға рұқсат берілген. “Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры” АҚ облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, былтыр 1731 адамнан 9 147 млн. теңгені тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін жұмсауға 2 895 өтініш түскен. Оның ішінде 1590 адамның 3275 млн. теңге сомасына өтініші орындалды. Бірақ 510 адамның 896 млн. теңгесі қорға қайтарылған.
Биыл жарты жылда жинақтағы артылған соманы баспана алуға жұмсауға 824 адамнан 1505 өтініш түскен, жалпы сома – 2037 млн. теңге. Бірақ 246 адамның өтініші бойынша 385 млн. теңге қордағы жеке есепшоттарына қайтарылды.
Өңір тұрғындары зейнетақы жинағының бір бөлігін емге жұмсаған. Мәселен, былтыр 815 адам өтініш білдірсе, биыл 341 адам жинақтағы артылған соманы еміне жұмсамақ болды.
Былтыр зейнетақы жинағының шекті сомадан асқан бөлігін жеке басқарушы компанияларға басқаруға беруге 85 адам өтініш білдірген. Осылайша 108 млн. теңгесін инвестицияламақ болған. Олардың 82-сінің өтініші мақұлданды. Биыл 148 млн. теңгесін 98 адам компаниялардың басқаруына бергісі келсе, солардың 96-сының өтініші оң шешілді. Бір адамның 7 млн. теңгесі өз өтініші бойынша қордағы жеке есепшотына қайтарылды.
“Қазіргі уақытта “БЖЗҚ” АҚ бес жеке басқарушы компаниямен зейнетақы активтерін сенімгерлік басқару туралы шартқа отырған. Олар – “Jusan Invest” АҚ, “Halyk Global Markets” АҚ, “BCC Invest” АҚ, “Сентрас Секьюритиз” АҚ және “Halyk Finance” АҚ.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.