Франция астанасы – Париждегі жазғы Олимпиада ойындары да өз мәресіне жетті. Төртжылдықтың басты бәсекесінде Қазақстан құрамасы жеті медальға қол жеткізіп, жарысты 43-ші орынмен аяқтады.
Биыл Олимпиадаға алғаш рет брейкинг енгізіліп, спорттың бұл түрінен жарыста Қазақстан намысын солтүстікқазақстандық Әмір Зәкіров өнер көрсетті. Жерлесіміз топтық кезеңде екі қарсыласын сенімді ұтып, ширек финалға шықты. Өкінішке қарай, бұл кезеңде петропавлдық биші әлем чемпионы, америкалық “Victor” есімді бишіден айласын асыра алмады.
– Осы жолғы жарысқа достарыммен бірге тіккен футболкамен шықтым. Онда балалық шағым өткен Петропавлдағы Жұмысшы кентінің картасы бейнеленген. Осыдан 5 жыл бұрын үйіміз өртеніп, әкем мен атам қаза тапқан. Өзімнің жүріп өткен жолымды және отбасымды көрсету мақсатында мұндай киімді киіп, өнерім арқылы сырыммен бөлісе алдым деп ойлаймын, – деді Әмір Зәкіров.
Брейкингтен өткен ерлер жарысында барлығы 16 спортшы сынға түсті. Жерлесіміз бұл сында сегіздікке кірді.
Әлем жұртшылығы көз тіккен додада ұлттық құрама спортшылары 25 спорт түрінен сынға түскен болатын. Отандастарымыз ел қоржынына 1 алтын, 3 күміс, 3 қола медаль салды. Олимпиаданың алғашқы күнінде дзюдодан 60 келі салмақта өнер көрсеткен Елдос Сметов бірінші орынға қол жеткізсе, күміс жүлдені спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінен 77 келі салмақта белдескен Демеу Жадыраев және бокстан 80 келі салмақта жұдырықтасқан Нұрбек Оралбай жеңіп алды.Нысана көздеуден командалық жарыста тапаншамен 10 метрден ату сынында Ислам Сәтпаев пен Александра Ле, дзюдодан 66 келі салмақтағы Ғұсман Қырғызбаев және әйелдер боксынан 51 келі салмақта ел намысын қорғаған Назым Қызайбай үшінші орынға табан тіреді.
Осыдан төрт жыл бұрынғы Токио Олимпиадасында Қазақстан құрамасы 8 қола медальмен шектелген болатын.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.