Облысқа жұмыс сапарымен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова келді. Сапар барысында министр өңірде медицина саласында атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, өңір тұрғындарымен кездесті.
Тұрғындармен кездесуде еліміздің бас дәрігері Қазақстандағы медицина саласының дамуы туралы баяндама жасады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде ауылдық медицинаның әлеуетін арттыруға баса көңіл бөлінген. Екі жылда 650 алғашқы-медициналық көмек көрсету пункті салынбақ. Оның 99-ы өткен жылы қолданысқа берілсе, биыл 556 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарлануда. Қызылжар өңіріне алғаш рет келген министрдің айтуынша, облыстағы аудандық емханалар мен ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту қажет. Бұл бағытта министрлік тарапынан қолдау болатынын айтты.
– Тиісті медициналық мекемелерде атқарылып жатқан жұмыстардың есебін тыңдадым. Әрине проблемалар жоқ емес. Нормативтік-құқықтық актілердің кейбір тұстарын халықтың көтеріп отырған мәселелеріне сай өзгерту қажет. Бұл жұмысты біз бастап кеттік. Сондықтан ең басты міндетіміз халыққа сапалы, қолжетімді медициналық көмек көрсету, – деді Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Кездесуде министр өңір тұрғындарының сұрақтарына жауап берді. Ведомство басшысына алғашқылардың бірі болып сұрақ қойған өңір тұрғыны Қайрат Дүйсенбі қарындасы екі жыл бұрын өкпе ауруына шалдыққанын айтты. Науқасқа ота жасалып, өкпесінің жартысы алынып тасталған. Шал ақын ауданында тұратын науқас өткен жылы қайта ем алу мақсатында Петрпавлдағы онкологиялық ауруханаға жатуы керек болған екен. Бірақ дәрігерлер тиісті сараптамаларды тек аудандық ауруханада тапсыратынын айтып, емделушіні қайта Шал ақын аудандық ауруханасына жіберген.
– Сергеевкаға бара жатқан жолда қарындасым өзін жайсыз сезінді. Амалсыздан сараптама жасауға тура келді. Алайда кешке жағдайы нашарлап, “Жедел жәрдем” шақырдық. Алғашқы медициналық көмек көрсетілгенімен, ауруханаға алып кетпеді. “Жаман аурумен” ауыратын науқасты әкетпеуге бұйрық барын айтқан медициналық қызметкерлердің бұл ісі түсініксіз. Ол сонда қандай ведомстволық бұйрық болуы мүмкін? – деді зейнеткер Қайрат Дүйсенбі. Денсаулық сақтау министрі зейнеткерден өз әріптестерінің атынан кешірім сұрап, бұндай заң жоқ екенін айтты.
Кейін еліміздің бас дәрігеріне муковисцидоз ауруымен ауыратын балалардың ата-аналары жүгінді. Бұл – өмірлік маңызды ағзалар мен жүйелердің, экзокринді бездердің зақымдануымен сипатталатын қауіпті аурулардың бірі. Ата-аналардың айтуынша, бұл аурумен ауыратын балалар арнайы терапиядан өтулері керек. Ал бұл ем-дом шарасына жылына 125 миллион теңгеге жуық қаржы жұмсалады.
– 2012 жылы бүкіл елде муковисцидоз ауруымен ауыратын балалар таргетті терапия ала бастады. Елімізде бұл ауруға шалдыққан 50 балаға “Қазақстан халқына” қоры есебінен қажетті ем-дом жүргізіледі. Ал менің баламның олардан несі кем? Бұл аурумен ауыратын балаларға қайырымдылық қорларын қоспағанда елімізден қандай көмек көрсетіледі? Қаражат бөліне ме? – деді қала тұрғыны Валерия Кудрявцева. Өз кезегінде Ақмарал Әлназарова бұл түрлі халықаралық тәжірибелерге сүйене отырып емделетін ауру екенін айта келе, муковисцидоз ауруымен ауыратын науқастарға берілетін дәрілер Денсаулық сақтау министрлігі жанынан құрылған комиссия мүшелерінің рұқсатымен, олардың бақылаумен ғана берілетінін жеткізді. Министр бөлінген қаражатты тиімді пайдалану маңызды екенін айтып, ем-домды кімдер алатынын, дәрілер кімге берілетінін арнайы комиссия мүшелері шешетінін сөз етті. Ал өтінішпен келген тұрғынның мәселесін жауапты мамандармен бірге қарастырып көруге уәде етті.
Жалпы біздің облыста бұл аурумен ауыратын 6 бала бар екен. Оларға облыстық балалар ауруханасында арнайы төсектер қарастырылғанын атап өту қажет.
Жұмыс сапары барысында Ақмарал Әлназарова өңірдегі медициналық ұйымдардың жұмысымен де танысты. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовпен бірге Қызылжар аудандық ауруханасында болып, 250 орындық жаңа емхана салу жоспарына айрықша назар аударды. Аталмыш ауданда 48 мың тұрғынға түрлі көмек түрлерін ұсынатын 59 медициналық ұйым жұмыс істейді.
Сапар барысында министр дәрігерлермен медициналық кадр тапшылығы, әлеуметтік қолдау және ауылдық денсаулық сақтау нысандарын жарақтандыру мәселелерін талқылады. Ведомство басшысы медициналық көмектің сапасын арттырудың және халықпен профилактикалық жұмыстың маңыздылығын, сондай-ақ ауылдық медициналық ұйымдардың инфрақұрылымы мен материалдық-техникалық базасын жақсарту қажеттігін атап өтті. “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” ұлттық жобасы аясында өңірдің елді мекендерінде 38 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны, соның ішінде 22 медициналық және 16 фельдшерлік-акушерлік пункт салынып жатыр.
Денсаулық сақтау министрі жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте тілшілер тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді. Облыс орталығында 2019 жылы жаңа аурухананың құрылысы басталған болатын. Алайда бірер жыл бұрын пайдалануға берілуі тиіс медициналық кешеннің құрылысы сиырқұйымшақтанып кетті. Министр тілшілерге құрылысы бес жылға жуық жүріп жатқан облыстық аурухананың бүгінгі жағдайы туралы айтып, түрік инвесторларымен тілдескенін жеткізді. Жыл соңына дейін монолиттік жұмыстар аяқталмақ. Аталмыш кешеннің 2025 жылдың соңы, 2026 жылдың басында қолданысқа берілетіні айтылды.
Жансая ҚАЙЫПОВА.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.