Биыл Уәлиханов ауданында жаңа емхана мен бассейн ашылады. Бұл туралы өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтің облыс орталығынан шалғай жатқан Уәлиханов ауданына жұмыс сапары барысында белгілі болды.
Облыс әкімі алыс аудандағы инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу жайын тексерді. Уәлиханов ауданындағы өзекті мәселелердің бірі – жол. Дәуіт ауылынан Кішкенекөлге дейінгі жолға күрделі жөндеу жүргізілуде. Кішкенекөлден Ресей Федерациясы шекарасына дейін орташа жөндеу басталады. 35 шақырымды құрайтын Өндіріс-Жұмысшы-Мырзағұл облыстық жолы жөнделіп, елді мекендер арасындағы қатынас жақсармақ.
Сондай-ақ мұнда су тасқыны кезінде зардап шеккен көпір қалпына келтірілуде. Ақтүйесай ауылында 11 көшеге асфальт төселініп жатыр. Сонымен қатар ауылда фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда. Аудан орталығы Кішкенекөлде бірқатар маңызды әлеуметтік нысандар пайдалануға берілмек. Солардың бірі – заманауи емхана мен спорт залы бар жабық бассейн. Аудан орталығында стадион мен мектеп те күрделі жөндеуден өтуде.
Өңір басшысы “Жолдасбай Агро” серіктестігінің егістік алқабында және астық қабылдау нысанында болып, Уәлиханов ауданының шаруаларымен кездесті. Сонымен қатар Ғауез Нұрмұхамбетов Ақжар ауданындағы Бостандық-Киевское жолындағы жөндеу жұмыстарын бақылап, Талшық пен Тайыншадағы орталық қазандықтың жылыту маусымына дайындығын тексерді. Тайынша ауданында бөдене фермасы мен “Alabota GCK” ЖШС-ның мал тұқымын асылдандыру кешенінде болды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.