«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Алыстай береді екен арман ұзап

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru




Ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Серғазы Қайырболды 1995 жылы 4 желтоқсанда Солтүстік Қазақстан облысы, Ақжар ауданы, Жаңаауыл елді мекенінде туған. Алғашқы өлеңдері студенттік шағында “Әдебиет порталы”, “Мәдениет порталы”, “Ұлт.kz”, “Қаламгер.kz” сайттарында, “Адырна” республикалық әдеби-танымдық журналында, көкшетаулық жас ақындар антологиясында жарияланған. 2018 жылы “Post Scriptum” атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрген. Оқырман назарына ақынның топтама өлеңдерін ұсынып отырмыз.

Ауыл суреттері

Шешей жүр қымыз пісіп, қышқыл дәмі,

Алыста мас әкейдің ысқырғаны,

Көкжиек – албырттанып батқан іңір –

Көлдегі қызыл бауыр құстың қаны.

Кемпір жүр жасын жұтып, дәмі кермек,

Барады домалатып шалы дөңбек.

Тамағы жыбырлаған қара мұржа,

Түтіні намазшамға салып өрнек.

Бақшада салып кеткен есек ойран,

Келіншек қуалайды көше бойлап.

Сүйеніп қу шарбаққа қос абысын,

Қарайды пісте шағып, өсек ойлап.

Үстінде орық аттың арық адам,

Күшігін айтақтайды сары бала.

Бәкісін қайрап отыр кәрі молда,

Өмірі садақаға жарымаған.

Көбелек отты айналып жалпылдайды,

Жалпылдайды, ыстықтан тартынбайды.

Шатырға қонақтаған қарға ғана,

Бірдеңе білетіндей қарқылдайды.

Жылқышы

Айлы түнде жылқы болды баққаным,

Айғызкөлде түлкі болды атқаным.

Ай маңдайлы Ақбақайды көрдің бе,

Ай астында шашын тарап жатқан Үр.

Үрдің әнін күндіз тыңдап, кеш тыңдап,

Қулыкөлдің жағасында кештім бақ,

Жез тағалы Жезкүреңді көрдің бе?

Әй, Жезтырнақ, Жезтырнақ!

Қарасудың бойы толы үрейге,

Қарасудың жағасында түнейді ел,

Сүлікқара кетіп еді суатқа,

Көрдің бе оны, су иесі Сүлеймен?

Шер толқыған шегір көзді қара түн,

Жықпылтаудың жын жайлаған қолаты.

Әй, Бекторы!

Уа, Бекторы!

Бекторы!!!

Қайда менің шегір көзді торы атым?!

Сақ-сақ күлді ну қоғалы сайда су,

Соқпақ жолдар – Көңаяқтың айласы.

Обыр отыр моласында атамның…

…Қасқа құлын, құрау-құрау, қайдасың?!

Қара жолдың бойында тұр бір кісі,

Қара томар, Күлдіргіштің күлкісі.

Пері қызы боп шықпаса игі еді-ау

Айғызкөлдің түлкісі.

АНА

Сүт қатқан қою кешінде мынау тамыздың,

Ботадай боздап сүмбіле туған тәрізді.

Қыстауда қалған бейіттер үнсіз жыласын,

Айтшы бір, Ана, Аруана жайлы аңызды.

Себелеп өтіп сүмбіле мінез жауынды,

Көшеді бұлттар мама биедей сауырлы.

Айтшы бір, Ана, Аруана жайлы аңызды,

Сағынып жүрмін аспанға көшкен ауылды.

Үніңнен сенің дүбірлі дүние дамылдап

Сәбидей бір сәт уанып қалсын дауылдар.

Бесікке жетпей шетінеп кеткен ағам да,

Ойнақтап келсін мініп ап ақбоз сағымға.

Айта бер, Ана, ошақта көжең піскенше,

Айта бер, Ана, сөз болып шықсын іштен шер.

Айта бер, Жаным, үніңді дүние тыңдасын,

Қасірет тиіп, ай көзі ағып түскенше.

ӨЛЕҢ

Қанша таңым алдымнан атты ағарып,

Қанша күнім қызарып батпақ әлі.

Мен келем көше бойлап, дүниені

Қырымен шалбарымның қаққа жарып.

Ақ өлең, қара өлең, күрең өлең,

Өлең деп өлеміз-ау жүре бере.

Біз осы дүниеге келген кезде,

Анамыз ақын бол деп тілемеген.

Жыр да өлең, өлең де өлең, дастан да өлең,

Өлеңім жарға жығып қашқан дөнен.

Аспан деген мұң дейді-ау анау ақын,

Жаңғақ қосқан шоколад – аспан деген.

Мұңды өлең, рухты өлең, көңілді өлең,

(Түйіндеп қояр екем соңын немен?)

“Өмір– абсурд” деп біреу ойбайлайды,

Сондай, сондай деймін мен өмір деген.

Алыстай береді екен арман ұзап,

Өмірдің басымызға салғаны заң.

Өгіздің мүйізінде біздің ғұмыр,

Өлеңнің ғұмырынан сәл ғана ұзақ.

АҚСАҚ ҚҰЛАН

Баяғыда…

Осы ауылда тұрғанда

“Бір той” болған бұл маңда.

Қарауылдың төрт атасы жиылып,

Қарагерді шалып жатты құрбанға.

Еміс-еміс есте қалды сол ғасыр…

Екі көзі қорғасын.

Молдабайдың әуеніне салып ап,

Хатым қылды селсәбеттің молдасы.

Не той болды, білмедім…

Ешкім бірақ сол жиында күлмеді.

Қара кемпір әлсін-әлсін еңкілдеп,

Түсініксіз мұңға малды іргені.

Ертоқымы қара қасқа бестінің,

Сықыр-сықыр, есті әніндей ескінің.

Сол бестісін аяңдатып сол тойдан,

Атам менің үйге қайтты кешқұрым.

Қарамады шайына

“Сайтан жәшік”…

Ол да қалды жайына.

Қара мойын домбырасын қолға алып,

Жалғыз күйді тарта берді қайыра.

Тарта берді талса дағы білегі,

(Қу домбыра бір сұмдықты біледі).

Қырық жамау жүрегіндей атамның,

Шанағында безілдейді жүрегі.

Жалғыз-ақ күй небәрі,

Жалғыз күйден жалықпайды неге әлі?!

Аққан жұлдыз секілденді атамның

Кеудесінде компартия медалі!

Қара домбыра…

Адуынды, екпінді!

Өр дауысын тыңдай бергім кеп тұрды.

Қос ішегі босап кетіп кенеттен,

“Балаң өлді, балаң өлді!” деп тынды.

Күзгі кеш

Сары бауыр тағы бір бесін ауды,

Сол бір жылдың көктемін есіме алдым…

Сары ала күз,

Сап-сары жапырақтар,

Сап-сары жапырақтар есік алды.

Кеш батқанша демінен Үркер еріп,

Күн де сөніп үлгерер білтеленіп.

Менің қоңыр мұңымдай маңырауық,

Аспанында ауылдың бұлт өреді.

Тағы жұмбақ жасырды сыртта тұман,

Ал ошақта нан пісті бұлт татыған.

Неге мені қалдырдың бұл мезгілге,

Мұңның тәтті шырынын ұрттатып ап.

* * *

Ол кеткенде…

бөкебаймен орап ыстық алқымын,

Қарашаның салқыны…

Өлген құстық қанымен

өлең жазып үйренген-ді нарт іңір.

Өмірімнің обалы мен сауабын

Ібілістің тәспісімен санадым.

Бұландыда бұлан атқан кештейін,

Бұлың тартып кетті содан жанарым.

Күлдеуіштің суып қалған күлінен,

Сайтанымның үңілерін біліп ем.

Қаба жалын мұң шідерлі жырымның,

Біреу өріп шықты сонда түнімен.

Ол кеткенде…

Айта да алмай себебін,

Өткен күндер,

Өшкен күндер дерегін.

Жүрек өлген жылдағыдай аяусыз

Ағыл-тегіл өлең жазғым кеп еді…

Жаздым!

Серғазы ҚАЙЫРБОЛДЫ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp