– Ескендір Есмақұлы, сұхбатымызды аға буын ұрпақ өкілі ретінде Сізді не мәселе толғандыратынынан бастасақ.
– Кеңестік кезеңде туып, тәуелсіз елдің дамуына бір адамдай атсалыстық. Әлі де аттан түскен жоқпыз. Мемлекетіміздің қалай қалыптасқанына куәміз. Егемендік алған жылдары барлығын жаңадан бастауға тура келді. Әлбетте, аяққа тұрып кету оңай болмады. Жұмыссыздық, жоқшылық, азық-түлік тапшылығы сынды бірқатар қиындықтарды басымыздан кештік. Жалақы мен зейнетақы айлап кешіктіріліп берілетін. Соған қарамай еліміз еңсесін тіктеп, алға қадам басты. Қандай қиын жағдай болса да халқымыздың кең пейілі мен сенімінің арқасында бірталай жетістіктерге қол жеткізудеміз.
“Бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ” дейтін қазақ халқы қай заманда да жүйелі сөзге тоқтаған. Сөз асылын, орынды сөзді “аталы сөз” деп жоғары бағалаған. Бір ауыз сөзбен ердің құнын кешірген. Айта да, тыңдай да білген, оған тоқтай да білген. Әсіресе, аға буынның аталы сөзіне үлкен мән берген. Көп жағдайда үлкендердің ақылына жүгінген. Сондықтан ата-бабамыздан қалыптасқан сыйластық үлгісін бүгінгі ұрпақ та жадынан шығарған емес. Жалпы ақсақалдар қоғамдағы өзекті мәселелерден ешқашан сырт қалмайды. Елдік істерде үнемі өзіміздің пікірімізді айтып, қоғамдық талқылауларға белсенді қатысамыз. Өйткені, еліміздің болашағына бейжай қарай алмаймыз.
Қазір заман да, заң да басқа. Адамдардың пейілі де өзгерген сыңайлы. Бүгінде аға ұрпақ өкілі ретінде мені жастардың тәрбиесі алаңдатады. Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық та тамырын тереңге жайып алғандай. Осыны ойласаң, жаның күйзеледі. Ұлттық құндылықтарымыздан көз жазып қалудан қорқамын. Ол үшін ұлттық құндылықтарымызды ұлықтайтын ұрпағымызға дұрыс тәрбие беруіміз керек.
– Биыл біздің өңірде су тасқыны болды. Жер-жерден материалдық, қаржылай көмек толассыз келді. Жалпы тасқынмен күреске бөлінген қаржыға ардагерлер ұйымдары тарапынан бақылау бар ма?
– Апат айтып келмейді. Биыл су тасқыны өңір жұртын біраз әбігерге салды. “Құртақандай торғай да, өз ұясын қорғайды” демекші, осы табиғи апатпен күреске бәріміз жұдырықтай жұмылдық. Жастардан құралған еріктілер, құқық қорғау органдары, төтенше жағдай қызметкерлері мен көптеген сала мамандарымен бірге ардагерлер де халықтың басына түскен қиыншылықтан сырт қала алмады. Еліміздің ауызбіршілігі осындай қиын сәтте көрінді. Жер-жерден жүк көліктері тиелген азық-түлік, тұрмыстық заттар келді. Оны халыққа үлестіруге атсалысқан еріктілердің еңбегі зор екенін айтқым келеді. Материалдық көмектен бөлек, мемлекет тарапынан, меценаттардан, түрлі ұйымдардан қаржылай қолдау көрсетілді. Қор құрылды, біздің өңірге бөлінген қаржының әр тиыны бақылауда. Бұл қаржы халықтың игілігіне жұмсалуы керек. Сол қаржыға су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тұрғын үйлер салынуда.
Облыстық ардагерлер ұйымының жетекшісі ретінде маған да зор жауапкершілік жүктелгенін айтқым келеді. Су тасқынынан зардап шеккен азаматтардың мәселелерімен айналысатын арнайы құрылған комиссияның мүшесімін. Бұл орайда аудандық ардагерлер кеңесі де ауқымды жұмыс атқарып жатқанын атап өту керек. Аудан тұрғындарының мәселелері бойынша түрлі хаттамалар әзірлеп, комиссияның қарауына ұсынуда. Бұл бір адамның қолынан келетін шаруа емес. Сондықтан бәріміз де қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуына мүдделіміз.
– Қазіргі таңда облыс орталығы мен қалаға жақын жерлерге ауылдардан қоныс аударып жатқан зейнеткерлер көп. Оларға ардагерлер кеңесі тарапынан қаншалықты көңіл бөлінуде? Еленбей жатқан аға буынның ренішіне не айтар едіңіз?
– Соңғы жылдары ауылдан қалаға қоныс аударушылар легі қарқынды. Олардың барлығы ардагерлер ұйымдарында тіркеуде тұр деп айта алмаймын. Біздің тарапымыздан қандай да бір көмек көрсетілуі үшін олар алдымен бастауыш ардагерлер ұйымдарының құрамында болуы шарт. Бірақ біздің ұйымның материалдық мүмкіндігі шектеулі. Яғни, зейнеткерлерге қаржылай көмек көрсетуге, тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз жоқ. Ал біздің өңірде 700-ден астам бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Ардагерлер ұйымдарына қарасты бірнеше клуб жұмыс істейді. Көркемөнерпаздар өңірдің мәдени өміріне белсене қатысады.
– Бір кездері өзіңіз кеңшар басшысы, аудан әкімі сынды қызметтер атқардыңыз. Бүгінгі аудан әкімдерінің жұмысына көңіліңіз тола ма? Әкімге қандай талап қойылуы тиіс?
– Аудан әкімдеріне 100 пайыз көңілім толады деп айта алмаймын. Халқымыздың “бір биеден ала да, құла да туады” деген даналығы бар. Сол сияқты әкімдер де әртүрлі. Атқарып жатқан шаруалары да әрқилы. Кейде сол әкімдердің біліктілігіне, іскерлігіне көңіл толмайтын сәттер де болады. Жуырда облыста бірқатар аудан әкімдерінің ротациясы болды. Мәселен, Шал ақын ауданын басқарған Рахат Смағұловтың еңбегін көпке үлгі еткім келеді. Сергеевка қаласының орталық алаңына сол ауданның еңбек адамдарының есімдері жазылған құрмет тақталары қойылды. Бұл – аталмыш аудан азаматтарының мақтаныш сезімін тудыратын өнегелі іс. Кейінгі жастар да есімдері еленген жерлестері сияқты болуға тырысады. Сондықтан бұл істен өзге аудандар да үлгі алса дейсің. Иә, кезінде кеңшар басшысы, аудан әкімі сынды жауапты қызметтерді атқардым. Кеңшарды басқару жаныма жақын болды. Ал ауданды басқару қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Тәуелсіздік алған тұста тұралап қалған экономиканы көтеру баршамызға оңай болған жоқ. Жоғарыда айтып өткенімдей зейнетақы, жалақы кешіктіріліп берілді. Сол кезде әлеуметтік төлемдерді тұрғындарға кезекпен үлестіретін едік. Басқа амал болмады. Ол да бір дәурен еді. Қазір жағдай түзелді. Сондықтан жергілікті жерде әкімдер тұрғындардың өтінішін ескеріп, ең алдымен жол, су мәселелерін толыққанды шешсе жақсы болар еді.
– Малшы, тракторшы, жүк тасушы – еңбек адамдары. Бірақ олардың еңбектері бағаланбай жатқанын көз көріп жүр. Бұның сыры неде?
– Қай кезде де еңбек адамдарына құрмет ерекше болуы керек. Президентіміз де еңбек адамдарына айрықша көңіл бөлу қажет екенін айтқан болатын. Көп жағдайда еңбек адамдары ескерусіз қалып қояды. Мақтанғаным емес, кезінде менің ағам Сәби Есмақов Ленин ауданындағы (қазіргі Есіл ауданы) Николаевка автобазасында жүргізуші болып еңбек етті. Өте беделді, сөзі өтімді кісі болатын. Облыс басшылары ауданға келген бір сапарда қарапайым жұмысшының еңбегіне өте риза болса керек. Еңбек адамы ретінде ол алғашқылардың бірі болып 1980 жылы “Волга” көлігін мінді. Міне, бұл – еңбек адамына көрсетілген зор құрметтің белгісі. Қазір барлық медальдары облыстық мұражайда сақтаулы тұр. Жалпы еңбек адамдарына насихатты күшейту қажет. Қазір мұғалім, дәрігер сынды бірқатар жауапты сала өкілдеріне басымдық айрықша. Олардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды, бірақ өзгелерді де ұмытпау керек. Қажетсіз мамандық болмайды, біліксіз мамандар бар. Сондықтан әр саланың көтерген жүгі ауыр. Маңдай терімен табыс табатын кез келген адамды еңбек адамы деп есептеймін. Ол актер, диқан, әлде малшы, тракторшы бола ма, бәрібір. Еңбек адамы – ел мақтанышы болуы керек. Дәрігер мен мұғалім сияқты өзге де еңбек адамдарының мәртебесін көтеру керек.
– Өзіңіздің бір сөзіңізде жер елдің игілігіне жұмыс істеу керек деп айтқан едіңіз. Бүгінде ауылдарда жердің игілігін көрмей, пайларын ала алмай отырғандар қаншама? Ауыл шаруашылығы саласының ардагері ретінде осыған не дейсіз?
– Әлбетте, жер елдің игілігіне қызмет етуі керек. Қазір кейбір ауылдар үшін бұл өзекті мәселе болып отыр. Азып-тозған ауылдарды, жердің игілігін көрмей, пайларын ала алмай жүрген адамдарға жаның ашиды. Жалпы ауылдың жеріне тек сол елдің азаматтары иелік ету керек. Сырттан келетін инвесторлар жерді өз мақсатына пайдаланады. Ал одан кейде ауыл адамдары зардап шегеді. Жерді банкке кепілге қойған жағдайлар да жетіп артылады. Өкінішке қарай, қаншама халық шырылдап жүр. Жерді жалға бермес бұрын, тұрғындар қол қояды. Бұл іске олар жауапкершілікпен қарауы керек. Заң тұрғысында жерді қайтарып алу қиын. Оған әкім де араласа алмайды. Сырттан инвестор тартпас бұрын ойлану керек. Біздің өңірімізде Дайындық, Новоникольск, Заградовка сияқты алдыңғы қатарлы ауылдар бар. Ол ауылдардың көркеюіне сол елдің азаматтары үлкен үлес қосуда. Ауыл шаруашылығын дамытып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге барынша жағдай жасауда. Міне, әр ауылда сондай жанашыр азаматтар болса ғой.
– Біздің елде жемқорлықтың тамыры тереңге жайылып кеткендей көрінеді. Жалпы жемқорлықпен күрес қандай жағдайда нәтиже береді деп ойлайсыз? Елдің қаржысы осылай талан-таражға түскеніне қарап отыра береміз бе? Бір шара қолдану керек шығар.
– Жемқорлық деген – жайылып кеткен жаман ауру секілді. Тіпті, пара алу қалыпты құбылысқа айналғандай. Елдің қаржысын талан-таражға салу – ауыр қылмыс. Сондықтан пара алған әр адамға қатаң жаза қарастырылуы керек. Жемқорлар жазадан оңай құтылып кетпеуі үшін заңды күшейту қажет. Бұл мәселені заңмен реттемей, жемқорлыққа нүкте қою мүмкін емес. Түптің-түбінде елдің байлығы келер ұрпақтың несібесі ғой. Ұрпағымызды несібеден айыру – үлкен күнә. Адал еңбек етіп, еліңнің дамуына үлес қосу түсінген адамға шын бақыт екен ғой.
– Бүгінде біз – тәуелсіз елміз. Егемендікке қол жеткізсек те, елді мекендердің тарихи атауларын қайтару, көше атауларын қазақшаға өзгерту сынды мәселелерде кемшіліктер бар. Мәселен, Петропавлға Қызылжар атауын қайтаратын кез әлдеқашан келді. Бірақ сең қозғалмай тұр. Аға буын осыған ықпал етудің жолын ойластырды ма?
– Қызылжар өзінің тарихи атауын қайтарса, қуанбайтын қазақ жоқ шығар. Сол күнді көру бізге де бұйырса деймін. Бірақ Петропавлдың атауын ауыстыру бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Бүгін біз алмағайып кезеңде өмір сүрудеміз. “Құланның қасынуына, шүріппенің басылуы”, – демекші онсыз да тиісерге қара таппай отырған кейбір елдер бұл жағдайды өз мақсаттарына пайдалануы да ғажап емес. “Жау қайда деме, жар астында”, – деп халық тауып айтқан ғой. Сондықтан асығып-аптықпай, бұл мәселені безбенге салу қажет. Өзгесін айтпағанда біз ең әуелі Петропавл қаласындағы көшелерге қазақша атау беруді ойластырғанымыз жөн. Облыс орталығындағы қаншама көшеге біз білмейтін тұлғалардың есімі берілген. Оларды қазақшаға ауыстыратын уақыт келген сияқты. Бұл жағдайда біз батыс, оңтүстік, тіпті мынау Көкшеден үлгі алуымыз керек.
– Ашық әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
Суретті түсірген
Аяжан НҰРАХМЕТ.