«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Жарты бөлке (Новелла)

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Бір үзім болса да, нан табылса ғой, – деді күбірлеп, көктемгі жабағының жүніндей ұйысқан қара қоңыр сақал-мұртының арасынан бірдеңе жыбырлағандай болды, дауысын өзі де естіген жоқ. Аузын ашып сөйлемегеніне де екі күнге жуықтап қалыпты, көмекейі қаңсып, әл-дәрмені құрып барады екен. Алда бұлдырап бір шоғыр ауыл көрінеді. Соған дейін жетсе, талғажау қыларға бірдеңе табылып қалар. Шаң-топырақты ұшырып ұйтқи соққан жел өрім-өрім киімін одан әрмен жұлқылап, алба-жұлба шашын додырата түсіп берекетін кетірді, әр адымын күшпен алып, ауыл көрінген тұсқа үмітпен тарта берді.

Ауыл шетіне зорға ілініп, шеткі үйден ештеңе таба алмай, сүлдері құрып қайта шықты. Қысқа көшенің әр тұсында қызыл матаға жазылған “Ленин жасасын!”, “Сталин жасасын!”, “Ұжымдастыру арқылы коммунизмге жол!” деген бірнеше ұрандарды жел сабалап ырғалтып тұр. Кейбірі жыртылып тозған. Бүкіл ауылда тіршілік белгісі байқалмайды. Әр жерде қараңдаған өлі денелер, алыстау шет жақта өлікке таласқан аш иттердің ырылы естіледі. Тозған тоқал тамдар, тіке түскен күн де шақырайып алған, көшені бойлап соққан жел қиыршық құм ұшырып, әрнені бір сабалап өтеді. Ол әлін жинап, келесі үйге бас сұқты.

Көрдей үңірейген үй ішінің күлімсі иісі қолқаны қапқанмен, салқын екен. Оң жақтағы тарлау есіктен шыға құлаған өлі дененің басын айнала шыбын ұшып жүр. Еріксіз тыжырынды да, алға қарай жүрді. Түкпірге жақын барып тоқтай қалды. Қарсы алдында шағын үстел үстінде жарты бөлке тұр. Өңмеңдей ұмтылып қолын соза бергені сол еді, арғы жақтан сақалшашы бетін жапқан, аштықтан екі көзі шүңірейіп, саусақтары арбиып кеткен, тірі аруаққа айналған орыс шал да қолын соза берді. Бұл оны көріп кілт тоқтады, ол да іркіліп, бұған таңдана қарады. “Иесі бар екен-ау” деді ішінен. Бір адым артқа шегінді, шал да сөйтті. Енді басын сәл иіп, жымиған болып:

– Шучу, старик, шучу, алмаймын, – деді де, кері бұрылып шығып кетті.

Бұның қылығын сол сәтте-ақ шал да қайталаған, бірақ бұл оны көрген жоқ. Кенет көрші бөлмеден жүгіріп шыққан жуан тарғыл мысық үстел үстіне секіріп шықты. Сол сәтте арғы беттен де тура осындай тарғыл мысық пайда болды. Мысық нанды иіскелеп көрді де, қайта секіріп түсіп кетті. Екінші мысық та дәл осылай ғайып болды. Нан айнаның алдында тұрған болатын.

Есбол НҰРАХМЕТ,

жазушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp