Такси – тұрғындарға ауадай қажет қызмет. Тұрақты жалақы алмаған соң такси жүргізушісінің еңбегі елене бермейтіні бесенеден белгілі. Мінезі ауыр адамдар, жөн-жосықсыз сөйлейтіндер, мастар, аурушаңдар, жұмысына асыққандар такси шақырады. Әрқайсысының қас-қабағын бағуға тура келеді. Такси жүргізушілерінің қызықты әрі қауіпті өмірін зерделеу үшін қаланы бір күн бойы таксимен араладым.
ИНТЕРНЕТКЕ ИЕК АРТЫП АЛҒАН
Такси жүргізушісі қаланың түкпір-түкпірін аралап жүргендіктен әрбір мекенжайды білуге тиіс. Бұрын халық арасында “қаланы білмесең такси жүргізушісінен жөн сұра” деген тіркес болатын. Қазір бәрі жеңіл такси жүргізушілері ғаламторды кеңінен пайдаланып жүргенін байқадық. Сөзімізді 20 жылдан астам қызылжарлықтарға такси қызметін көрсетіп жүрген Бауыржан Құсайынов та растады.
– Осыдан 15 жыл бұрын клиентті көбейту үшін қаланың бүкіл көшесін қол бос болғанда аралап шығатын едік. Себебі көлігіңе отырған адамды айтқан мекенжайына дер кезінде жеткізе алмасаң, жүргізушілік тәжірибеңе сын болушы еді. Қазір смартфондағы картаны қосып алады да, жүре беретіндер көбейді. Бұл жұмысыңды жеңілдеткенімен, біреу жетектеп жүргендей күй кешесің, – дейді Бауыржан Құсайынов.
Бауыржан ағамыз – Мамлют ауданына қарасты Бостандық ауылының тумасы. 1998 жылдан бері облыс орталығында тұрады. Біраз жұмыстың басын қайырып, кейін такси жүргізушісі болу көңілінен шыққан көрінеді. Айтуынша, такси қызметінің ерекшелігі – өзіңе-өзің бастықсың. Барлығы өз еркіңде. Алайда тұрақты табыс жоқ.
Такси жүргізушісінің айтуынша, кейбір әріптестері картада жоқ мекенжайға апарудан бірден бас тартады екен. Себебі, олар смартфондағы “бұйыра сөйлеген” нәзік жанның нұсқауымен жүріп үйренген. Сайып келгенде жолды, мекенжайды есте сақтау қабілеті тарыла түседі. Қаланың көшелерін аралап жүріп такси қызметі де виртуалды әлемнің шырмауына түскенін аңғарасың.
Бұрын жолда қол көтерген клиенттерін алып жүре беретін таксилер қазір қайдан қоңырау түссе, сол жаққа баруға міндетті. “Жас өркенде” жүріп, “Берекеге” аттанады, 19 шағынауданнан Жұмысшы кентіне баруы мүмкін.
– Бұрын көлігімізде рация болғанда ештеңеге алаңдамайтынбыз. Әсіресе, ішімдіктің буына масайып, өзін батыр санағандарды тәубесіне түсірерде сол рацияның көмегі зор еді. Жігіттерге хабар берсең, әп-сәтте жинала қалатын. Қазір өз қауіпсіздігіңе өзің ғана жауаптысың. Клиентінің қолынан қаза тапқан не болмаса жарақат алған такси жүргізушілері жайлы естігенде жолға шыққың келмейді, – дейді Бауыржан Құсайынов.
БӘРІ БІРДЕЙ ӘҢГІМЕШІЛ ЕМЕС
“Такси жүргізушілері – өсекшілер. Қоғамда не болып жатқанын солардан артық ешкім білмейді” деген пікір қалыптасқан. Алайда Бауыржан ағамыз бұл пікірмен келіспейтінін айтты. Қаланың ана шетінен мына шетіне дейін зырылдап жүргенде жаңалықтар легіне көз жүгіртетін уақыт та болмайды екен. Керісінше, әңгімешіл клиенттер жетіп артылады.
– Такси жүргізушісін өсекші деп қаралайтындарды түсінбеймін. Керісінше, кейбір клиенттеріміз ғайбатты көп айтады. Кімнің жемқор екенін, қанша жегенін, алған сомасына дейін айтқанда басыңды шайқайсың. Әншілердің өмірін сөз қылатындарды суқаным сүймейді. Клиентімнің көңілі үшін “иә” деп қостап қоямын. Арасына бір-екі ауыз сөз қоса саламын. Әйтпесе “Яндекс Такси” желісінде баға бергенде бір немесе екіні басып жіберсе, нансыз қаламын, – дейді Бауыржан Құсайынов.
Такси жүргізушілері түрлі оқиғаларға тап болатыны белгілі. Тек өздері назар аудара бермейді. Адам күнделікті көріп жүрген дүниелерінен ерекшелікті байқай бермейтіні заңдылық. Ең қызықты сәттерді есіне түсірген Бауыржан Құсайынов бір клиенті күні бойы таксимен қаланы аралап, екінші күні әлгінің шақыртуымен қайта барса, есінде кешегі сапарының бірі де қалмағанына таңғалғанын жеткізді.
ҚОСЫМША ТАБЫС КӨЗІ
Бауыржан ағамыз сөйлесуге келіскенімен, суретке түсуге қарсы екенін айтқан соң келесі такси жүргізушісінің қызметіне жүгіндік. Юрий есімді азаматқа кезіктім. “Ассалаумағалейкум” дегенде сасқанымнан қалай “Здравствуйте” дегенімді байқамай да қалдым. Әңгіменің ауаны бірден шыққан тегіне ауды.
– Әкем – орыс, анам – қазақ. Анам Қызылорда облысындағы Шиелі елді мекенінің тумасы, бірақ қазақша бір ауыз сөз білмейтін кісі, – дейді Юрий Балекин.
Петропавл қаласының тумасы Тараз қаласына әскери борышын өтеуге барғанда қазақ тілін мәжбүрлі түрде үйренген. Себебі көне шаһардағы сауда орындарында орысша сөйлейтін сатушы таба алмай қиналыпты. Содан күн көру үшін санаулы күндердің ішінде қазақ тілін меңгеріп алған. Мамандығы – инженер. Он күн вахтада, он күн үйде болған соң такси жүргізушісі болып қосымша табыс табатынын жасырмайды. Такси жүргізушісінің бір күнде 9-10 сағат жұмыс істесе, 30 мың теңге көлемінде пайда табуға мүмкіндігі бар.
– Оңтүстіктің халқына қарағанда солтүстіктің қазақтары сөздерді таза айтады. Оңтүстікте өзбек тілінің ықпалы сезіліп тұрады. Ол жақта тағы бір жыл жүргенде өзбек тілінде де сөйлейтін едім. Тілдің жаманы жоқ. Тіл білген сайын өрісің кеңейеді, – дейді Юрий Николаевич.
Такси жүргізушісі жергілікті тұрғындардың ру төңірегіндегі әңгімелерін қызыға тыңдайды. Нағашы жұртынан шыққан батырлар мен болыстар, ақын-жазушылар жайлы естіп, өңір тарихынан біраз мағлұмат біліп алыпты.
ТІЛГЕ ҚҰРМЕТІ ЕРЕКШЕ
Өз туған тілінде сөйлей алмайтын қазақтарды көргенде Юрий Балекиннің зығырданы қайнайды екен.
– Клиенттерімнің арасында өз ана тілінде сөйлеп, ойын жеткізе алмайтындарға қарның ашады. Иә, кейбір мемлекеттер орыс тілін әлі қолданады. Бірақ он тіл білсең де, туған тіліңді ұмытпағаның дұрыс. Қазақша сөйлегенімде таңданатындар жиі кездеседі. Кейбір клиенттермен тек қазақша сөйлесемін. Ұялғанынан тілдерін бұрап сөйлесуге тырысады. Ұялмайтындар естімегендей отыра береді, – дейді Юрий Николаевич.
Юриймен бірге темір жол вокзалына бардым. Мемлекеттік тіл білетін біреудің көлікке отырғанын тілеп отырдым. Әттең, орындалмады. Вокзалдан мінген клиенттер өзге тілде шүдірлеп бірдеме айтқандай болды. Ішім қан жылады.
– Қазақ тілін қастерлейік. Кез келген тілдің өз қадір-қасиеті болады. Соны көбі түсінбейді, – деп Юрий Николаевичтің өзі күрсінді. Такси жүргізушісінің сөзі сүйектен өтті. Ал сөздің мәнін ұқпаған қандастарым смартфондарын шұқылап отыра берді.
БАҒА НЕГЕ ҚЫМБАТ?
Үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында такси қызметін пайдаланған жолаушылар саны еліміз бойынша 37,63 пайызға өсіпті. Жолаушы тасымалдаудан түскен табыс 4 млрд. теңгені құраған. Бұл сома өткен жылғы көрсеткіштерден әлдеқайда көп. Себебі биыл такси қызметтінің бағасы жыл басынан бері 4,7 пайызға өскен. Бағадағы бұл өзгерісті тұрғындар да аңғарды, тиісінше шағым да көбейді. Юрий Николаевичтен осы жайында сұрағанымда “Яндекс. Такси” табысының 10 пайызын ұстап қалатынын, оның үстіне жанармайдың да бағасы тұрақсыз және көлікті жөндеуге жұмсайтын шығын бар екенін алға тартты.
– Такси қызметінің кірісінен шығысы көп екенін екінің бірі түсіне бермейді. Облыста жолдың сапасы нашар. Көліктің саймандарын айтпаған күннің өзінде жанар-жағармайдың өзі қалтаны қағады. Сонымен қатар тапқан табысыңа қарай салық төлейсің, – деді такси жүргізушісі.
Бұрын Юрий Балекин жеке автобусымен жолаушылар тасымалдаған екен. Кіріс болмаған соң бұл кәсіпті тастап, такси қызметіне ауысқан. Алдағы уақытта бұл кәсібінен де пайда болмаса, басқа салаға кететінін ашық айтты.
“Кез келген салада маман алдымен өзіне түсетін кірісті ойлайды. Такси жүргізушісі де клиентіне қызмет көрсете отырып, отбасын асырайтынын көпшілік түсіне бермейді”, – деген Юрий Николаевич қала тұрғындарын түсіністікпен қарауға шақырды.
Юрий Балекинмен әңгімеміз жарасқандай болып еді, сапарды орта жолда аяқтауға мәжбүр болдық. Такси қызметінің шартына сай артық адам алып жүруге болмайтынын ескертіп, одан әрі ертіп жүре алмайтынын жеткізді.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
“Soltüstık Qazaqstan”.
ТҮЙІН:
Бөтен біреу түгіл, жақынымыздың еркелігін көтере алмайтынымыз рас. Ал такси жүргізушісі бейтаныс адамдарды бауырына баспаса да, ежелгі танысындай көруге тиіс. Такси қызметінің талабы солай. Тұрақты қызмет болмағандықтан аса бағалана бермейтін маман иелері неше түрлі оқиғалардың, қилы тағдырлардың куәсі. Бірақ қолдарынан келері – үнсіз ғана тыңдап, діттеген жеріне аман-есен жеткізіп салу ғана.