Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының құрылғанына биыл – 41 жыл. 12 бөлімшеден тұратын емдеу мекемесі 370 орынға шақталған. Соңғы үш жылдың ішінде ұжым 31 жас маманмен толықты. Жалпы бүгінгі таңда мұнда барлығы 600-ден астам медициналық қызметкер еңбек етеді.
Облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөліміне күніне 250-ге жуық адам жүгінеді. Ал ауруханаға 1 күнде 50-70 бала түседі. Қазіргі таңда стационарда 300-ден астам жеткіншек ем алып жатыр.
“Бізде консультативтік-диагностикалық бөлімше бар. Ол жерде күніне 250 балаға дейін қабылдаймыз. Қайта оңалту бөлімшесі де 125 балаға шақталған. Бірақ күніне 100-ге жуық өңір тұрғыны жүгінеді және бір күнде 15-тен 20-ға дейін компьютерлік томография жасаймыз”, – дейді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының директоры Нұрлан Айманов.
Облыстық балалар ауруханасына 2022 жылы магнитті-резонансты томография аппараты орнатылған. Оның көмегімен бір күнде 20 зерттеу жүргізіледі. Жалпы былтыр – 1800, ал биыл жыл басынан бері 2100 бала тексерістен өткен.
“Травматалогиялық пунктте қызмет көрсетуді екі есеге ұлғайттық. Бейнемониторинг бар, бұл қызмет жақсы дамыған. Жыл басынан бері 749 бейнемониторинг жүргіздік. Биыл облыс әкімінің қолдауының арқасында жансақтау бөлімінде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда бөлімше барлық халықаралық стандарттарға сай”, – дейді Нұрлан Айманов.
Жансақтау бөліміне жылына мыңға жуық бала түседі. Айта кетейік, облыста бала өлімі дерегі 41-ден 20 пайызға дейін азайған.
Аснурия Абдулла.