Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселесі көтерілді. Осы ретте мемлекеттік сатып алу саласын реттеу, фармацевтика саласын дамыту бағытында бірқатар міндет белгіленді.
Отандық тауарларға басымдық беріледі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жер қойнауын пайдаланушылардың, квазимемлекеттік жəне мемлекеттік сектордың сатып алу саласындағы жергілікті өнімдер мен қызметтердің үлесін 60 пайызға жеткізу туралы тапсырмасы бойынша Үкімет жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде бірқатар салада оң нəтиже байқалады. Бұл ретте импорттың тұрақты түрде қысқарып келе жатқанын жəне өндіріс көлемінің артуын атап өтуге болады. Мəселен, өңдеу өнеркəсібінде əкелінетін өнім көрсеткіші 7 пайызға төмендесе, отандық өндіріс көлемі 4 пайызға артты. Машина жасауда, металл бұйымдарын, қағаз өнімдерін өндіруде сыртқы жеткізілімдерге тəуелділік төмендеді. “Қазір экономикасы қарқынды дамыған көптеген мемлекет ішкі нарықты қолдау жəне қорғау саясатын белсенді жүргізіп жатыр. Халықаралық валюта қоры мұндай қорғау шараларының жартысына жуығы Қытай, Еуропалық Одақ жəне АҚШ экономикаларына тиесілі екенін атап көрсетті. Қазақстан əлемдік тəжірибені ескеріп, импорттық тауарлардың үлесін төмендетуге жəне өз өндірушілерін қолдау шараларына кеңінен басымдық беріп отыр. Үкімет экономикалық патриотизм қағидатын қатаң ұстанады. Біз қашанда отандық өндірушіні қолдаймыз. Бұл – əрбір əкімнің, əрбір салалық министрдің міндеті. Ол тек сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде орындалуға тиіс”, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Ішкі нарықты қолдау жөніндегі шаралар заңнамалық деңгейде бекітіледі. Президент сатып алу рəсімдерін жүргізу кезіндегі талаптарды қатаңдататын “Мемлекеттік сатып алу туралы” жаңа Заңға қол қойды. Бұл ретте бүгінде сатып алу сапасын бақылауды одан əрі күшейтуді көздейтін түзетулер Мəжіліске енгізілді. Өзгерістер жаңа тетік – отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін енгізуді көздейді. Бұған өнім шығарып отырған, өндірістік қуаты жетерлік, одан əрі дамуға əлеуетті, жоспары нақты кəсіпорындар кіреді. Бұл платформаны құрудың негізгі мақсаты – еліміздің негізгі өндірістерін жүйелеу жəне отандық бизнесті қорғау. Тізілімге енген кəсіпорындар мемлекеттік қолдау шараларын басым тəртіппен алады. Оларға өндірісті жаңғырту, бəсекеге қабілеттілікті арттыру, жалақыны өсіру бойынша қарсы міндеттемелер қойылады. Компаниялардың қызметін бақылау онлайн режімде цифрлық скрининг негізінде жүзеге асырылады. Бұл сыбайлас жемқорлық тəуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.
Мониторинг салық жəне кеден қызметтері, еңбек инспекциялары жəне басқа да ведомстволар тарапынан жүргізіледі. Отандық тауар өндірушілерді қолдау шаралары туралы Өнеркəсіп жəне құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады. Оның айтуынша, отандық тауар өндірушілерге қолдау көрсету аясында жеңіл өнеркəсіп, машина жасау, химия, металлургия салаларындағы жəне қағаз, жиһаз, құрылыс материалдарының 4201 тауарына мемлекеттік сатып алуда басымдық беріліп отыр. Бүгінде аталған тауарлар бойынша отандық өндірушілерімен жасалған келісімшарттар саны 1,4 есеге өсіп, 106 млрд. теңгені құрады. Ең үлкен өсім химия, машина жасау, жеңіл өнеркəсіп, қағаз өнімдері бойынша байқалды. “Шағын жəне орта кəсіпорындарды қолдау шаралары өз тиімділігін көрсетті. “Мəселен, Петропавлдағы “Радуга” кəсіпорны қағаз өнімдері бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысу есебінен 1 млрд. теңгеге өнім шығарып, 100 пайызға жүктелді. Сондай-ақ Павлодардағы “Лакра” кəсіпорны лак-бояу өндірісі көлемін 27 пайызға, Алматыдағы “Marschall” тұрмыстық химия өндірісін 15 пайызға ұлғайтты. Астанада осы сəуірде өнім шығаруды бастаған “Metal Former” кəсіпорны “Жайлы мектеп” жобасы шеңберінде 100 пайызға жүктеліп, төрт айда 3,6 млрд. теңгеге өнім шығарды”, – деді Қанат Шарлапаев.
Үкімет басшысы мемлекеттік сатып алуды реттеу мəселесінде бірқатар міндет қойды. Өзекті мəселелердің бірі – отандық тауарлар каталогтерінің қайталануы. Бұл өнімді импорттауға жəне одан əрі оны отандық тауар ретінде сатуға мүмкіндік береді. Премьер-министр Қаржы министрлігіне Сауда жəне интеграция министрлігімен жəне басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірге сараптап, тауарлардың, жұмыстар мен қызметтердің артық каталогтерін жоюды тапсырды. “Сондай-ақ Өнеркəсіп жəне құрылыс министрлігі мемлекеттік органдармен жəне ұйымдармен бірлесіп, отандық шикізат пен материалдарды пайдалану бойынша ірі мердігер компаниялардың міндеттемелеріне мониторинг жүргізудің пəрменді тетігін əзірлеуге тиіс. Қазақстандық өнімдер бола тұра, импорттық тауарларды сатып алу жалғасып келеді, мұны доғару керек”, – деді Олжас Бектенов.
Фармацевтика өндірісі 14,5 пайызға ұлғайды
Сонымен қатар жиында фармацевтика саласын дамыту жəне отандық өндірушілерді қолдау бойынша бірқатар міндет белгіленді. Осы орайда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Əлназарова отандық фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы айтып берді. Оның айтуынша, бірінші жартыжылдықта елімізде отандық фармацевтикалық өндіріс көлемі 95 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда өсім көрсеткіші 14,5 пайызға артты. Бүгінгі таңда 4 мыңға жуық фармацевтикалық өнім жеткізу бойынша 35 отандық өндірушінің қатысуымен ұзақмерзімді 94 шарт жасалды. Жыл соңына дейін өзге 24 отандық өндірушімен ұзақ мерзімді шарт жасау арқылы 1412 дəрілік зат пен медициналық бұйымдардың жеткізілуі қарастырылып отыр. Алдағы 3 жылдың ішінде жасалған ұзақмерзімді шарттарда белгіленген көлемге кезең-кезеңімен шығу жоспарланып отыр.
Үкімет басшысы еліміздің дəрілік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін фармацевтика саласын тұрақты əрі сапалы дамытудың маңызын атап өтті. “Осы жылдың бірінші жартыжылдығында еліміздің фармацевтика өндірісі 14,5 пайызға ұлғайды. Алайда саладағы əлеует бұдан əлдеқайда жоғары. Денсаулық сақтау министрлігіне осы көрсеткішті жыл соңына қарай одан əрі ұлғайтып, шығарылатын препараттардың көлемі мен тізбесін кеңейту жұмысын жүргізуді тапсырамын”, – деді Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-министр медициналық ұйымдарды электрондық форматқа көшіру арқылы фармацевтика өнімін сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Өз өндірушілерімізді қолдауға тиіспіз Үкімет отырысы барысында Олжас Бектенов мұнай-газ саласындағы мемлекеттік сатып алу саласын реттеу жөнінде тапсырма берді. Аталған саладағы атқарылған жұмыстар жөнінде Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов біршама дерек келтірді.
Вице-министрдің айтуынша, бірінші жартыжылдықта көмірсутек шикізаты мен уранды пайдаланушылардың тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жалпы көлеміндегі елішілік құндылық үлесінің (2,8 трлн. теңге) орташа салалық көрсеткішінің өсуі байқалады. Бұл 61,6 пайызды, яғни 1,7 трлн. теңгені құрады. Осы көрсеткіш өткен жылдың ұқсас кезеңімен (57,3 пайыз) салыстырғанда 4 пайызға жоғары.
Биыл 10-12 шілде аралығында отандық тауар өндірушілер хабардар болуы үшін Атырау қаласында сатып алынатын мұнай-газ жабдықтары бойынша 3 ірі жобаның Ашық есік күндері өткізілді. Аталған іс-шараға отандық тауар өндірушілер мен жұмыстарды жеткізушілердің 300-ден аса өкілі қатысты. “Қазіргі кезде ірі мұнай-газ жобаларының негізгі жер қойнауын пайдаланушылары отандық тауар өндірушілермен 240 млн. долларға келісімшарттарға қол қойды. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Сондай-ақ мұнай-газ өнеркəсібі үшін өндірістің жаңа түрлерін игеру бойынша 65 меморандум бекітілді. Оларды қазірден бастап офтейк-келісімшарттарға трансформациялау қажет”, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне қыркүйек айының соңына дейін ірі мұнай-газ компаниялары мен отандық өндірушілер арасында 5 жылдан асатын ұзақ мерзімді келісімшарттардың кепілді жасалуын қамтамасыз ете отырып, тиісті жұмыс жүргізуді тапсырды.
(“Egemen Qazaqstan”,
14 тамыз 2024 жыл).