«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ескендір ЕЛЕУСІЗОВ: “ҚАЖЕТСІЗ МАМАНДЫҚ БОЛМАЙДЫ, БІЛІКСІЗ МАМАНДАР БАР”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

– Ескендір Есмақұлы, сұх­ба­тымызды аға буын ұрпақ өкі­лі ретінде Сізді не мәселе тол­ғандыратынынан баста­сақ.

– Кеңестік кезеңде туып, тәуел­сіз елдің дамуына бір адам­дай атсалыстық. Әлі де аттан түс­кен жоқпыз. Мемлекетіміздің қа­лай қалыптасқанына куәміз. Егемендік алған жылдары барлығын жаңадан бастауға тура келді. Әл­бетте, аяққа тұрып кету оңай бол­мады. Жұмыссыздық, жоқшы­лық, азық-түлік тапшылы­ғы сын­ды бірқатар қиындықтар­ды басы­мыздан кештік. Жалақы мен зей­нетақы айлап кешіктіріліп бері­летін. Соған қарамай еліміз еңсе­сін тіктеп, алға қадам басты. Қан­дай қиын жағдай болса да хал­қы­мыздың кең пейілі мен се­ні­мі­нің арқасында бірталай же­тіс­тіктер­ге қол жеткізудеміз.

“Бас кеспек болса да тіл кес­пек жоқ” дейтін қазақ халқы қай заманда да жүйелі сөзге тоқта­ған. Сөз асылын, орынды сөз­ді “ата­лы сөз” деп жоғары ба­ға­ла­ған. Бір ауыз сөзбен ердің құ­нын кешірген. Айта да, тың­дай да біл­ген, оған тоқтай да білген. Әсіре­се, аға буынның аталы сөзіне үл­кен мән берген. Көп жағдайда үл­кендер­дің ақылына жүгінген. Сон­дықтан ата-бабамыздан қалып­тас­қан сый­ластық үлгісін бүгінгі ұр­пақ та жадынан шығарған емес. Жалпы ақ­сақалдар қоғам­дағы өзекті мә­селелерден ешқа­шан сырт қал­май­ды. Елдік істер­де үнемі өзі­міздің пікірімізді ай­тып, қоғамдық талқылауларға бел­сенді қаты­са­мыз. Өйткені, елі­міздің бола­ша­ғына бейжай қарай алмаймыз.

Қазір заман да, заң да басқа. Адамдардың пейілі де өзгерген сыңайлы. Бүгінде аға ұрпақ өкілі ретінде мені жастардың тәрбиесі алаңдатады. Жең ұшынан жал­ғасқан жемқорлық та тамырын тереңге жайып алғандай. Осыны ойласаң, жаның күйзеледі. Ұлт­тық құндылықтарымыздан көз жа­зып қалудан қорқамын. Ол үшін ұлттық құндылықтарымызды ұлық­тайтын ұрпағымызға дұрыс тәрбие беруіміз керек.

– Биыл біздің өңірде су тас­қыны болды. Жер-жерден материалдық, қаржылай кө­­мек толассыз келді. Жалпы тасқынмен күреске бөлінген қар­жыға ардагерлер ұйымда­ры тарапынан бақылау бар ма?

– Апат айтып келмейді. Биыл су тасқыны өңір жұртын біраз әбі­герге салды. “Құртақандай тор­ғай да, өз ұясын қорғайды” де­мек­ші, осы табиғи апатпен кү­рес­ке бәріміз жұдырықтай жұмыл­дық. Жастардан құралған ерікті­лер, құқық қорғау органдары, тө­тенше жағдай қызметкерлері мен көптеген сала мамандарымен бір­ге ардагерлер де халықтың ба­сына түскен қиыншылықтан сырт қала алмады. Еліміздің ауызбір­шілігі осындай қиын сәтте көрін­ді. Жер-жерден жүк көліктері тиелген азық-түлік, тұрмыстық заттар келді. Оны халыққа үлес­тіруге атсалысқан еріктілердің ең­бегі зор екенін айтқым келеді. Ма­териалдық көмектен бөлек, мем­лекет тарапынан, меценаттар­дан, түрлі ұйымдардан қаржылай қолдау көрсетілді. Қор құрылды, біздің өңірге бөлінген қаржының әр тиыны бақылауда. Бұл қаржы халықтың игілігіне жұмсалуы ке­рек. Сол қаржыға су тасқынынан зардап шеккен адамдарға тұрғын үйлер салынуда.

Облыстық ардагерлер ұйы­мының жетекшісі ретінде маған да зор жауапкершілік жүктелгенін айтқым келеді. Су тасқынынан зар­дап шеккен азаматтардың мә­селелерімен айналысатын арнайы құ­рылған комиссияның мүшесі­мін. Бұл орайда аудандық арда­герлер кеңесі де ауқымды жұмыс ат­қарып жатқанын атап өту ке­рек. Аудан тұрғындарының мәсе­лелері бойынша түрлі хатта­ма­лар әзірлеп, комиссияның қа­рауына ұсынуда. Бұл бір адам­ның қолынан келетін шаруа емес. Сондықтан бәріміз де қаржының тиісті мақсатқа жұмсалуына мүд­деліміз.

– Қазіргі таңда облыс орта­лығы мен қалаға жақын жер­лерге ауылдардан қоныс ауда­рып жатқан зейнеткерлер көп. Оларға ардагерлер кеңесі та­ра­пынан қаншалықты көңіл бө­лінуде? Еленбей жатқан аға буынның ренішіне не айтар едіңіз?

– Соңғы жылдары ауылдан қа­лаға қоныс аударушылар легі қар­қынды. Олардың барлығы арда­герлер ұйымдарында тіркеуде тұр деп айта алмаймын. Біздің та­рапымыздан қандай да бір көмек көрсетілуі үшін олар алдымен бастауыш ардагерлер ұйымда­ры­ның құрамында болуы шарт. Бі­рақ біздің ұйымның материалдық мүмкіндігі шектеулі. Яғни, зей­нет­керлерге қаржылай көмек көр­сетуге, тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз жоқ. Ал біздің өңірде 700-ден астам бастауыш ардагерлер ұйымы бар. Арда­гер­лер ұйымдарына қарасты бір­не­ше клуб жұмыс істейді. Көркем­өнерпаздар өңірдің мәдени өмірі­не белсене қатысады.

– Бір кездері өзіңіз кеңшар басшысы, аудан әкімі сынды қызметтер атқардыңыз. Бүгінгі аудан әкімдерінің жұмы­сына көңіліңіз тола ма? Әкімге қандай талап қойылуы тиіс?

– Аудан әкімдеріне 100 пайыз көңілім толады деп айта алмай­мын. Халқымыздың “бір биеден ала да, құла да туады” деген да­налығы бар. Сол сияқты әкімдер де әртүрлі. Атқарып жатқан ша­руа­лары да әрқилы. Кейде сол әкімдердің біліктілігіне, іскерлігі­не көңіл толмайтын сәттер де бо­лады. Жуырда облыста бірқатар аудан әкімдерінің ротациясы бол­ды. Мәселен, Шал ақын ауданын басқарған Рахат Смағұловтың ең­бегін көпке үлгі еткім келеді. Сер­геевка қаласының орталық ала­ңына сол ауданның еңбек адам­дарының есімдері жазылған құр­мет тақталары қойылды. Бұл – атал­мыш аудан азаматтарының мақ­таныш сезімін тудыратын өнегелі іс. Кейінгі жастар да есімдері еленген жерлестері сияқты болу­ға тырысады. Сондықтан бұл іс­тен өзге аудандар да үлгі алса дейсің. Иә, кезінде кеңшар бас­шы­сы, аудан әкімі сынды жауап­ты қызметтерді атқардым. Кең­шарды басқару жаныма жақын бол­ды. Ал ауданды басқару қиын кезеңмен тұспа-тұс келді. Тәуел­сіздік алған тұста тұралап қалған экономиканы көтеру баршамыз­ға оңай болған жоқ. Жоғарыда ай­тып өткенімдей зейнетақы, жала­қы кешіктіріліп берілді. Сол кезде әлеуметтік төлемдерді тұрғын­дарға кезекпен үлестіретін едік. Басқа амал болмады. Ол да бір дәурен еді. Қазір жағдай түзелді. Сон­дықтан жергілікті жерде әкімдер тұрғындардың өтінішін ескеріп, ең алдымен жол, су мәселелерін толыққанды шешсе жақсы болар еді.

– Малшы, тракторшы, жүк тасушы – еңбек адамдары. Бі­рақ олардың еңбектері баға­ланбай жатқанын көз көріп жүр. Бұның сыры неде?

– Қай кезде де еңбек адам­дарына құрмет ерекше болуы ке­рек. Президентіміз де еңбек адам­дарына айрықша көңіл бөлу қажет екенін айтқан болатын. Көп жағдайда еңбек адам­да­ры ескерусіз қалып қояды. Мақтанғаным емес, кезін­де менің ағам Сәби Есмақов Ле­нин ауданындағы (қазіргі Есіл ау­даны) Николаевка автобазасын­да жүргізуші болып еңбек етті. Өте беделді, сөзі өтімді кісі бола­тын. Облыс басшылары ауданға келген бір сапарда қарапайым жұ­мысшының еңбегіне өте риза бол­са керек. Еңбек адамы ретінде ол алғашқылардың бірі болып 1980 жылы “Волга” көлігін мінді. Міне, бұл – еңбек адамына көр­сетілген зор құрметтің белгісі. Қа­зір барлық медальдары облыс­тық мұражайда сақтаулы тұр. Жалпы еңбек адамдарына наси­хатты күшейту қажет. Қазір мұғалім, дәрігер сынды бірқатар жа­уапты сала өкілдеріне басымдық айрықша. Олардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды, бірақ өзгелерді де ұмытпау керек. Қа­жетсіз мамандық болмайды, бі­ліксіз мамандар бар. Сондықтан әр саланың көтерген жүгі ауыр. Маңдай терімен табыс табатын кез келген адамды еңбек адамы деп есептеймін. Ол актер, диқан, әлде малшы, тракторшы бола ма, бәрібір. Еңбек адамы – ел мақ­танышы болуы керек. Дәрігер мен мұғалім сияқты өзге де еңбек адамдарының мәртебесін кө­теру керек.

– Өзіңіздің бір сөзіңізде жер елдің игілігіне жұмыс істеу ке­рек деп айтқан едіңіз. Бүгінде ауылдарда жердің игілігін көр­мей, пайларын ала алмай отыр­ғандар қаншама? Ауыл шаруашылығы саласының ар­дагері ретінде осыған не дейсіз?

– Әлбетте, жер елдің игілігіне қызмет етуі керек. Қазір кейбір ауылдар үшін бұл өзекті мәселе болып отыр. Азып-тозған ауыл­дарды, жердің игілігін көрмей, пайларын ала алмай жүрген адамдарға жаның ашиды. Жал­пы ауылдың жеріне тек сол елдің азаматтары иелік ету керек. Сырттан келетін инвесторлар жерді өз мақсатына пайдалана­ды. Ал одан кейде ауыл адамда­ры зардап шегеді. Жерді банкке кепілге қойған жағдайлар да же­тіп артылады. Өкінішке қарай, қан­шама халық шырылдап жүр. Жерді жалға бермес бұрын, тұр­ғындар қол қояды. Бұл іске олар жауап­кершілікпен қарауы керек. Заң тұрғысында жерді қайтарып алу қиын. Оған әкім де араласа алмайды. Сырттан ин­вестор тартпас бұрын ойлану ке­рек. Біздің өңірімізде Дайындық, Новоникольск, Заградовка сияқ­ты алдыңғы қатарлы ауылдар бар. Ол ауылдардың көркеюіне сол елдің азаматтары үлкен үлес қосуда. Ауыл шаруашылығын да­мытып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын көтеруге ба­рынша жағдай жасауда. Міне, әр ауылда сондай жанашыр аза­маттар болса ғой.

– Біздің елде жемқорлық­тың тамыры тереңге жайылып кеткендей көрінеді. Жалпы жемқор­лықпен күрес қандай жағдайда нәтиже береді деп ойлайсыз? Елдің қаржысы осылай талан-таражға түскеніне қарап отыра береміз бе? Бір шара қолдану керек шығар.

– Жемқорлық деген – жайылып кеткен жаман ауру секілді. Тіпті, пара алу қалыпты құбылысқа ай­налғандай. Елдің қаржысын та­лан-таражға салу – ауыр қыл­мыс. Сондықтан пара алған әр адамға қатаң жаза қарастыры­луы керек. Жемқорлар жазадан оңай құтылып кетпеуі үшін заңды күшейту қажет. Бұл мәселені заң­мен реттемей, жемқорлыққа нүк­те қою мүмкін емес. Түптің-түбінде елдің байлығы келер ұрпақ­тың несібесі ғой. Ұрпағымызды несібеден айыру – үлкен күнә. Адал еңбек етіп, еліңнің дамуына үлес қосу түсінген адамға шын бақыт екен ғой.

– Бүгінде біз – тәуелсіз ел­міз. Егемендікке қол жеткізсек те, елді мекендердің тарихи атауларын қайтару, көше атау­ларын қазақшаға өзгерту сын­ды мәселелерде кемшіліктер бар. Мәселен, Петропавлға Қы­зылжар атауын қайтаратын кез әлдеқашан келді. Бірақ сең қозғалмай тұр. Аға буын осыған ықпал етудің жолын ойластырды ма?

– Қызылжар өзінің тарихи атауын қайтарса, қуанбайтын қа­зақ жоқ шығар. Сол күнді көру біз­ге де бұйырса деймін. Бірақ Пет­ропавлдың атауын ауыстыру бір күнде шешіле салатын мәселе емес. Бүгін біз алмағайып кезеңде өмір сүрудеміз. “Құланның қа­сынуына, шүріппенің басылуы”, – демекші онсыз да тиісерге қара таппай отырған кейбір елдер бұл жағдайды өз мақсаттарына пай­да­лануы да ғажап емес. “Жау қай­да деме, жар астында”, – деп ха­лық тауып айтқан ғой. Сондықтан асығып-аптықпай, бұл мәселені безбенге салу қажет. Өзгесін айт­пағанда біз ең әуелі Петропавл қаласындағы көшелерге қазақша атау беруді ойластырғанымыз жөн. Облыс орталығындағы қан­ш­ама көшеге біз білмейтін тұлға­лардың есімі берілген. Оларды қазақшаға ауыстыратын уақыт келген сияқты. Бұл жағдайда біз батыс, оңтүстік, тіпті мынау Көк­шеден үлгі алуымыз керек.

– Ашық әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Суретті түсірген

Аяжан НҰРАХМЕТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp