Облыс полицейлері жаяу жүргіншілерді қағып кетуге қатысты жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жұмысты күшейтті. “Алтын арман” және “Тайга” базарларының маңы, Петропавлдағы басқа да адамдар көп шоғырланған жерлер ерекше бақылауға алынған. Тәжірибе көрсеткендей, дәл сол жерде адамдар белгіленбеген жерден көшені кесіп өтеді және осы маңда олардың өміріне үлкен қауіп төнеді. 7 ай ішінде облыс орталығында жаяу жүргіншілерді 44 рет көлік қағып кеткен.
Жыл басынан бері облыста дәл осындай 53 жол-көлік оқиғасы тіркелді, салдарынан 2 адам қаза тауып, 52 адам түрлі дене жарақаттарын алды. Шамамен әрбір төртінші адам жақын келе жатқан көліктің алдынан жолды кесіп өткен, 15 жол-көлік оқиғасына жаяу жүргіншілердің өздері кінәлі болды.
“Зардап шеккен 20 жаяу жүргінші кәмелетке толмаған. Сондықтан ересектерден балаларға үлгі болатынын есте сақтауларын сұраймыз, – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құрманғали Ысмағұлов.
Облыс аумағында 12 тамызда басталған “Жаяу жүргінші” жедел алдын алу іс-шарасының мақсаты жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін нығайтуға бағытталған. Қаңтар айынан бастап жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 4719 жаяу жүргінші мен жаяу жүргіншіге жол бермеген 619 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.
Самрат Құскенов,
“Soltüstık Qazaqstan”.