«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚЫЗЫЛЖАРҒА ӘДЕБИЕТ МҰРАЖАЙЫ ҚАЖЕТ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Солтүстік Қазақстан облысы – Қожаберген жырау, Сегіз сері, Ақан сері, Шал ақын, Мағжан Жұмабаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Сафуан Шаймерденов, Кәкімбек Салықов, Ермек Серкебаев бастаған марқасқалардың кіндік қаны тамған жер. Иә, өз туған жерімен, сол топырақта дүниеге келген ұлыларымен мақтанғанды кім жек көрсін? Алайда қазақтың біртуар ұлдарынан қалған мол мұраны көздің қарашығындай сақтай алмай отырғанымыз елдігімізге сын емес пе?

Алысқа шаппай, мәселені өз ұшқан ұям – Амангелдіден бастайын. 1992 жылы мектептің бір кабинетін мұражай қылу үшін Қазақстанның Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтің мерейтойы қарсаңында сол кездегі директоры Қарақат Шалабаев Сафекеңнің Алматыдағы үйіне барып, қажет дүниелерді алып келді.

Мұражай білім ошағының шаңырағы ортасына түсіп, бұзылғанша елдің игілігіне қызмет еткен еді. 2017 жылы мектеп бұзылған соң, музейдегі жәдігерлердің қайда қалғанын ешкім білмейді. Жазушының кейбір заттары Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияға табысталғанын естісек те, ауылдастарының, яғни, “Ағалардың алақанында” жазылған кейіпкерлердің ұрпақтары тапсырған құнды жәдігерлерінің нақты қайда кеткенін біле алмадық.

Жуырда Сәбит Мұқановтың туған жеріндегі мектептің де жабылғанын естідік. Мектеп болмаса, ауылдағы ағайын өзіне ыңғайлы елді мекенге қоныс аударатыны табиғи заңдылық. Сонда музейдегі жәдігерлер кімге аманат? Қазір жұмыс істеп тұрғанымен оның да бір күні есігіне қара құлып ілінері анық. Жаңажол ауылындағы Ғабит Мүсіреповтің мұражай-үйі 2017 жылы барғанымызда төбесінен су ағып тұрғандықтан ауылдық Мәдениет үйінің бір кабинетіне көшірілгенін естідік. Сол кезде музей меңгерушісі Клара Қошаева күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін айтқанды. Содан бері жеті жылдай уақыт өтті. Биыл мамыр айында барғанымызда 500-ден астам жәдігер сол күйі ауылдық Мәдениет үйінің бір бұрышында тұрғанын көрдік.

Сонда Жамбыл ауданының әкімі Азамат Бектасов Пресновкадағы бұрын “Быткомбинат” болған екі қабатты ғимаратты аудандық тарихи-өлкетану музейі қылуға ниеттеніп отырғанын жеткізді. “Ұлылар мекені” атанған аудан тарихын қамтамасыз ететін бір мұражай қажет деген күннің өзінде де облыс орталығынан шалғай жерде орналасқан мәдениет ошағына екінің бірі ат басын бұра бермейтіні белгілі.

Олай дейтінім, Қазақстан Жазушылар одағының жаңа жобасымен Қызылжар өңіріндегі отаршылдықтың зардабын тартқандардың ұрпақтарымен кездесіп, көркем шығарма жазуға ниеттенген жазушы Есбол Нұрахметті Жамбыл ауданына апаратын көлік таба алмай сандалғанымыз әлі есімде.

“Qyzyljar nūry” қалалық газетінің биылғы 26 қаңтардағы санында ұлы ақынымыз Мағжан Жұмабаевтың жары Зылиха Құрманбайқызының туғанына 130 жыл толуына орай жазған “Мағжан мұрасының шырақшысы” атты мақаламда “Информвест” газетінің редакциясының ғимаратында жас отбасының тұрғанын айтып, оны әдебиет және мәдениет мұражайына айналдыруды ұсынған едім. Бұл ойды 20 жыл бұрын Қазақстанның құрметті журналисі Өмір Есқали айтқан болатын.

– 2000 жылдардың басында ғимаратты әдеби-шығармашылық үй етіп құру жөнінде бірнеше хат жазған едік. Ғаділша Қаһарман ағаның өзі арнайы кіріп, келісімін алған. Ондағы ойымыз – Қожаберген жыраудан бастап, қазіргі заманның ақын-жазушыларының мұраларын жинақтау еді. С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов мұражайларын осында көшіру, осылайша бір жерге түйістіру мәселесі де қозғалғанды. Берілетін болды деген ақпараттар жарияланып та кетті. Басында келіскен әкім кейін аяқасты айнып қалды. Кейін қайтаруға ұмтылыс жасалғанымен, ғимарат иесі әкесінің құнын сұрады. Бермеудің амалы ғой, – дейді ардагер журналист Өмір Есқали.

Ауылдардағы мұражайлардың мүшкіл жағдайына алаңдап жүрген өлкетанушы Дәстен Баймұқановтың айтуынша, ондағы жәдігерлер күтім көрмей, сарғайып, бүлініп жатыр. Әрі шалғайдағы мұражайларға баратын адам аяғы аз. Соны негізге алып, Петропавл қаласында Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының бұрынғы ғимаратында Әдебиет музейін ашып, Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов мұражайларындағы жәдігерлерді және жалпы барлық жерлес ақын-жазушылардың жеке заттарын бір жерге шоғырландыруды ұсынып отыр. Өлкетанушыны “AMANAT” партиясы облыстық филиалы жанындағы “Miras” қоғамдық кеңесінің өкілдері бір ауыздан қолдағанымен, бұл ұсыныс іске аспады.

– Өткен ғасырдың соңында халық арасында “Қалыңдық үйі” деп аталып кеткен, өз тарихы мен бірегей архитектуралық келбеті бар көпес Янгуразовтың үйін әдебиет пен мәдениет мұражайы қылайық деген ұсыныс тастаған болатынбыз. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында тұрғызылғанын негізге ала отырып, руханият ордасы қылмақ едік. Бұл ойымыз жүзеге аспады, – дейді Дәстен Баймұқанов.

Музей – елдің рухани қоры, мәдени мәйегі. Яғни, ұлттық кодтың қоймасы деуге болады. Сондықтан әрбір ауылда музейдің жұмыс істегені құптарлық. Әсіресе, білім ордаларында елді мекеннің өткені мен бүгінін танытатын музейлер баршылық. Алайда кейбір ауылдардың хәлі мүшкіл, бала саны азайып, мектептер жабылуда. Ал сондай мектептерде сақталған тарихи құнды жәдігерлердің тағдыры белгісіз. Жәдігерлердің құндылығын кез келген адам түсініп байыбына бара бермейді. Шал ақын ауданындағы Ғалым Малдыбаев атындағы Жаңажол орта мектебіне барғанымызда мұражай дәлізде тұр. Осыны көзбен көрген соң ақынның Алматыда тұратын баласы Шашубай Малдыбаевқа хабарласқанымызда, бәріне мектеп әкімшілігі жауапты екенін айтып, есімі белгілі жерлестеріміздің жеке заттарына арналған руханият ордасын ашу керек деген ойымен бөлісті.

“Мақтан тұтар жерлестеріміз жеткілікті ғой. Әдебиет пен мәдениет мұражайын ашсақ, қандай тамаша болар еді. Ұлыларымызға мәңгілік ескерткіш болып қалар еді. Мұндай игілікті істі атқарсақ аруақтар шат болады. Мен 1990 жылдары айтқан кезде ешкім қолдамай қойған. Өткенімізбен мақтануды білсек те, келешекті ойлағанда көрегенділік таныта алмай отырмыз”, – дейді тектінің ұрпағы.

Көненің көзіндей сақталған жәдігерлеріміздің ұлықталмай жатқанына алаңдаған Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Маржан Таушарова Приишим орта мектебіндегі мұражайда балалар жазушысы Зейнелғаби Иманбаевтың жеке заттары талан-таражға салынып, домбырасы жоғалған соң қызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтын Иманбаева 2019 жылы 160-тан астам бағалы дүниесін музейге алып келгенін айтты.

– Біз үшін таптырмас рухани байлық – өткеннің көзі. Жабылу үстінде тұрған білім ошақтарындағы жәдігерлер аудандық мұражайға тапсырылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мәселен, 2023 жылы ауданымызға қарасты талай дүлдүлдердің кіндік қаны тамған, ну тоғайларында бұлбұлдары сайраған, қасиетті елді мекен – Көктерек ауылының білім ошағы жабылып, 50-ден астам тарихи құндылығы бар жәдігер бізге табысталды. Музейдегі жәдігерлердің басым көпшілігі – жазушы, Қазақ КСР Жазушылар одағының мүшесі, білім беру ісінің үздігі Ермек Қонарбаевқа тиесілі. Қаламгердің қызы Нұрлыгүл Ермекқызы әкесінің жеке заттарын аудандық мұражайға тапсырып, бізді рухани байытты”, – дейді Маржан Таушарова.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Айқын Нұрқатов атындағы Шұқыркөл орта мектебінің мұражайындағы жәдігерлермен танысқанымда ішегі, тиегі, екі құлағы жоқ домбыраға көзім түсті. Ұлттық аспабымыздың қор болғанына қаным қарайды.

Ауылдық жерлерге барғанымызда көптеген мұражайларда жәдігерлер туралы сұрасақ, өзіңе таңырқап қарайтын экскурсия жүргізушілері де баршылық. Әр жәдігер “Кім табыстады?”, “Қай жылы әкелінді?”, “Қай ғасырларда пайдаланылды?”, “Қайда басылған?” “Қайдан шығарылған?” деген сұрақтарға міндетті түрде жауап беруге тиіс. Шоқан Уәлиханов атындағы Сырымбет тарихи-этнографиялық мұражайының, Мағжан Жұмабаев пен Ғабит Мүсірепов музейлерінің меңгерушілері Нұргүл Құлбаева, Айгүл Жүнісбаева мен Клара Қошаева, Шал ақын аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Маржан Таушаровалар әрбір экспонаттың қыр-сырын талдап, талқылағанда сол заттар, олардың иесі туралы толық мағлұмат аласыз.

Урбанизацияның ауқымы мен қарқынды дамуы бәрінен бұрын руханиятымызға кері әсерін тигізбей қоймайды. Ауылдан қалаға көшкендердің көбеюіне байланысты мұражайдағы көздің қарашығындай сақтайтын жәдігерлер қорғансыз қалып жатыр. Тек қана ауылдық мұражайлар ғана емес, көптеген қаламгерлердің балалары әкелері пайдаланған жеке заттарын музейдің қорына табыстамай, көшіп-қонып жүргенінде қайда қалғанын білмей жоғалтып алуда.

Әдебиет пен мәдениет мұражайы ашылса, рухани жаңғыруымызға оң әсерін тигізіп, өңір жастарының көкірек көзін ашар еді. Бұған облыстың әрбір тұрғыны қызмет етуі тиіс.

Самрат ҚҰСКЕНОВ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp