«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Махаббат — мәңгілік тақырып

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әзілхан Нұршайықовтың 1970 жылы жарық көрген “Махаббат, қызық мол жылдар” романын оқымаған адам жоқ шығар. Жастық шақтың боямасыз сәттерін көз алдыңа әкелген ұлы шығармада Ербол жақсы жігіт, Меңтай білімді қыз екенін көрсетіп қана қоймай, солар арқылы халқымыздың бойындағы кейінгі ұрпаққа үлгі боларлық дәстүр, қасиеттерін насихаттауды көздегенін көруге болады. “Апамның айтқандары”, “Өз ойларым”, “Алтын діңгек” сияқты тараулар автордың ойын нақтылай түседі.

Тек қана екі жастың арасындағы сезімді баяндаумен шектелмей, оқырманын адалдыққа, адамгершілікке жетелейтінін айта кеткеніміз жөн болар. Әлеуметтік желідегі парақшаларда жазылып жүрген Ә.Нұршайықовтың қанатты сөздерінің көбі осы “Махаббат, қызық мол жылдардан” алынғанын көркем туындымен таныс адамдар бірден аңғарады. Бірақ оқығанда жаңа ғана естігендей әсер аласың.

Автор соғыстан келген жас солдаттың ойларын көпшілікке паш ете отырып, оның №33 аудиторияда өзін гүлге толған бақта отырғандай сезінуі, қыздардың тастай қылып өрілген бұрымдарына көз салуы, достарын, сүйгенін кездестіруі, болашағына жол ашып, өз жолын табуын баяндай келіп, махаббаттың адам өмірінде маңызды рөл атқаратынын жеткізе алған.

Шығарманың соңында Меңтай бала туу үстінде дүние салады. Қапаланған Ерболмен бірге өзің де қайғырасың, әйел бақытына бөлене алмай кеткен Меңтайды ойлап, уайымдайсың. Дегенмен де, Ербол мен Меңтайдың арасындағы ескірмейтін махаббаттың болғанына көз жеткізіп, жаныңды жұбатасың. Себебі қыздың ойларын, уайымын, жігітке деген махаббатын күнделігі арқылы таныстыра отырып, нәзік жанның ұяңдығын ашық көрсете алғаны үшін авторға ризашылығыңды білдіресің.

“Махаббат, қызық мол жылдар” – телехикая болып көгілдір экранға да шыққан, театрда да спектакль болып сахналанған, таралымы кең шығарма. Алайда кітабын оқып, оқиғаларын өз қиялыңмен өрлете отырып, санаңды дамытқанға ештеңе де жетпейді.

Біз театр сахнасында өнер көрсетіп жүргендіктен проза жанрында жазылған туындыларды күнде оқимыз. Кітап оқыған сайын есте сақтау қабілетің дами түсетінін руханиятта жүрген адамдар жақсы біледі.

Тұрақ ДҰРЫСБЕКОВ,

С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының әртісі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp