«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Өңірдің үздік мектебі анықталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Оқушылар сарайында “Digital Kazakhstan: Жаңа замандағы бі­лім беру” атты педагогикалық қыз­меткерлердің тамыз кеңесі өтті. Конференцияға облыс әкімінің бі­рінші орынбасары Марат Тасма­ғанбетов пен педагогтар, еңбек ардагерлері мен жас мамандар қатысты.

Алқалы жиында облыстық бі­лім басқармасының басшысы Ай­на­гүл Сұрағанова өткен оқу жы­лы­ның қорытындылары мен алда тұр­­ған ауқымды міндеттер туралы баяндама жасады. Ол атал­мыш са­­ланы дамыту мақсатында өңір­лік жол картасы, “барлығына қолже­­тімді сапалы білім” мен тағы басқа да бағдарламалар жүзеге асы­рылып жатқанын тілге тиек етті.

– Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету бойын­ша кешенді шараларды жүзе­ге асыру қажет. Бүгінгі таңда ба­лабақшалар мен шағын орталық­тарға баратын 2-6 жасқа дейінгі балалардың үлесі 93,9 пайызды құрайды.

Бүлдіршіндерді мектепке дейін­гі білім және тәрбиемен қамту көрсеткіші жоғары болға­нымен, облыс орталығында әлі де орын тапшылығы бар. Кезек са­нын азайту үшін биыл 300 жаңа орын ашу жоспарлануда. Бұл мектепке дейінгі біліммен ба­лалардың 95 пайызын қамта­ма­сыз етуге мүмкіндік береді, – дей келе облыстық білім басқар­ма­сының басшысы Айнагүл Сұ­ра­ғанова білім сапасын арттыру мәселесі қазіргі таңда тек Қазақ­стан үшін ғана емес, әлемнің көп­теген елдері үшін ең өзекті мәсе­лелердің бірі болып табылатынын айтты. Бұл мақсатта білім беру ұйымдарына монито­ринг жүргізі­ліп, оның қорытындысы бойын­ша 943 нысаналы мектеп анық­талды. Біздің облыста республи­калық жобаға 128 мектеп кірді. Ны­са­налы мектеп­термен жұмысты үйлестіру үшін өңірде жобалық кең­се құ­рылғанын да айтып өту қажет. Жиында білім беру ұйым­дарының мат­ериалдық-техникалық базасы да назардан тыс қал­ма­ды. Екі жыл­дың ішінде өңір­дегі бес мек­теп заманауи құрал­дармен жабдықталды. Инвестиция көлемі 1 миллиард 250 миллион теңгені құрады.

Педагогтардың тамыз кеңе­сінде сөз алған облыс әкімінің бі­рінші орынбасары Марат Тасма­­ғанбетов те аталмыш сала бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқ­талды.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы Тайынша ауданындағы апатты оқу ордаларының орны­на екі мектеп салынды. Оның бірі –Тайынша қаласында, екін­шісі – Вишневка ауылында. Биыл 1 қыркүйекке дейін Драго­ми­ровка ауылында 120 орындық мектептің құрылысы аяқталады. Петропавл қала­сында да орын тапшылығын азайту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. “Жайлы мектеп” республикалық жо­басы аясында биыл 1200 орын­дық 2 мектептің (“Орман”, “Бе­реке” шағын­аудандары) құрылысы аяқталуда. 1500 орындық тағы екі мектептің құрылысы басталды. Жалпы 3 жылдың ішін­де облыс­та жеті мектеп са­луды жос­парлап отырмыз, – деді Марат Иманбайұлы. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Пет­ропавл қаласындағы “Береке”, “Жас өр­кен” шағынаудандарын­да қос балабақша құрылысы жүріп жатқанын тілге тиек етті. “Бірлік” шағынауданында да бала­бақша құрылысы басталса, 600 орындық мектеп салу жос­парланып отырғанын жеткізді.

Конференцияда облыстық бі­лім саласындағы сапаны қамта­масыз ету департаментінің бас­шысы Гүлнар Таласбаева мен ша­раға онлайн қатысқан Ы.Ал­тынсарин атындағы Ұлттық бі­лім академиясының ауылдық шағын жи­нақты мектептерді да­мыту ор­талығының жетекші ғы­лыми қызметкері, филология ғы­лымда­рының кандидаты Алмагүл Мұқышеваның таза қазақ ті­лінде жа­саған баяндамасы да көңілден шыққанын айту қажет.

Тамыз конференциясы қарса­ңында облыста 300-ге жуық адамды қамтитын 10 секциялық алаң жұмыс істегенін де атап өту артық болмас. “Баршаға қол­же­тімді сапалы білім: мектеп­терді бірлесіп дамыту страте­гиялары” атты секциялық оты­рыстың бі­рінде нысаналы мек­тептер жайы талқыланды.

2024-2025 оқу жылында атал­мыш жобаға біздің өңірден 20 мектеп, 10 ментор қатысады. Аталмыш жоба аясында облыс­та­ғы 554 педагог­ты курс­тан өт­кізу жоспарлануда. Секциялық отырысқа арнайы қатысқан “Ах­мет Байтұрсынұлы атындағы “Тал­дау” ұлттық зерттеулер және бі­лімді бағалау орталығы­ның өкілі Салтанат Мұхамеджа­нова өткен жылдан бастап “Баршаға қолжетімді сапалы білім” ұлттық баяндама жобасын жүзе­ге асыру қол­ға алынғанын жеткізді.

– Әр өңірде нысаналы мек­тептердің тізімі анықталды. Ны­саналы мектептермен жұмыс іс­теп, әдістемелік қолдау көрсету үшін әрбір өңірде жобалық кең­се құрылды. Жобаны іске асыру аясында нысаналы мектеп­тер­дің үлесін 2028 жылға дейін 32 пайыздан 15 пайызға дейін төмендету күтілуде, – деді ол.

Тамыз кеңесінде орта білім беру ұйымдары арасында өткен байқауда жеңіске жеткен Петро­павл қаласының Бірінші IT-лицейі марапатталды. Аталмыш бі­лім ордасының бас­шысы Оксана Новиковаға 68 мил­лион теңгенің сертификаты та­быс етілді. Сон­дай-ақ шарада бірқатар педагог “Ербек ардаге­рі”, “Білім беру ісі­нің құрметті қыз­меткері” медаль­дарымен мара­патталса, Әйге­рім Ақмамбаева, Галина Штейванд, Елена Беляе­ва “Ыбырай Алтын­са­рин” төсбелгісін алды. Оксана Юрченко мектепке дейінгі тәрбие мен оқу ісінің үздігі атанса, ұс­таздардың бір тобы Оқу-ағарту министрлі­гінің Құрмет грамота­сы мен Алғыс хатта­рына ие бол­ды. 2024 жылғы бі­лім алушылар жетістіктерінің мониторингі бойынша жоғары нәтиже көрсет­кен Шал ақын ауданының Есім Шайкин атындағы және Жамбыл ауданының Благовещенка орта мектептері ар­найы дипломмен марапатталды.

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp