Соңғы кездері өңірімізде мотокөлік құралдарының қатысуымен жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, биылғы жылдың 6 айында облыс аумағында мопедтердің қатысуымен 10 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 11 адам жарақат алды. Өкініштісі, екі доңғалақты көлік құралын жүргізіп, апатқа ұшырайтындардың дені – кәмелет жасына толмаған жасөспірімдер. Сонымен қатар тергеу жұмыстарының барлығы да жол апатына мотокөлік жүргізушілерінің кінәлі екендігін, сондай-ақ олардың жол жүру ережелерін сақтамайтынын көрсеткен.
Мопед – ірі қалаларда кептелістен құтқаратын көлік. Тапсырыспен тамақ жеткізу, тауар тасу қызметінде жүргендер де осы көлік құралын таңдайды.
Облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Азамат Жамұқовтың айтуынша, көліктердің арасымен жүйткіп жүретін мотокөлік иелері көбінесе жылдамдықты арттырып, бағдаршамға бағынбайды. Кейде тіпті қарсы бағытқа шығып кетеді. Келеңсіз оқиғаның алдын алу үшін жол полицейлері үздіксіз рейд ұйымдастырып, балалар мен ата-аналарға мопед жүргізудің талаптарын түсіндіруде. Осындай профилактикалық іс-шаралар барысында жыл басынан бері жол ережесін сақтамай мопед басқарған 43 жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Мотоцикл жүргізушілеріне қатысты жағдайлар тіпті жан түршігерлік. Еске салсақ, 17-шілдеде Петропавл қаласындағы Панфилов және Караванная көшелерінің қиылысында түнгі сағат 23.00 шамасында “RC200” маркалы мотоцикл мен “Honda Accord” автокөлігі соқтығысты. Мотоцикл тізгіндеген 17 жасар жасөспірім көп қан жоғалтып, аса ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Бас және дененің бірнеше ауыр жарақаттарын алған жасөспірімге дәрігерлер күрделі ота жасап, шұғыл кеңестің қорытындысымен бүйрегі алынып тасталды. Көлік жүргізушісі де ауруханаға жатып шықты.
– Аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу ісі жүріп жатыр. Осындай келеңсіз жайттарды болдырмау, алдын алу үшін бос уақыттарын далада өткізетін балаларын ата-аналары бақылауда ұстап отырулары керек. Сонымен қатар ата-аналарды кәмелет жасына жетпеген жеткіншектердің түн уақытында өз бетімен жүруіне жол бермеуге, суға шомылатын орындарда қараусыз қалдырмауға және жол жүру қағидаларын қатаң сақтауды қадағалап отыруға шақырамыз.
Көлік жүргізушілері секілді мопед мінгендер мен жаяу жүргіншілердің барлығы да жол қозғалысының қатысушылары ретінде ережелерді сақтап, талапқа бағынулары тиіс. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында жүргізушілерге жылдамдықты асырмай, жол жүру ережесіне бағынып, қатаң сақтауларын ескертеміз, – дейді полиция майоры Азамат Жамұқов.
Былтырғы 30 тамыздан бастап шағын электрокөліктер мен электросамокат пайдалануды реттейтін “Жол жүрісін ұйымдастыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң күшіне енді. Соған сәйкес, мопед, скутер, электросамокаттардың жүргізушілері жол жүру қағидаларын бұзса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 615, 593, 620 баптары және 612-бабының 1-бөлігі бойынша жауапкершілікке тартылады. Жол жүру қозғалысына қатысушы ретінде мопед тізгіндегендер міндетті түрде өз көлік құралын тіркеуге қоюлары керек және жүргізуші куәлігін иемденуге тиіс.
Заңға сәйкес, мотоцикл, скутер, трицикл, квадроцикл және мопед иелеріне “А1” және “А” жүргізуші куәлігін алу міндеттеледі. Яғни, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрге дейінгі мопедтер көлік құралы санатына кіреді. Ал 125 куб. см көлемінен жоғары қозғалтқыш болса, “А” деңгейіндегі куәлік алуға тиіс. Заң бойынша “А1” деңгейін 16 жасқа толғандар, ал “А” деңгейін 18 жасқа толғандар ала алады. Жүргізуші куәлігі бар адамдар да жүргізушілерді даярлайтын бөлімшелерден сабақ алуы қажет. Сондай-ақ теориялық және практикалық емтихан тапсырулары міндеттеледі. Сол секілді жүргізушіде A, B, C санатындағы куәліктері болған жағдайда мопедтерді басқаруға “A1” санаты автоматты түрде беріледі. Бұдан өзге “қозғалтқышы бар велосипед” ұғымы енгізілген. Яғни қозғалтқышы бар велосипедті жаяу жүруге арналған жолдар мен тротуарларда жүргізуге тыйым салынады.
Полиция майоры Азамат Жамұқов жол жүру қағидаларының 22 тарауының талаптарына сәйкес, велосипедшілерге қатысты талаптарға тоқталды. Айтуынша, қазіргі уақытта жаяу жүргіншілер тротуарларда велосипедшілердің кедергі келтіретінін айтып көп шағымданады. Полиция қызметкерлері осыған байланысты велосипед жүргізетін азаматтар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейткен.
– Велосипедшілер велосипед жолағымен жүруге тиіс, егер ол болмаса, жолдың оң жақ шетімен, тротуармен және жаяу жүргіншілер өткелімен жүреді. Он төрт жасқа толмаған азаматтарға жолдың оң жақ шетімен, маршруттық көліктерге арналған жолақпен жүруге рұқсат етілмейді. Велосипедшілер жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмеуі керек, – дейді Азамат Жамұқов.
Сол секілді велосипедшілер жол үстімен бір-бірінің соңынан тек бір қатар болып қана жүруі керек. Сонымен қатар велосипедті бір қолмен жүргізуге, велосипедтің артынан және қабырғасынан 50 см-ден артық шығып тұратын немесе велосипедті басқаруға кедергі жасайтын жүкті тасымалдауға, велосипед жолағы бола тұра жолдың оң жақ шетімен жүруге, трамвай линиялары бар жолдарда солға бұрылуға немесе кері бұрылуға, басқа бір велосипедті сүйреуге тыйым салынады. Егер велосипед жолағы негізгі жолмен қиылысқан жағдайда, велосипед пен мопед жүргізушілері негізгі жолдағы көліктерге жол беруге тиіс.
Мамандар велосипедшілер жаяу жүргіншілер өткелінен өтерде велосипедтен түсіп, жаяу өтулері қажет екенін ескертеді. Өйткені автокөліктердің жүргізушілері оларды бірден байқамайды, тежегішті басып үлгере алмай, қағып кетуі мүмкін. Кейбір велосипедшілер қозғалыс кезінде құлаққаппен жүреді. Олар мұндай кезде бағдаршамның дыбысын, көліктердің сигналын және жол қозғалысының басқа қатысушыларының дыбыс белгілерін естімейді.
Велосипед жүргізушілеріне шынтақ, тізе қорғағыштар мен шлем кию міндеттеледі. Бұдан бөлек, тәуліктің қараңғы уақытында анық көріну үшін велосипедте катафоттар, артқы және алдыңғы шамдар, жарық қайтарғыш ленталар, дыбыс сигналы орнатылған болуы керек. Түнгі уақытта жол қозғалысының басқа қатысушыларына көріну үшін жарық қайтарғыш элементтері бар киім кигені абзал.
Құқық қорғау өкілінен мотоциклмен дарылдатып түн тыныштығын бұзатындарға қатысты жауапкершілікті сұрадық. Айтуынша, мотоцикл жүргізушілері тыныштықты бұзған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 437-бабы “Тыныштықты бұзу” бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл орайда патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күн сайын мотоцикл жүргізушілерінің қозғалысын бақылап, олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Егер мотоцикл жүргізушілері тұрғындардың мазасын алса, “Play Market” арқылы 102-косымшасына кіріп, шағым қалдыруына мүмкіндігі бар. Шағымданушының арыз түсірген, сондай-ақ видеотүсірілім жолдаған уақыты сақталады. Мұнымен қатар полиция департаментінің әлеуметтік желілердегі парақшаларына жүгінуге болады.
Иә, кейбір ата-аналар балаларын “Қатарынан қалмасын” деген түсінікпен екі доңғалақты көлік құралына мінгізіп, өзгенің өміріне қауіп төндіріп, қайғылы оқиғаға өздері итермелеп жататыны өкінішті. Осындайда баланың айтқанын істеймін деп жүріп, болашағына балта шауып алмаса екен дегіміз келеді.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.