Қыркүйектің 8-13 күндері аралығында Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтетіні белгілі. Биылғы спорт шарасына 89 елден 2 мыңнан астам спортшы қатысады. Бүгіндері ұлттық құрама сапында өнер көрсететін саңлақтардың есімдері анықталып жатыр.
Қазіргі уақытта қазақ күресінен ел намысын қорғайтын балуандар тізімі жасақталуда. Әзірге өңірімізден 60 килограмм салмақ дәрежесінде белдесетін бір спортшының есімі белгілі, ол – Мейіржан Берекетов. Қазақ күресінен Ұлттық құраманың бас бапкері Ғани Келдіқұловтың айтуынша, көшпенділер ойындары алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиыны тамыздың 27-сі мен қыркүйектің 7-сі күндері аралығында Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді.
– Қазақ күресінен ұлттық құрама бесінші оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр. Спортшыларымыз тау бөктерінде шынығып, шетелдік балуандармен тәжірибе алмасқан болатын. Спортшылар алдағы маңызды жарысқа физикалық тұрғыдан да, тәжірибе жағынан да толықтай дайын деп ойлаймын. Ал соңғы оқу-жаттығу жиынында салмақ қуу және қалыпқа келу жұмыстарына басымдық берілетін болады. Осындай ірі жарыстар біздің балуандарымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спортшыларымыз ел намысын абыроймен қорғап, жүлдегерлердің қатарынан көріну үшін барын салатынына сенімдімін, – дейді Ғани Құдайбергенұлы.
Сондай-ақ бес асықтан да команда жасақталды. Биыл ұлттық құрама сапында ел намысын солтүстікқазақстандық бұрымды қыз Сәния Әскер қорғамақ. Бұдан бөлек, жерлестеріміз ат спорты түрлерінен де бақ сынамақ. Жарыс жолына Евгений Чибисов тізгіндеген “Аквамарин” атты сәйгүлік шықпақ. Бұл тұлпар Азия кубогының бес дүркін жеңімпазы, облыс кубогында жеті шақырым қашықтықтағы жорға жарысында мәре сызығын бірінші болып кесті, Айыртау ауданында өткен ұлттық спорт түрлерінен облыстық фестивальде және Алматы облысының кубогында жеңіске жеткен.
– Тоғыз жасар француз жылқысы бабында, жігерлі, икемді әрі ақылды. Өзіне қандай талап қойылғанын бірден ұғады. Жалпы “Аквамарин” қазір ипподромдағы ең мықты аттардың бірі, – дейді ат спортынан Қазақстан Республикасының спорт шебері Евгений Чибисов.
Биылғы көшпенділер ойындарына белгілі кәсіпкер Біржан Шаймерденовтің “Қамысқұлағы” да қатыспақ. Атбегі Қуаныш Шахамбаевтың айтуынша, сәйгүлік тамыз айының басында Павлодар облысында өткен Қазақстан чемпионатында құнан бәйгеге шапқан. Он шақырым қашықтықты оңай еңсеріп, жеңіске жеткен болатын. Енді көшпенділер ойындарында 11 шақырым қашықтықтағы құнан бәйгеге қатысады.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.