Ерекше тауарларға бақылау заңнамасын сақтамағандар жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Төленді Керімбеков баяндады.
“Ерекше тауарларды бақылау туралы” Заңның 9-бабына сәйкес ерекше тауарлардың мемлекеттік шекара арқылы өткізілуін бақылау мемлекеттік кіріс органдарына жүктелген. Спикердің айтуынша, ерекше тауарлардың бақылау тізіміне жабдықтардың кейбір түрлері, фрезерлік станоктар, ұшқышсыз ұшу аппараттары, газқағарлар, арнайы құралдармен өңделген арнайы киім, ұнтақтар, оның ішінде күкірт, сонымен қатар бейбіт уақытта да, әскери мақсатта да пайдаланылуы мүмкін тауарлар жатады.
Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекара арқылы өтетін тауарларға бақылау тауарға ілеспе құжаттар негізінде жүзеге асырылады. 2023 жылғы 1 сәуірден бастап тауарларға электрондық ілеспе жүкқұжаттар енгізілгендіктен енді олар электрондық цифрлық қолтаңба арқылы шекарадан өткенге дейін ресімделеді. Тауарларға электрондық ілеспе жүкқұжаттарды мемлекеттік кірістер органдарының ақпараттық жүйесінде ресімдеу кезінде сыртқы экономикалық қызметтің жүкқұжатының коды бойынша рұқсат беру құжатының болуы қажеттігі туралы хабардар ете отырып, ерекше тауарларды өткізу автоматты түрде айқындалады. Рұқсат беру құжаттары болмаған жағдайда мемлекеттік кіріс органдары ерекше тауарларды шекара арқылы өткізуге жол бермейді.
Мемлекеттік шекара арқылы өткізу кезінде ерекше тауарларды бақылау туралы заңнаманы сақтамағандарға Қылмыстық кодекстің 275, 286-баптары бойынша және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 463, 545-баптары бойынша жауапкершіліктер көзделген.
– 2023 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен шекарада бақылау тізіміне лицензиясыз және ерекше тауарларды сәйкестендіру туралы қорытындысыз енгізілген тауарларды өткізудің 169 әрекеті, биыл 26 жағдайы анықталды. Көрсетілген фактілер бойынша сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар рұқсат құжаттарын алу үшін Өнеркәсіп және құрылыс комитетіне жіберілді, – дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Төленді Керімбеков.
Гүлфайруз ТӨРЕМҰРАТОВА,
“Soltüstık Qazaqstan”.