Петропавлда облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы және “Fitness family Center”-дің ұйымдастыруымен отбасылық құндылықтар мен физикалық дамуды насихаттауға арналған “FITNESS FAMILY FEST” фестивалі өтті. Аталған шарада жеке тұлғаны дамытуға, отбасындағы қарым-қатынасты нығайтуға және түрлі бағытта тәжірибе алмасуға арналған шаралар ұйымдастырылды.
Орталық алаңға жиналған қауым асық атып, бес тас ойнап, тоғызқұмалақтан жарысқа түсті. Шарада өңіріміздің спортшылары жаттықтырушыларымен бірге сахнада өнер көрсетті. Фитнес топтардың қойылымдары ұсынылып, көрермендерге тоқсаныншы жылдардағы фитнес-жаттығуларға, йога, зумба (балалар мен ересектерге арналған), пилатес бойынша шеберлік сабақтарына қатысу мүмкіндігі берілді. Ал көрермендер арасынан ең белсенді қатысушылар фестиваль ұйымдастырушылары мен демеушілерінен бағалы сыйлықтар алды.
Ләзиза МЫРЗАНТАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.