«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Ұстазға құрмет – тәрбиеден

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біз ұстазын төрге шығарып, құрметтейтін қоғам құруымыз керек. Себебі білім беру саласының қызметкерлеріне көптің бірі деп қарауға болмайды. Кейде бір-екі баласын тәрбиелей алмай отырғандар жиырма оқушымен жұмыс істейтін педагогтарға мін тағып отырады. Соған қарап, білім беру саласы қызметкерлеріне деген құрмет кенжелеп бара ма деген ойға қалатыным бар.

Ұстаз – ұлтты тәрбиелейтін тұлға. Тұлғаның тұғырынан түсу-түспеуі қоғамның өзіне байланысты. Тұлғаны ірілендіретін де, ұсақтайтын да – қоғам. “Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват”, – деп қазақтың бас ақыны Абай отыз жетінші қара сөзінде айтқандай, адамның көбі ұстазының берген бағыт-бағдарымен жүрмейді, ортасына қарай бейімделетіні айтпаса да түсінікті.

“Ұстаздық –ұлық емес, ұлы қызмет”, – деп халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы айтқандай-ақ, ұлы қызметке сай еңбек етіп келе жатқан әріптестерімнің барын мақтанышпен айтамын. Педагог статусына мін тағатын әлеумет өз көзқарасының төмен екенін көрсетеді.

Бүгінгі таңда белсенділіктің мән-мағынасы жоғалып жатқандай көрінеді. Ел үшін ештеңе етпесе де, ғаламтор желісінде қисынға келсін, келмесін өз пікірлерін жазғыштар күннен күнге көбейіп барады. Барлық саланы айналып өтіп, білім беру саласының өкілдеріне сұқ саусағын шошайтқандарды түсінсем, бұйырмасын.

Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем беретін дана халықтың шалалықтың шырғалаңына түсіп, таяз ойдың көкжиегіне шыға алмай жүргеніне налимын. Кез келген маман иелері– алдымен ұстаздың алдын көрген жандар.

Өткенде жалақысы жоғары қызметке орналасқан түлегімнің сәлем бермегенінен қатты түңілдім. Мұғалім үшін шәкіртінің елемегенінен асқан қорлық болған емес, болмайды да. Кез келген мұғалім өз оқушысының биіктерден көрінгенін тілейді. Бірақ биіктен көрінгендер төменге қарауға қорқа ма әлде көкірек құрғыр кедергі ме, әйтеуір бір кездері жол сілтегендер мен қолдап-қолпаштағандарды, демеу болғандарды ұмытып жатады. Лауазымы жоғарылаған сайын адамгершілік қасиетінен айырылып, пенделіктен әрі аса алмайтындардың зияны өзгеден бұрын өзіне тиетіні белгілі жайт. Ұстазын ұмытқан адам түптің түбінде өз шыққан тегін де ұмытады.

Екі-үш адамның педагогты қаралағанына қарап, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Біздің қоғам мұғалімді құрметтейді. Әрқайсысы өз ұстазын шамалары жеткенше қадірлеп, сый-сияпат көрсетіп жатады. Ұстазға ең үлкен марапат – оқушысының бір ауыз сөзі. 10, 20, 30 жылдық кездесулерінде түлектердің өз мұғалімдерін төрге шығарып, қадірлегендеріне қарап, көңіліміз марқайып қалатынын да жасырмаймыз.

Өтпелі заманда ғұмыр кешіп жүргендіктен барлығына түсіністікпен қараймын. Дегенмен күйбең тірліктің қамымен жүріп, бір-бірімізге ауыр тиетін сөздерден аулақ болайық. Материалдық құндылықтардың жетегінде жүріп жазу мен сөйлеуді үйреткен жақындарға дауыс көтеріп, ұлағатты ұстаздардың дәрежесіне көлеңке түсірмейік.

Мағжан ЖОЛТАЕВ,

Е.Бөкетов атындағы мектеп-гимназияның ағылшын тілі пәнінің мұғалімі.

Шал ақын ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp