«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бір шаңырақ астында

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Президент Қазақстан халқы Ассамблеясының “Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу” атты ХХХІІІ сессиясында сөйлеген сөзінде “Әрбір азамат өз болашағын Қазақстанмен тығыз байланыстыруы тиіс. Тек осылай ғана біз мемлекеттің бірлігін сақтай аламыз. Ешкімді этникалық, тілдік немесе діни көзқарасы үшін кемсітуге болмайды. Қоғамда мұндай ереже бойынша бөлуге жол берілмейді. Біз үшін Қазақстан – ортақ үй”, – деп атап көрсетті.

Сондай-ақ Ассамблея – кей адамдар айтып жүргендей, жасанды ұйым емес. Ассамблея – ел бірлігін іс жүзінде орнықтыра түсетін тиімді құрылым, бүгінде конституциялық мәртебесі бар маңызды қоғамдық орган екенін тағы бір рет айқындап берді. Мәртебесі биік институттың идеологиялық тұжырымдары жалпыға ортақ құндылықтармен біте қайнасып, халқымыздың азаматтық бірегейлігін нығайтуға жүйелі түрде қызмет етіп келеді. Биылғы су тасқынымен күреске республика бойынша этномәдени бірлестіктердің 12 мыңға жуық өкілінің бірігіп, апат аймақтарына 1500 тоннадан астам азық-түлік және ең қажетті тауарларды жолдауы, оның жалпы сомасы шамамен 770 млн. теңгені құрауы – соның нақты айғағы. “Жүректен – жүрекке” атты ауқымды акция жүргізіліп, басты мақсаты қайырымдылық және гуманитарлық ізгілікке бағытталды. “Қайырымдылық керуені” жобасы арқылы мұқтаж жандарға қолдау көрсетіліп, 1,7 млрд. теңгеден астам көмек берілді. Бірлігі мықты елдің күш-қуаты осындай сын сағаттарда айқын білінеді. Достық үйлері мен “Қоғамдық келісім” КММ жалпыұлттық ықпалдастық үшін қажетті орталыққа әрі барлық аймақта Ассамблеяның ауқымды бастамаларын жүзеге асыратын сенімді орынға айналып, әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға ұйытқы болуда.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Ассамблея жұмысына арқау болатын басым қағидаларды жариялап, тың идеяларға негізделген бастамалар әркез қолдау табатынын жеткізді. Бүгінде біздің өмірімізді өзара түсіністікке құрылған қарым-қатынассыз елестету мүмкін емес. Оған әлеуметтік желілер де, ақпарат құралдары да, керек десеңіз, күнделікті өмірдегі жеке ұстанымдар да кіреді. Бұл – қазіргі сындарлы диалогтың құрамдас бөлігі, әсірелеп айтсақ, достық тілі іспеттес. Қарым-қатынастың тиімді болуына отбасылар, ұжымдар, үкіметтік емес ұйымдар, этникалық топтар да елеулі үлес қосары даусыз. Мұның бәрі, айналып келгенде, Отанға деген сүйіспеншілікті оятып, патриотизм идеалдарын насихаттауға, халқымыздың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтеуге негізделуі тиіс. Биыл 5 шілдеде облыс әкімі, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының төрағасы Ғауез Нұрмұхамбетовтің жетекшілігімен өткен сессияда ішкі саясат басқармасына, этномәдени бірлестіктер мен құрылымдық бөлімшелерге, аудандар әкімдіктеріне этно-орталықтармен бірлесіп, этносаралық факторларды жетілдіру, арандатушылық пікірталастарға жол бермеу мақсатында еңбек ұжымдарында, оқу орындарында, барлық меншік нысанындағы кәсіпорындарда, жастар арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру тапсырылды. Тапсырманы орындау үшін жергілікті “Қоғамдық келісім” КММ қызметкерлері кешенді шараларды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Мәселен, қалалық әкімдікпен бірлесе отырып, еңбек ұжымдары мен ұйымдарда ресми емес кездесулер ұйымдастырылды. Тамыз айында 15 кездесу өткізіліп, 400-ге жуық адам қатысты. Нақты жағдайдарды зерделеуге баса назар аударылып, Айыртау, Аққайың, Есіл және Шал ақын аудандары қамтылды. Жанжалды жағдайларға жол бермеу және оның алдын алу тәсілдері медиация кеңесінің кеңейтілген отырысында талқыланды. Интерактивті жұмыс әдістерін қолдану жағымсыз жағдайлардың орын алмауына, проблемалық мәселелерге жаңа көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. Бірлескен жұмыстар нәтижесінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жұмысының басты мақсаттарымен үндесетін, қоғамдық келісімді, этносаралық бірлікті нығайтатын бірқатар ұсынымдар әзірленді. А.Башмаков, Г.Урозбаева, А.Куртаева, Р.Қайриев, А.Урмашов, Е.Семидоцких, Л.Жолмұқанова, тағы басқалары – беделді спикерлеріміз .

Елге қажетті құндылықтар, көзқарастар мен түсіністіктер қалыптастыру және қоғамдағы татулық пен келісімнің іргетасын бекіте түсу – аса маңызды міндеттердің бірі. Президент Ұлттық құрылтайда қазір елге қауіп төндіріп тұрған бес кеселге арнайы тоқталды. Нашақорлық, құмарпаздық (лудомания), тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық сияқты әлеуметтік кеселдермен ымырасыз күресе білсек, өрелі өзгерістерге жол ашылары анық. Осы орайда өскелең ұрпақты ұлтымыздың еш бөлінбейтін ортақ мұрасын еш саяси астарсыз шынайы қабылдау бағытында тәрбиелеудің мәні айрықша. Олай дейтініміз, қоғамымызда теріс ықпал құрсауынан шыға алмай жүрген жастарымыз жоқ емес. Алдағы оқу жылында қаланың жалпы білім беретін мектептерімен өзара іс-қимылды күшейту белгіленіп отыр. Оқыту-тәрбиелеу үдерісінде “Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз”, “Қазақстанның халқы біртұтас” қағидаттары көрініс таппақ. Бұл орайда аналар кеңесі (төрайымы Ж.Саттарова) сенімді көмекшіміз. Биыл Қазақстан халқы облыстық ассамблеясымен бірлескен “ҚХА-kids” жобасы қолға алынып, жазғы лагерьлерге су тасқынынан зардап шеккен отбасылардың балалары тартылды. Олар этномәдени бірлестіктердің дәстүрлерімен, тарихи ерекшеліктерімен танысып, жас белсенділердің құрамына қабылданды. Шілде айында “Қоғамдық келісім” КММ-нің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктер мен құрылымдық бөлімшелерінің өкілдері Шал ақын ауданындағы “Аютас” балалар лагерінде өткізген іс-шара барысында этносаралық қақтығыстардың алдын алу бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ассамблеяның “Instagram”-дағы ресми аккаунтында арнайы “Еңбек адамы” айдары ашылып, түрлі этнос өкілдерінің қызметі туралы ақпараттар жарияланып тұрады. Белгілі бір жауапкершілік ақсақалдар, аналар кеңестеріне, этнобағдарланған орталықтарға жүктеліп, сенім үдесінен көрініп келеді. Біз өз тарапымыздан ақпараттық және ұйымдастырушылық қолдау көрсетуге әркез әзірміз.

Бір шаңырақ астында тату-тәтті ынтымақта тұрғандықтан, достық пен өзара құрмет тілінде сөйлеуге бәріміз міндеттіміз. Бұл – этносаралық бірлік пен қоғамдық келісім іргетасының құрамдас бөліктерінің бірі.

Болат БАЗАРБАЕВ,

облыстық “Қоғамдық келісім” КММ басшысының міндетін атқарушы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp