Жуырда Көкшетау қаласында Ақмола облысының 85 жылдығына орай “Көркіңнен айналайын, Көкшетауым” атты аймақтық өнер фестивалі өтті. Бұл шараға Астана қаласы мен Қостанай, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ақмола облыстарынан өнерпаздар қатысты.
Тұмса табиғатымен танымал Көкше жерінің сұлулығы мен ұлы тұлғаларын насихаттау, шығармашылық ұжымдар, орындаушылар арасында тәжірибе алмасу, мәдени байланысты дамыту мақсатында ұйымдастырылған фестивальдің іріктеу кезеңінен өткендер Ақмола төріндегі гала концертте өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Байқау талабы бойынша аспандағы аққуға үнін қосқан Біржан сал, Ақан сері сынды бұлбұлдардың шығармалары мен халық әндерін орындау қажет болды. Айтулы шараға өңірімізден барған Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Алтын домбыра” халықтық қазақ ұлт аспаптар ансамблі жоғары деңгейде өнер көрсетті. “Угайым-ай” әнін орындаған ансамбльдің өнеріне көкшелік көрермен зор ризашылық білдірді.
Фестиваль қорытындысы бойынша “Алтын домбыра” ансамблі дипломмен және бағалы сыйлықпен марапатталды.
Шолпан САЛЫҚОВА.