Оқушылар сарайында “Digital Kazakhstan: Жаңа замандағы білім беру” атты педагогикалық қызметкерлердің тамыз кеңесі өтті. Конференцияға облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов пен педагогтар, еңбек ардагерлері мен жас мамандар қатысты.
Алқалы жиында облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова өткен оқу жылының қорытындылары мен алда тұрған ауқымды міндеттер туралы баяндама жасады. Ол аталмыш саланы дамыту мақсатында өңірлік жол картасы, “барлығына қолжетімді сапалы білім” мен тағы басқа да бағдарламалар жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті.
– Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтамасыз ету бойынша кешенді шараларды жүзеге асыру қажет. Бүгінгі таңда балабақшалар мен шағын орталықтарға баратын 2-6 жасқа дейінгі балалардың үлесі 93,9 пайызды құрайды.
Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі білім және тәрбиемен қамту көрсеткіші жоғары болғанымен, облыс орталығында әлі де орын тапшылығы бар. Кезек санын азайту үшін биыл 300 жаңа орын ашу жоспарлануда. Бұл мектепке дейінгі біліммен балалардың 95 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – дей келе облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова білім сапасын арттыру мәселесі қазіргі таңда тек Қазақстан үшін ғана емес, әлемнің көптеген елдері үшін ең өзекті мәселелердің бірі болып табылатынын айтты. Бұл мақсатта білім беру ұйымдарына мониторинг жүргізіліп, оның қорытындысы бойынша 943 нысаналы мектеп анықталды. Біздің облыста республикалық жобаға 128 мектеп кірді. Нысаналы мектептермен жұмысты үйлестіру үшін өңірде жобалық кеңсе құрылғанын да айтып өту қажет. Жиында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы да назардан тыс қалмады. Екі жылдың ішінде өңірдегі бес мектеп заманауи құралдармен жабдықталды. Инвестиция көлемі 1 миллиард 250 миллион теңгені құрады.
Педагогтардың тамыз кеңесінде сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов те аталмыш сала бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжейлі тоқталды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өткен жылы Тайынша ауданындағы апатты оқу ордаларының орнына екі мектеп салынды. Оның бірі –Тайынша қаласында, екіншісі – Вишневка ауылында. Биыл 1 қыркүйекке дейін Драгомировка ауылында 120 орындық мектептің құрылысы аяқталады. Петропавл қаласында да орын тапшылығын азайту мақсатында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. “Жайлы мектеп” республикалық жобасы аясында биыл 1200 орындық 2 мектептің (“Орман”, “Береке” шағынаудандары) құрылысы аяқталуда. 1500 орындық тағы екі мектептің құрылысы басталды. Жалпы 3 жылдың ішінде облыста жеті мектеп салуды жоспарлап отырмыз, – деді Марат Иманбайұлы. Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Петропавл қаласындағы “Береке”, “Жас өркен” шағынаудандарында қос балабақша құрылысы жүріп жатқанын тілге тиек етті. “Бірлік” шағынауданында да балабақша құрылысы басталса, 600 орындық мектеп салу жоспарланып отырғанын жеткізді.
Конференцияда облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Гүлнар Таласбаева мен шараға онлайн қатысқан Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының ауылдық шағын жинақты мектептерді дамыту орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Алмагүл Мұқышеваның таза қазақ тілінде жасаған баяндамасы да көңілден шыққанын айту қажет.
Тамыз конференциясы қарсаңында облыста 300-ге жуық адамды қамтитын 10 секциялық алаң жұмыс істегенін де атап өту артық болмас. “Баршаға қолжетімді сапалы білім: мектептерді бірлесіп дамыту стратегиялары” атты секциялық отырыстың бірінде нысаналы мектептер жайы талқыланды.
2024-2025 оқу жылында аталмыш жобаға біздің өңірден 20 мектеп, 10 ментор қатысады. Аталмыш жоба аясында облыстағы 554 педагогты курстан өткізу жоспарлануда. Секциялық отырысқа арнайы қатысқан “Ахмет Байтұрсынұлы атындағы “Талдау” ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығының өкілі Салтанат Мұхамеджанова өткен жылдан бастап “Баршаға қолжетімді сапалы білім” ұлттық баяндама жобасын жүзеге асыру қолға алынғанын жеткізді.
– Әр өңірде нысаналы мектептердің тізімі анықталды. Нысаналы мектептермен жұмыс істеп, әдістемелік қолдау көрсету үшін әрбір өңірде жобалық кеңсе құрылды. Жобаны іске асыру аясында нысаналы мектептердің үлесін 2028 жылға дейін 32 пайыздан 15 пайызға дейін төмендету күтілуде, – деді ол.
Тамыз кеңесінде орта білім беру ұйымдары арасында өткен байқауда жеңіске жеткен Петропавл қаласының Бірінші IT-лицейі марапатталды. Аталмыш білім ордасының басшысы Оксана Новиковаға 68 миллион теңгенің сертификаты табыс етілді. Сондай-ақ шарада бірқатар педагог “Ербек ардагері”, “Білім беру ісінің құрметті қызметкері” медальдарымен марапатталса, Әйгерім Ақмамбаева, Галина Штейванд, Елена Беляева “Ыбырай Алтынсарин” төсбелгісін алды. Оксана Юрченко мектепке дейінгі тәрбие мен оқу ісінің үздігі атанса, ұстаздардың бір тобы Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарына ие болды. 2024 жылғы білім алушылар жетістіктерінің мониторингі бойынша жоғары нәтиже көрсеткен Шал ақын ауданының Есім Шайкин атындағы және Жамбыл ауданының Благовещенка орта мектептері арнайы дипломмен марапатталды.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.