«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СУДЫ ҮНЕМДЕУДІ ҮЙРЕНУІМІЗ КЕРЕК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл өткен сайын әлем бойынша ауызсу тапшылығының артып, жағайдың күрделене түскенін байқау қиын емес. Адамзат үшін өте маңызды саналатын осынау жаhандық стратегиялық міндетті шешу күрмеуі қиын толғақты проблемаға айналғаны соншалық, былтыр Астанада өткен су технологиялары және ресурстары жөніндегі “Global Water” атты бірінші халықаралық форумның күн тәртібіне шығарылып, Австрия, Израиль, Финляндия, Франция сияқты іргелі елдердің, сондай-ақ осы саланың білікті мамандарының қатысуымен арнайы талқыланды. БҰҰ 200 мемлекеттің 2030 жылға дейінгі тұрақты даму бағдарламасын қабылдап, сумен жүйелі түрде қамтамасыз етудін оңтайлы жолдарын таразылады. Беделді ұйымның деректеріне сүйенсек, төрткүл дүние тұрғындарының жартысына жуығы шөліркеп отыр. 1,7 млрд. адам тұщы, 780 млн. адам таза ауызсуға мұқтаж. Алдағы болжам да көңіл көншітпейді. 2050 жылға қарай жер асты суларын тұтыну 3 есеге артады. Мемлекет басшысы Тәжікстан астанасында өткен Халықаралық Аралды құтқару қорының саммитінде сөйлеген сөзінде онсыз да шектеулі су қорын үнемдеу мақсатымен аймақ елдерін цифрлық технологияларды енгізуге шақырды. Ал “Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” Жолдауында су ресурсы ұлттық қауіпсіздік мәселесі екеніне тоқтала келіп, оның сапасы және халыққа қолжетімді болуының аса қажеттілігін, өйткені 2040 жылдарға таман Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 млрд. текше метрге жетуі мүмкін екенін атап көрсетті. Қазіргі кезде дүние жүзінде болып жатқан құбылыстар мен өзгерістерге баса мән беріліп, елдің ертеңгі жарқын күніне бағытталған негізгі жайттарды айқындап берді. Оның ішінде Қазақстанның барлық өңірлерінде орын алып отырған су тапшылығы жағдайы мен су шаруашылығы нысандарының әбден ескіруінен су шығынының еселеп ұлғаюына жол бермеуге ерекше назар аударылды.

Саралап қарасақ, трансшекаралық су көздеріне де тәуелділігіміз басым. Республикадағы ең үлкен 8 су шаруашылығы бассейнінің 7-і – трансшекаралық. Атап айтқанда, су ресурсының 40 пайыздан астамын құрайтын Ертіс, Іле, Сырдария, Жайық, Тобыл, Шу өзендері Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстаннан бастау алады. Осыған орай Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей қолдауымен су тапшылығын төмендетудің нақты шаралары белгіленіп, саланы толықтай цифрландыруға көшу, озық технологияларды жеделдетіп енгізу, тұтынушылар санасына суды шақтап пайдалану мәдениетін сіңіру міндеттері қойылды. Жолдауда мысалға келтірілгендей, еліміздің кей өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болады. Еліміз бойынша 13366 гидротехникалық нысан есепке алынса, 6501-і – республикалық, 6306-ы – коммуналдық, 528-і – жекенің меншігінде, 31-нің иесі жоқ. Олардың 60 пайызы тозған, пайдалану қауіптілігі жоғары. Осы олқылықтардың орнын толықтыру үшін 20 жаңа бөген салынып, кемінде 15 су қоймасына күрделі жөндеу жүргізіледі. 3500 шақырымдық канал жаңғыртылып, цифрлық тәсілмен бақылауға алынады. Негізгі мақсат – 2027 жылы қосымша екі текше шақырым суға қол жеткізу. Бұдан бөлек, су шаруашылығын басқару жүйесіне түгел реформа жасалады. “Қазсушар”, “Нұра топтық су құбыры” және басқа да негізгі компанияларда өзгеріс болады.

Бұл міндет жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігіне жүктеліп, су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту жұмыстары басталып кетті. 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдама әзірленіп, 14 мың шақырымнан астам суару арналары мен гидротехникалық желілерді қалпына келтіру жоспарланған. Белгіленген тәсілдерді іске асыру суды тасымалдау кезінде шығындарды 25-50 пайызға дейін азайту арқылы 6 жылдың ішінде суармалы жерлер аумағын 2,5 млн. гектарға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бермек. Бүгінде 84 мың гектар алқапқа ғана суды үнемдеу технологиясы қолданылса, келешекте бұл көрсеткіш 312 мың гектарды қамтымақ. Ұсынылып отырған бағдарламаның ұтымды тұстары көп, соның бірі бұдан былай шаруалардың тың технологияны енгізуге кеткен шығынының 80 пайызы субсидия түрінде өтеледі. Тағы бір атап өтетіні, цифрландыру жүйесінде су қоймалары мен гидротехникалық желілер, гидробекеттер мен су құбырлары жайлы барлық ақпарат орналастырылады. Тіпті су қоймаларында қанша су бар екенін де осы портал арқылы білуге болады. Салыстыру үшін айта кетейік, Африкадағы Мали елінің тұрғындары тәулігіне тек 2-3 литр су тұтынса, Қазақстанда бұл көрсеткіш – 150-200 литр төңірегінде. Айырмашылық жер мен көктей. Демек, жалпы ішкі өнімге жұмсалатын су шығыны мөлшерін де төмендету – кезек күттірмес шаралардың бірі.

“Қазсушар” РМК жергілікті филиалының ұжымы су тапшылығы және суды тұтынудың артуы кезіндегі шығынды азайта отырып, үнемді де ұқыпты жұмсауды басты нысана етеді. Негізгі қызметіміз Сергеев және Петропавл су нысандарын тиімді пайдалануға, ішінара Қостанай және Ақмола облыстарын, сондай-ақ Ресейдің Түмен облысын тіршілік ағынымен қамтамасыз етуге, тапшылығын болдырмауға, су қоймаларын, тірек гидротехникалық құрылыстарын күтіп-ұстауға, қалпына келтіруге бағдарланған. Су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шара жоспарын басшылыққа ала отырып, агроқұрылымдарға көрсетілетін қызмет сапасын барынша жақсарту, ауыл шаруашылығы дақылдарының өнімділігін көбейтуге жағдай жасау, су жетіспеушілігінің алдын алу бағытында шешімдер қабылдау, трансшекаралық өзендер арқылы келетін су көздерінің келуіне тұрақты бақылау жасау да міндетімізге енеді. Мекеме үш су қоймасына және бір қысым-реттеу бөгеніне қызмет көрсетеді. Екі су қоймасы (Сергеев және Петропавл) аса маңызды стратегиялық мәнге ие.

Жалпы ұзындығы 2450 шақырымды құрайтын Есіл өзенінің 690 шақырымы біздің өңірді кесіп өтеді. Оның бойында орналасқан Сергеев су қоймасы – өзен ағынының негізгі реттеушісі. Есіл өзенінің ағынын реттеумен қатар астық және жайылымдық алқаптарды суландыру, балық өсіру, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіптік ішкі қажеттілікті өтеу мақсатында 1969 жылы салынып, содан бері үзіліссіз жұмыс жұмыс істеп келеді. Жалпы сыйымдылығы – 693 млн. текше метр. Ұзындығы – 100 шақырым. 2000 жылы С.Жук атындағы бүкілресейлік жобалау-ғылыми зерттеу институты әзірлеген электр энергиясын өндірудің сметалық құжаты негізінде екі гидротурбина орнатылды. Нәтижесінде электр қуатын өндіру 25 пайызға артып, бүгінде 15 млн. кВт-ты құрап отыр. Басты тұтынушы – “СевКазЭнерго” ЖШС. Осы кезең ішінде материалдық-техникалық база бірнеше рет жаңартылды. Биыл тасқын салдарынан су мөлшері бұрын-соңды болмаған деңгейге (4 метр 25 см.-ге) жетіп, 180 пайызға толды.

Өзен бойындағы екінші нысан – Петропавл су қоймасы 1973 жылы іске қосылды. Жалпы сыйымдылығы – 34,5 млн. текше метр. Ұзындығы 28 шақырымға жуық. Оның қызметін “Қызылжар су”, “СевКазЭнерго кәсіпорындары, Соколов топтық су торабы пайдаланады. Мұнда да бірқатар жөндеу жұмыстары атқарылды. Барлық гидроқұрылымдарға бейнебақылау орнатылған.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда орналасқан, жалпы сыйымдылығы 8,3 млн. текше метрге тең Шарық су қоймасы 1985 жылы бөй көтергенімен, қазіргі кезде апатты деп танылған. Қысым-реттеу бөгенінің құрылысы да түпкілікті аяқталмаған күйінде тұр. Жолдау талаптарының бірі – көктемгі қарғын суды жинау және оны егістікке жеткенше жоғалтып алмау, суды көп қажет ететін дақылдарды азайтып, құрғақшылыққа төзімді түрлерімен ауыстыру екенін ескерсек, ішкі су қорында ойласатын жайттар баршылық. Биыл тіршілік көзіне тәуелділік байқалмағанмен, алдағы уақытта жаңбыр жаумай, құрғақшылық жайлап, мазаны кетірмесіне кім кепіл? Сондықтан алқаптарды суару ісін қайтадан тәжірибеге енгізген жөн. Бұрындары Сергеев су қоймасынан 65 шақырымдық канал арқылы 3,5 мың гектар егістік жерлер суландырылатын. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан да қызығушылық танытушылар табылып жатса, кешенді іс-қимыл жоспарына енгізілген Шарық су қоймасын қалпына келтіруге болар еді.

Сергеев су торабындағы көпір де қалпына келтіруді қажет етеді. Бүгінде ауыр жүк көліктеріне шектеу қойылып, екі бағдаршам жұмыс істеп тұр. “Қазавтожол” АҚ электрлі таразы орнатумен айналысуда. Петропавл су торабындағы көпірден күніне 800-ден астам түрлі маркалы көлік өтетіндіктен, әбден тозған. Соған орай ауыр жүк көліктеріне шектеу қою мәселесі тиісті орындарға жеткізілді. 2022 жылы “NTDK Group” мамандандырылған ұйымы Сергеев және Петропавл су қоймаларына көп факторлы тексеру жүргізіп, сараптама техникалық жай-күйі барлық нормативтерге сәйкестігін көрсетті. Биылғы су тасқынынан кейін де гидротехникалық құрылыстарға қанағаттанарлық деген баға берілді. Яғни штаттық режімде жұмыс істеп тұр, алаңдауға еш негіз жоқ.

Шұғайып ИБАТУЛЛИН,

“Қазсушар” республикалық мемлекеттік кәсіпорны облыстық филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp