“AMANAT” партиясы облыстық филиалында “Құқықтық көмек” жобасы аясында қоғамдық қабылдау өтті. Қабылдауға келген азаматтардың бірі – құжаттарында тегі мен әкесінің аты жазылмағанын айтты. Жас жігіт ел қатарлы тегі мен әкесінің аты көрсетілген жеке куәлік алуға көмектесуін сұрады.
Арам Біріккен Араб Әмірліктерінде дүниеге келген, ұлты – неміс. Оның Қазақстанда алған жеке куәлігінде тек аты ғана көрсетілген. Бұл құжат БАӘ-де берілген туу туралы куәліктегі жазба негізінде алынған. Осыған байланысты жігіт түрлі қиындықтарға тап болады екен. Партия өкілдері жігітке кеңес беріп, көмек көрсетілетінін айтты.
Қоғамдық қабылдауға келген зейнеткер Валентина Сеногноева көктемгі су тасқынына дейін 3 топтағы мүгедек ұлымен әкімдік бөлген жалға алынған үйде тұрған. Табиғи апат салдарынан бұл үй бұзылып, олар қазір жатақханаға орналастырылған. Зейнеткердің айтуынша, шартта әкімдік төтенше жағдайда оларға осындай тұрғын үй бөлуге міндетті екені көрсетілген. Бүгінгі таңда тұрғын үй беру мәселесі шешілмеген. Енді бұл мәселемен қоғамдық қабылдау бөлмесі айналысатын болды.
Бұл күні барлығы 21 адам мемлекеттік органдардың өкілдерінен, заңгерлерден, медиаторлар мен партиялықтардан құқықтық көмек сұрады. Көтерілген мәселелердің дені жаңа оқу жылына дайындыққа қатысты болды. Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккендер жылжымайтын мүлікке құқықты белгілейтін құжаттарды сәйкестендіру және мұраға алуға қатысты туындаған мәселелерін айтты. Бұдан бөлек, алаяқтардың әрекетінен зардап шеккен адамдар да көмек сұрады.
Ілияс СӘБДИНОВ,
“AMANAT” партиясы облыстық филиалының баспасөз хатшысы.