«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТУРИЗМ — ТАБЫСТЫ САЛА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айыртау ауданының шырайын келтіріп, інжу-маржаны аталып кеткен Шалқар-Имантау курорттық аймағының танымалдылығы жылдан жылға артып келеді. Оның республиканың туризмді дамыту бойынша әлеуеті жоғары ондыққа енуі шетелдік туристердің де ерекше қызығушылығын тудырып отыр. Бүгінде инвесторлардың қолдауымен 19 жоба жүзеге асырылуда. Қайың-қарағайы аралас орманы, балығы шоршыған, айдын көлдері мол өңірде шағын және орта бизнесті пайдалы кәсіпке айналдырудың мүмкіндіктері мол. Аудандағы туристік нысандардың үштен бірі Имантау, Шалқар көлдерінің жағасында орналасқан. Жазғы және қысқы туризммен айналысуға болады. Туристік нысандарға дейін асфальт жол төселіп, бұл бағыттағы бірқыдыру мәселелер шешімін тауып келеді.

Қызылжар өңіріне іссапармен келген Ұлытау облысының делегациясына жергілікті туризм саласының картасы және Имантау-Шалқар курорттық аймағының даму әлеуеті таныстырылып, бұл шараға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, Оқу-ағарту вице-министрі Наталья Жұмаділдаева қатысты.

Курорттық аймақта 2,6 мың демалушыны қабылдай алатын 44 демалыс орны бар. Оның ішінде 8-і жыл бойы жұмыс істейді. Экоқонақүйлер, глэмпингтер мен автокеруен салуға 4,5 млрд. теңге қарастырылған. Демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 2 судан құтқару бекеті бой көтереді. Лобаново ауылынан Ақмола облысының шекарасына дейін асфальт төселді. Курорттық аймақ ішіндегі жолдар да қалпына келтірілуде. Осылайша туристік қызмет көрсету сапасын жақсартып, демалушылар ағынын көбейту басты бағдар етілген.

Туған жер – өте қастерлі ұғым. Қоршаған ортаны аялау, туып-өскен өлкені құрметтеу өскелең ұрпақ бойына жастайынан сіңірілсе, перзенттік парызын абыроймен орындары сөзсіз. Туған жерге туын тігіп, еселі еңбегін шыр етіп дүниеге келген атамекеніне арнап жүрген жандардың бірі – Антоновка ауылының тумасы Асылбек Қожахметов. Тумысынан қарапайым, мақсатшыл Асылбек Базарбайұлы қайырымдылық шаралардан әсте бас тартқан емес. Оның бас болуымен алғашқы қадасын өзі қадаған “Зейнеп” жоғары көпсалалы колледжінде “Туған жерге тағзым” атты мәдени-ағартушылық жиын ұйымдастырылды. Іс-шара барысында “Ұлы дала дүбірі” деген тақырыппен концерт өтіп, оның соңы ұлттық ойын-сауық бағдарламасына ұласты.

Берік Әбдіғалиұлы мен Ғауез Торсанұлы “Агро Елецкое” ЖШС-ға қарасты күнбағыс алқабына барып, орақ науқанына дайындық жайымен танысты. Шаруашылық жетекшісі Байтас Қазбеков жауапты науқанға әзірлік жақсы, техникалар сақадай-сай деп үлкен сеніммен жауап берді.

Делегация мүшелері ауданның киелі жерлерін аралады. Сырымбет ауылында болып, Айғаным қонысы мен Ш.Уәлиханов атындағы тарихи-этнографиялық музейді тамашалады.

Әйгерім ЖАҢБЫРБАЙҚЫЗЫ.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp