«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚУҒЫН-СҮРГІНГЕ ҰШЫРАҒАН ДІН ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қазақ халқы әртүрлі тарихи оқиғаларды бастан кешірді. Бірде “қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған” алтын дәуірде өмір сүрсе, енді бірде жоңғар шапқыншылығы, ашаршылық немесе сталиндік қуғын-сүргін сынды ауыр заманды да көрген. Әсіресе  қазақ халқының діні мен діліне, мәдениеті мен әдебиетіне тигізген кесірі орасан болды.  1937-1938 жылдары  мұсылман дінбасылары  да репрессияға ұшырағанын  айта кеткен жөн.

Солтүстік өңірде діни басшылардың, молдалардың, мешіт кызметкерлерінің құғын-сүргінге ұшырауы 1920 жылдардың аяғында басталды. Бірінші кезекте, мешіттер мен діни ғимараттарды тартып алу, берілген жер телімдерін мемлекеттік меншікке айналдыру, тәркілеу шаралары жүргізілді.

1930 жылы Петропавл қалалық кеңесі діни қауымдастықтар мен бірлестіктерге толықтай шек қойды. Өлкедегі 7 діни ғимараттың, соның ішінде Петропавлдағы 3 мешіттің жұмысын тоқтатқаны жария етілді. Қалалық кеңестің бұл қаулысын орындау барысында 2-ші бөлім надзирателінің нотариус құжаты көшірмесіндегі анықтама бойынша патшалық Ресей кезінде татарларды күштеп шоқындыру әрекетіндегі сияқты муэдзиндерге, яғни араб тілінен аударғанда муаззин немесе азаншы адамдарға мешіт мұнараларына мініп алып, азан шақыруға, намаз оқуға тыйым салынды.

Қалалық кеңестің 1930 жылдың 2 наурызындағы қаулысына дінбасылары шағым хат жолдайды. Петропавл өлкесінің аудандық атқару комитетінің президиумында қарастырылып және де толықтай бекіту үшін Қазақ Орталық атқару комитетіне жіберіледі. Жоғарыда көрсетілген қалалық кеңестің БОАК президиумының діни мәселелер бойынша тұрақты комиссия нұсқауына сәйкес қоғамдық қажеттіліктерге қажет ғимарат тек сол аймақ тұрғындарының көпшілігінің қалауы бойынша және тиісті қатынасхат жазғанда ғана жүзеге асырылады деген шешім қабылданады.

Солтүстік Қазақстан облыстық ішкі істер департаментінің мұрағатында сақталған Петропавл қаласының №1 мешітіндегі мұсылман сенушілер қоғамының басқарушысы Исмагулов Ильястың атынан жазылған ашық хатында бұл оқиғалар туралы былай баяндалады: “Тұрғындар бұл шешімді қолдамаған, ал Меновый алаңының жұмысшылары мүлдем қарсы шыққан”. 

1930-1937 жылдар аралығында дін өкілдерін тұтқындау, саяси қудалау, қысым жасау кеңінен таралды. 1937-1938 жылдары репрессияға ұшыраған, қызметі үшін жазаға тартылған, атылған дінбасылардың, имам, молдалардың саны артты. Ішкі істер министрлігі архивіндегі құжаттардың ішінен ортақ жүйеге келтірілген, әліпбилік тізімі сақталған репрессияға ұшыраған адамдардың тізімін алуға болады. Ол тізімде әрбір азаматтың туған жері, жылы, қызметі, білімі, сотталғанға дейінгі мекен еткен орны, қашан және қандай орган тұтқынға алғаны мен сотталғаны, жазаның түрі және есімінің қайта қалпына келтірілуі жайында мәліметтер көрсетілген. Жерлестеріміздің тізімін саралай келе жалпы саны 5043 қудаланушының ішінен 34-і мұсылман дінбасылары екені анықталды.    

Облыс бойынша репрессияға ұшыраған мұсылман дінбасыларының тізімін географиялық аймағы бойынша екіге бөліп қарастыруға болады. Петропавл қалалық имам-молдалар тобына: Ағысов Мағди, Әбдірашитов Мұхаметхафиз, Бегішев Абдулзали, Бикбаев Хафиз, Бегішев Мұхаммеджан, Гимадетдинов Ахтям, Түлемісов Хасан жатады. Ал қалған 27 дінбасының мекен еткен орны – облыс құрамындағы аудандар. Ұлттық құрамы бойынша қарасақ, қудаланушылар қатарына 5 татар және 29 қазақ молдасы енген. Әбдірашитов Мұхаметхафиз, Бегішев Абдулзали, Бегішев Мұхаммеджан, Бикбаев Хафиз, Гимадетдинов Ахтям –  татар ұлтының өкілдері және барлығы да – Петропавл қаласының тұрғындары. Мәселен, Мұхаммеджан Бегішев 1867 жылы Ресей империясы, Тамбов губерниясы, Азеево ауылында дүниеге келген. Патшалық Ресейдің Қазақстанда мұсылман дінін тарату саясаты мен қаладағы аса ірі татар диаспорасының қалыптасуына байланысты Петропавл қаласына көшіп келеді. Мұхаммеджан молда Петропавл Приход мектебі мен мешітіндегі имам қызметін атқарып, әйгілі қазақ ақыны Мағжан Жұмабаевтың медреседегі ұстазы болған. Осы деректерден Петропавл қаласындағы татарлардың діни-рухани өмірге ықпалының зор болғанын байқауымызға болады.

КСРО ішкі істер халық комиссариатының басшылығына Н.И.Ежовтың келуінен және халық комиссариатының №00447 бұйрығын жариялаған уақытынан бастап жаппай қуғын-сүргін үрдісі басталады. Репрессиямен айналысатын арнайы үштік басқармасы құрылады. Облыс бойынша саяси қудалауды ІІХК Үштігі басқармасы, ал облыс құрамындағы ауылдар бойынша аудандық бөлімшелер атқарады.

Солтүстік Қазақстандығы руханият өкілдерін тұтқындау мерзімі 1937 жылдың 4 наурызынан, алғаш Ленин ауданы Ақтас ауылының тумасы, Тұңғиық ауылдық мешітінің имамы Әбдірахиев Кәкімнен бастау алып,  1938 жылдың 28 сәуірінде Төңкеріс ауданы, Тереңсай ауылының тұрғыны және ауылдық мешіттің имамы Жұланов Мағжанды тұтқынға алуға дейін созылады. Ең ірі қудалау операциясы Ленин (қазіргі Есіл ауданы) мен Преснов ауданында (қазіргі Жамбыл ауданы) жүргізілді. Ал жалпы үштіктің қуғындау шаралары Ленин, Преснов, Приишим, Сергеев, Төңкеріс, Булаев, Бейнетқор аудандарында кең таралды.

Кеңестер үкіметі террорлық іс-шараларын жүргізуде КСРО конституциясының қылмыстық заңының 58 бабына сүйенді. Сот үкімі аса ауыр жазаларды қарастырды. Үштіктің отырысы нәтижесінде мұсылман дінбасыларының ішінен 20-сы ату жазасына кесілсе, қалғандары 5 жыл мен 25 жыл аралығында ауыр жағдайға негізделген еңбекпен түзеу лагерлеріне аттандырылды. Осы мәліметтердің өзінен-ақ  сталиндік террордың қаталдығын көруімізге болады.

Кеңестер одағында 1930-1950 жылдары орын алған, әсіресе 1937-1938 жылдары қатты көрініс берген сталиндік қуғын-сүргінге миллиондаған адам ілікті. Бұл жерде жоғарыда көрсетілген статистикада 34 мұсылман дінбасының құрбаны тым аз көрінуі мүмкін. Алайда әр адамның жеке өміріне орны толмас нұқсан келтірілді. Екіншіден,  репрессия өлке тұрғындарының рухани, мәдени, тарихи және діни сауаттылығына орасан зор залалын тигізді. 1920 жылы басталған мешіттерді қирату, мұсылмандық кітаптарды жою өлкенің тарихын жоққа шығаруға жасалған қадаммен теңбе-тең болып табылады. 

Кеңес үкіметіндегі биліктің ауысуы, мемлекеттік идеологияда жаңашыл ойлайтын, социалистік жүйеден іргесін алшақтауға талпынған топтың келуі көптеген реформаларға итермеледі. “Қайта құру” саясатын жүргізген М.Горбачев пен оның үкіметі ашықтан-ашық сталиндік репрессияның іс-қимылын үлкен террор деп танып, оның құрбаны болған кеңес азаматтарының есімдерін қайта қалпына келтіре бастады. Бұл іске 1989 жылдың 16 қаңтарындағы КСРО Жоғарғы кеңесі президиумының бұйрығы: “30-40 жылдар аралығы мен 50 жылдардың басында орын алған репрессия құрбандарына қатысты әділдікті орнатудағы қосымша іс шаралар туралы заң” әсер етті. Жоғарыда көрсетілген жарлыққа іліккен мұсылман дінбасыларының есімдерін қалпына келтіру үрдісі алғаш болып 1989 жылғы 16 қаңтарда Бұлақ ауылы мешітінің имамы Қалышбаев Қасеннен бастау алып, сол жылғы 4 желтоқсан күні  Петропавлдың 5 татар дінбасысын ақтаумен аяқталады. Руханият өкілдерін халық жауы тізімі қатарынан шығару толықтай 1 жыл уақытты қажет етті. Есімдерін қалпына келтірумен Солтүстік Қазақстан облыстық прокуратурасы айналысты.

Мақаланы тамамдай келе, келесідей түйінге келуді жөн көрдік. Қазіргі таңдағы еліміздің тәуелсіздігі, халықтың бостандығы, басшылықтың әрбір азаматқа қамқоршылық жасауы өте қуантарлық. Әрбір қазақстандықтың мақсаты – өткеннен сабақ алып, тарихта болған қателіктерді қайталамауға, құқық бұзушылықтың үстемдік етуіне қарсы тұруға ұмтылу. Сонымен қатар болашақ ұрпақ есімдері жазықсыз айыпталған тұлғаларға қатысты әділдікті орнатуға тиіспіз.

Зәуре КАРТОВА,

Аслан КАИРОВ,

саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp