«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Есер баладан ерке бала жаман

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Асылтай ЖАҒАНОВА,

зейнеткер.

Бар саналы ғұмырым еңбек етумен өтті. Жұмыс істеп, күн көру қажет. Бірақ отбасы – ошақ қасын ұмытуға да болмайды екен. Өткен өмір жолыма көз салсам, атақтан да, абыройдан да кенде емеспін. Өзімнің қажеттілігімді өтей алатындай ақшам да жеткілікті болды. Бірақ өмірдің қызығы ақша, атақ, абыройда емес екен.

Қазір жасым 65-те, денсаулығым да күннен күнге төмендеп барады. Қоғам тарапынан аяушылық сезім тудырып не болмаса өзімді мүсәпір етіп көрсету ойымда жоқ. Тек менің өмірімнен өзгелер сабақ алсын деген ниетпен қолыма қалам алуға тура келді. Әйтпесе, жұрт қатарлы өмір сүріп жатқан мендей бейбақтың өмірі кімге қызық дейсің.

Мен 1959 жылы Мамлют ауданында дүниеге келдім. Жастайымнан оқуға зерек болдым. Менің пысықтығымды, зеректігімді, еңбекқорлығымды, табандылығымды байқаған әкем мектепті тамамдаған соң жоғары білім алуымды құп көрді. Алатаудың баурайына арман қуып аттанған бойжеткенді Алматы жатсынбай қабылдады. Сөйтіп, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны үздік дипломмен аяқтадым. Қазір бұл білім ордасы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті деп аталады. Ол тұста еліміздегі ең беделді университетте білім алу екінің бірінің қолынан келе бермейтін. Кеңестік кезең кемшілікке толы әрі кеңшілік заман еді ғой. Біз – сол кеңшілік заманның шарапатын көрген ұрпақпыз. Қазіргідей емес, оқу да жатақхана да тегін болатын. Оқу бітірген бойда Қызылжарға қайта оралдым. Өзімнің туып-өскен жерімнен жыраққа кете алмадым. Оның үстіне үйдің тұңғышымын. Соңымнан ерген 8 бауырым бар. Оларға қарайласып, ата-анама қолғабыс етуді ойладым.

Дана халқымызда “Қыз – жат жұрттық”, – деген нақыл бар. Алайда жат жұрттық болса да, қыз бала әрқашан ата-анаға, бауырға жанашыр екенін айту қажет. Отбасымның қамы үшін мен де жанымды сала еңбек еттім. Оның үстіне әкем қайтыс болып, бауырларымды ел қатарына қосу бір өзіме жүктелді. Аз қиындық көрдім дей алмаймын. Өмірдің өзі күрес қой. Сондықтан өмірмен күресуді, тартысуды үйрендім. Бұдан да адам жалығады екен. Бүгінде бір сәт тыныш, уайымсыз өмір сүргім келеді. Әй, бірақ болашағың бұлыңғыр болса, ақылың алтыға, ойың онға бөлінбей ме?

Қыздардың тағдыры да әртүрлі ғой. Менің пешенеме жазған тағдырды жазғырмаймын. Десе де өкінішті сәттер аз емес. Уақытында тұрмыс құрып, өзімнің отбасыма тиісті көңіл бөлгенде бәлкім мұндай жағдайға тап болмас едім. “Жол мұраты – жету, қыз мұраты – кету”, – деп қазақ текке айтпаған. Мен болсам, кеш тұрмыс құрдым. Оның да әлгіндей себептері бар. Ал отбасын құруға ниетті азаматтар болғанымен, тұрмыс құруға асықпадым. Бойымда тәкаппарлық болғанын да жасырмаймын. “Қызды кім айттырмайды, қымызды кім ішпейді”, – деген сөзді желеу етіп, сезімін білдірген жігіттердің көңілін қалдырғаным рас. Тұрмыс құрып, бала сүюді қаперіме де алмадым. Уақыт бәрібір өзінікін алады екен.

Бір кездері көрген жанның көзін суарғандай ажарлы арудың бірі едім. Сұлулық – әйелдің бақыты, бағалай білмесе, соры ғой. Сұлулық естен тандырып, табындырса да, кәріліктен ешкім құтыла алмаған. Сондықтан 40-қа таяп қалғанда бұлай жүре беруге болмас деген ой келді. Замандастарым әлдеқашан тұрмыс құрып, үйленіп кетті. Алды қызын ұзатып, ұлын үйлендіруге таяп қалды. Сөйтіп жүргенде өзімнен бір мүшел жас кіші жігітке тұрмысқа шықтым. Бастапқыда бәрі керемет болды. Әйтеуір отасқан алғашқы жылдары алақанында ұстады. Менің де азаматыма құрметім ерекше еді. Баршылықта өмір сүрдік. Қаланың қақ ортасында үш бөлмелі жайлы пәтерде тұрдық. Ол менің кезінде адал еңбекпен алған үйім болатын. Бірер жылдан кейін перзент сүйдім. Мирас атты ұлымыз өмірге келді. Сондағы менің қуанышымды айтып жеткізе алмаймын. Қырыққа келгенде ана атану бақытын бұйыртқан Құдайға мың да бір шүкір. “Кәрі қыз ұл тапса, қоярға жер таппайды” демекші менің өмірімнің ендігі мәні мен сәні ұлым ғана болды. Сол сәтте жолдасым екеуіміздің арамызда салқындық пайда болғандай.

Осы кезде Германияда тұратын өзімнен кейінгі сіңілім Жазираға қонаққа баруға бел будым. Ол кезінде сауда-саттықпен айналысып, сол жақта түбегейлі қалып қойды. Отбасы бар. Сол сіңілімді сылтау етіп, ұлым екеуіміз бірер ай Еуропада қонақта болдық. Ол жақтың мәдениеті, өмір сүру салты басқа. Шыны керек, елге келгім келмеді. Бірақ туған жерден жырақ кету оңай емес. Баламның болашағын ойлап, елге оралуды жөн көрдім. Ел көріп, жер көріп үйге оралған бойда жайсыз жағдайға тап болдым. Өз пәтерімді өзім танымай қалдым. Әйел болмаса, үйден береке кетпей ме?! Үйді жын-ойнаққа айналдырғаны өз алдына, ол пәтерді өзінің атына жазып алғанын білгенімде төбемнен жай түскендей әсерде болдым. Ұлым екеуіміз далада қалдық. Маған деген шынайы сезімі болғанда мұндай тірлік жасамайтын еді. Оған өзіме сенгендей сендім. Отбасы болған соң сенікі-менікі деген жоқ, бәрін де ортақ мақсатта пайдаландық. Дүние-мүлкімді бөліске салмадым. Болашағымды сеніп тапсырған азаматтың кейін мені тақырға отырғызып кететінін қайдан білейін. Жауапты қызметте істеген соң бұл мәселені жұртқа жария етуді жөн көрмедім. Жылап-сықтап біреудің алдына барып, көмек сұрауға да арландым. Қолымды бір сілтеп, ұлымды алып, кетіп қалдым. Бас аман болса, үй табылар деген ой болды. Бастысы – ұлымның амандығы. Менің бұл өмірдегі ең үлкен жеңісім – ұлымды дүниеге әкелуім. Талай жыл құлыншағыммен әркімнің босағасын паналаумен келеміз. Пәтерден пәтер ауыстырып, жүйкем де жұқарды. Үйсіз жүргеннің күйі де болмайды екен.

Ұлым әкесіз өсіп жатқандықтан, бар назарым сол балада болды. Шыбын жанымды шүберекке түйіп, бір сәт көзімнен таса қылмадым. Өте ерке өсті. Жегені алдында, жемегені артында дегендей не ішем, не кием деп қам жемеді. Жоқты бардай, барды нардай етіп, пәтерден-пәтерге көшіп жүрсек те, ұлымның бар жағдайын жасауға тырыстым. Әйтеуір ұлым ешкімнен кем болмай, қатарластарынан қалмауына бар күш-жігерімді салдым. Әрбір ана баласының бақытты болғанын қалайды ғой. Мен де Мирасымның балалық шағы баршылықта, қызықта өткенін қаладым. Ұлымды шектен тыс өбектегенімді жасырмаймын. Кемшілікті бетіме басқан кейбір құрбыларыммен де ат құйрығын кесуге тура келді. Бірде құрбымның бірі маған “Асылтай, сен балаңа дұрыс тәрбие беріп жатқан жоқсың. Тым ерке. Қой дегенді білмейді. Көңіліңе келсе де айтайын “есер баладан ерке бала жаман”. Ертең саған қиын болады”, – деп айтқаны менің көңіліме де, жүрегіме де ауыр тиді. Осыдан кейін онымен алыстан араласатын болдым. Бірақ қазір ойласам, құрбым шындықты шырылдап айтқан екен ғой. Маған жаны ашыған болуы керек. Өкінішке қарай, ол өмірден өтіп кетті.

Ұлым мектепте ұстаздарымен келіспей қалатын. Апта сайын бір-екі мәрте ескерту алатын. Мен де Мирастың жөнсіз қылығын жақтап, мұғалімдерімен талай сөзге келдім. “Қарға баласын аппағым, кірпі баласын жұмсағым”, – дейді. Алладан да, адамнан да тілеп алған ұлыма қалайша болыспаймын. Сөйтіп, қалада бірнеше мәрте мектеп ауыстыруға тура келді. Әйтеуір 11 сыныпты әупіріммен бітіріп, қолына аттестат алған сәтте мойнымнан бір ауыр жүк түскендей болды. Жергілікті университеттің бірінші курсын аяқтамай жатып, оқудан шығатынын айтты. Оған адал еңбекпен нан тауып жеу үшін, өзгеден тіленбей өз күнін өзі көруі үшін мамандық алуы тиіс екенін ақылмен де, ұрысып та айттым. Қайтейін өз қолымды өзім кесейін бе? Тыңдамады. Одан кейін колледжде жұмысшы мамандығына оқитын болды. Оны да тастап кетті.

Қазір жасы 25-те. Қателікті кім жасамайды. Әлі де ойланар, ақылға келетін шығар. Бәрін басынан бастау кеш емес. Тек баламда ынта, жігер жоқ. Кез келген іске екі иығын жұлып жеп кірісетін жаста емес пе?! Оның жанында қашанға дейін жүремін. Мәңгі өмір сүрмейтінім ақиқат. Қазір ол жұмыссыз. Менің зейнетақым жетпейтін болған соң үйде қол қусырып отыра алмаймын. Оның үстіне пәтердің төлемі бар. Денсаулығым сыр беріп, құр сүлдерім қалды. Жұмыстан шығып кетсем, ешкім зерлі табаққа ас салып әкелмейтіні ақиқат. Қолында дипломы болмаған соң, Мирасты ешкім жұмысқа алғысы келмейді. Ал қара жұмысқа ыңғайы жоқ. Баламның берекесіздігіне қазір өзімді кінәлаймын. Бұл – менен кеткен қателік. Енді оны түзеу – кеш. Нағашыларының ақылына да құлақ асар емес. “Жақсы бала – сүйік, жаман бала – күйік”, дегендей, туған-туыстармен де көп араласпаймын. Кезінде өзім қамқор болған бауырларымның қазір өз отбасылары бар. Кімнен пана іздеймін. Ұлымның өз әкесімен де қарым-қатынасы жоқ. Біз бұл әлемнен тыс өмір сүріп жатқандаймыз. Іштегі мұң зіл батпан болса да, жұртқа білдірмеймін.

Жалпы қыздарға дер кезінде отбасын құрып, бала тәрбиесіне ерекше мән беру қажет екенін айтқым келеді. Қазір кейбір жастар жұмыс істеп, отбасын құруға асықпайды. Солай жүргенде өмір өтіп кетеді. Ал жұмыс ешқайда қашпайды. Адам бақытты болуға ұмтылуы керек. Өмір бақытты сәттерден тұрады. Отбасыңмен мәре-сәре болып, жаныңда жүрсе, ұл-қызың қуанышқа бөлесе, түсінген адамға бақыт сол емес пе? Кезінде көзімнің ағы мен қарасындай болған жалғызыма дұрыс тәрбие бергенімде оны мұндай шарасыз күйге түсірмес едім. Атам қазақ “балаңды аясаң, аяма” деп тауып айтқан. Тентек, ерке баланы жөнге салу оңай емес. Ол не айтса, сол – заң. Жүрегім шаншып, шашым ағарса да, оған мән беріп жатқан ұлым жоқ. Өз әлемі өзінде. Бұл тығырықтан оны енді қалай құтқарамын? Немере бағатын жасқа келгенде ұлымды жөнге сала алмай отырғаным жанға батады.

Дайындаған

Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,

“Soltüstık Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp