“Soltüstık Qazaqstan” газетінде “Сенбілік бет”, “Мағжан”, “Өлең – өмір өзегі” атты айдарлармен жерлес ақындарымыздың өлеңдері жарық көріп тұрады. Сол авторлардың бірегейі – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тоқтар Зікірин өз қоршаған ортасын айна-қатесіз қағаз бетіне түсіре білетін қабілетімен оқырмандар қауымының жүрегіне жол табатын.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі болған соң көптеген қаламгерлердің шығармаларымен танысып отырамын. “Жан шуағы”, “Көңіл көкжиектері”, “Тіршілік тынысы”, “Бұл бір дәурен”, “Өмір өзегі”, “Жүрек сыры” кітаптары жарық көрген Тоқтар ағамыздың шығармаларын да назардан қалдырған емеспін.
“Жаңа ғасыр, меже ғасыр, бел ғасыр,
Сенім деген қасиет бар менде асыл.
Бағыт-бағдар дұрыс болып бүгінгі,
Қазағымды биік көтер, белге асыр”.
Бұл шумақтың астарына үңілсек, “арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты”, Мағжанның сенімін арқалаған жастарға қазақтың атын аспандатып, жарқын болашаққа аттанатындарға алдымен айқын бағдар керектігін алға тартқан. Адам өзінің өмір жолын дұрыс таңдап, жүрегі қалаған маман иесі болып, саласында табанды еңбек ете алса ғана мемлекетінің өркендеп, дамуына зор үлес қосады. Осы төрт жолдың басында үш рет қайталанып айтылған “Ғасыр” сөзін “Буын” деп алмастырсақ, өзімізге тікелей айтылып тұрғанын аңғарамыз.
“Өрекпіген көңілдің бар басары,
Адам сырын мұңдас бір жанға ашады.
Мұңмен кеуіп кетпейді шердің көлі,
Мұңмен өмір тағы алға жалғасады”, – деп аяқталады. “Мұң болады адамда” өлеңінде мұңсыз дүние болмайтынын көркем сөзбен кестелеп жеткізе алған. Өмірлік қателікті мойындаған өткен күндер өзегіңді тырмалайтыны рас. “Уайым-қайғы қанша ауыр болса дағы” өмірге ғашық адам тағдыр сынақтарына тойтарыс бере отырып, “жапырағы үзілген күздегідей, тұнжырап тұратұғын мойылдай түннің” артынан арайлы таңның атарын біледі. Мұңның да тек сәттерден тұратынын айтқан ақынның жыр шумақтарынан өмірде ештеңе де мәңгілік емес екенін түйіндеуге болады.
Ақын ішкі жан дүниесіндегі арпалысқа толы сезімдерді дөп басып жырлағанымен оқырманын баурап алады. Қалада жүргенімізбен ауылдың көшелерінде қалған балалық шағымызды аңсамай тұрмаймыз. Бірақ ауылға барсақ, құшағын айқара ашып, тосып отырған ешкім жоқ. Балдәуреніміз өткен қарашаңырағымыз да бұзылды. Барғанымызда орнын сипағаннан басқа қолдан келер шара жоқ.
“Жұлып жемей қойсын қалай жанымды-ай,
Бәрі-бәрі көзден ұшқан сағымдай.
Көңіл мүлде құлазыды, күйзеліп,
Бала кездің баянды ізі табылмай…”, – деп Тоқтар ағамыз ауылдан шыққан адамның ойдағысын дәл тапты десем, қателеспеймін.
Жарты ғасырға жуық қалам мен қағазды жанына серік еткен ақын ағамыздың сыр-сезімдерге толы толғанысты сәттері мен өмірдің өзекті мәселелерін жырына арқау еткенін әрбір өлеңінен оқып білеміз.
“Батқан Күнді кестеден,
Көріп бабам торықтың.
Ал алауы өшпеген,
Қалай сөнсін жарық Күн?!”, – деп өзі жырлағандай кітаптарының беттерін парақтаған оқырманымен сырласып отыратын Тоқтар Зікірин ешқашан өлмейді. Ақынның мәңгілік жасайтынының да сыры осында болуға тиіс.
Өмірдің сәттерімен жарық көрген туындылар көненің көзіндей болып, келер күнмен сырлас болмай ма? Демек, Тоқтар Зікірин – замананың сырласы.
Самал БАҚТЫБАЕВА,
облыстық олимпиада резерві мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.