«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Замана сырласы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Soltüstık Qazaqstan” газетінде “Сенбілік бет”, “Мағ­жан”, “Өлең – өмір өзегі” атты айдарлармен жерлес ақын­дарымыздың өлеңдері жарық көріп тұрады. Сол автор­лардың бірегейі – ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Тоқтар Зікірин өз қоршаған ортасын айна-қатесіз қағаз бетіне түсіре білетін қабілетімен оқырмандар қауы­мының жүрегіне жол табатын.

Қазақ тілі мен әдебиеті пән­дерінің мұғалімі болған соң көп­теген қаламгерлердің шығарма­ларымен танысып отырамын. “Жан шуағы”, “Көңіл көкжиекте­рі”, “Тіршілік тынысы”, “Бұл бір дәу­рен”, “Өмір өзегі”, “Жүрек сы­ры” кітаптары жарық көрген Тоқ­тар ағамыздың шығармаларын да назардан қалдырған емеспін.

“Жаңа ғасыр, меже ғасыр, бел ғасыр,

Сенім деген қасиет бар менде асыл.

Бағыт-бағдар дұрыс болып бүгінгі,

Қазағымды биік көтер, белге асыр”.

Бұл шумақтың астарына үңіл­­сек, “арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қыран­дай күшті қанатты”, Мағжанның сенімін арқалаған жастарға қа­зақтың атын аспандатып, жарқын болашаққа аттанатындарға алдымен айқын бағдар керекті­гін алға тартқан. Адам өзінің өмір жолын дұрыс таңдап, жү­регі қа­лаған маман иесі болып, сала­сында табанды еңбек ете алса ғана мемлекетінің өркен­деп, да­муына зор үлес қосады. Осы төрт жолдың басында үш рет қай­таланып айтылған “Ға­сыр” сөзін “Буын” деп алмас­тырсақ, өзімізге тікелей айты­лып тұрғанын аң­ғарамыз.

“Өрекпіген көңілдің бар басары,

Адам сырын мұңдас бір жанға ашады.

Мұңмен кеуіп кетпейді шердің көлі,

Мұңмен өмір тағы алға жал­ға­сады”, – деп аяқталады. “Мұң болады адамда” өлеңінде мұң­сыз дүние болмайтынын көр­кем сөзбен кестелеп жеткізе ал­ған. Өмірлік қателікті мойындаған өт­кен күндер өзегіңді тырма­лай­ты­ны рас. “Уайым-қайғы қан­ша ауыр болса дағы” өмірге ғашық адам тағдыр сынақтары­на той­та­рыс бере отырып, “жапырағы үзілген күздегідей, тұнжырап тұ­ратұғын мойылдай түн­нің” арты­нан арайлы таңның атарын біле­ді. Мұңның да тек сәттерден тұ­ра­тынын айтқан ақынның жыр шу­мақтарынан өмірде ештеңе де мәңгілік емес екенін түйіндеу­ге болады.

Ақын ішкі жан дүниесіндегі арпалысқа толы сезімдерді дөп басып жырлағанымен оқырма­нын баурап алады. Қалада жүр­генімізбен ауылдың көшелерінде қалған балалық шағымызды аңсамай тұрмаймыз. Бірақ ауыл­­ға барсақ, құшағын айқара ашып, тосып отырған ешкім жоқ. Балдәуреніміз өткен қарашаңы­ра­ғымыз да бұзылды. Барғаны­мызда орнын сипағаннан басқа қолдан келер шара жоқ.

“Жұлып жемей қойсын қалай жанымды-ай,

Бәрі-бәрі көзден ұшқан сағымдай.

Көңіл мүлде құлазыды, күйзеліп,

Бала кездің баянды ізі та­был­май…”, – деп Тоқтар аға­мыз ауылдан шыққан адамның ойда­ғысын дәл тапты десем, қате­лес­пеймін.

Жарты ғасырға жуық қалам мен қағазды жанына серік еткен ақын ағамыздың сыр-сезімдерге толы толғанысты сәттері мен өмірдің өзекті мәселелерін жы­рына арқау еткенін әрбір өлеңі­нен оқып білеміз.

“Батқан Күнді кестеден,

Көріп бабам торықтың.

Ал алауы өшпеген,

Қалай сөнсін жарық Күн?!”, – деп өзі жырлағандай кітаптары­ның беттерін парақтаған оқырманымен сырласып отыратын Тоқтар Зікірин ешқашан өлмей­ді. Ақынның мәңгілік жасай­ты­нының да сыры осында болуға тиіс.

Өмірдің сәттерімен жарық көр­ген туындылар көне­нің көзін­дей болып, келер күнмен сыр­лас болмай ма? Демек, Тоқтар Зікі­рин – замананың сырла­сы.

Самал БАҚТЫБАЕВА,

облыстық олимпиада резерві мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp