«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Күн тәртібінде — жылыту маусымы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс маймыл шешегі вирусы мәселесі қаралды. Сондай-ақ отырыста алдағы жылыту маусымына дайындық барысы да талқыланды. Отын тасымалдау ісі де назардан тыс қалмады.

Аурудың алдын алу маңызды

Денсаулық сақтау вице-министрі Ержан Нұрлыбаев қазір еліміз­де эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, сирек жұқпалы ауруды жұқтыру дерегі тіркелмегенін айтты. Жалпы 2022 жылдың мамырында маймыл шешегі вирусының алғашқы тіркелуінен бастап әлемде 99 мыңға жуық жағдай расталды. Оның 189-ы өлімге әкелген. Эпидемия тараған елдерге Гана, Конго, Камерун, Либерия, Нигерия, Орталық Африка Республикасы жатады. Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі көрші елдердегі эпидемиологиялық ахуалға мониторинг жүргізумен қатар, тәуекелдерді тұрақты бағалау жүргізілуде.

Африка елдерінен, сондай-ақ инфекцияны тасымалдау жағдайлары тіркелген басқа елдерден келген азаматтарға ерекше назар аударылады. Қолайсыз елдердің тізімі үнемі жаңартылып отырады. Ғалымдардың пікірінше, бұл жұқпалы аурудың кең таралмауының бір себебі жұқпалылығы жоғары емес.

“Ел аумағында індеттің пайда болу қаупі аз. Осыған қарамастан, министрлік бұл инфекцияның таралуына жол бермеу үшін барлық қажетті алдын алу шараларын қабылдап жатыр. Мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде санитарлық-карантиндік бақылау күшейтілді. Аталған инфекцияға күдікті науқастар әкелінген және анықталған жағдайда, жағдайдың ушығуының түрлі сценарийлері бо­йынша медициналық қызметтердің іс-қимыл алгоритмдері әзірленді. Дәрілік заттар қорының қажетті көлемін қалыптастыру шаралары қабылданды. Медицина қызметкерлерін диагностика және емдеу әдістеріне оқытудың қайталама циклдері жергілікті жерлерде жүргізіледі. Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің қаулысы және төтенше жағдайлар кезіндегі ұлттық іс-қимыл жоспары дайындалды. Жағдай Денсаулық сақтау министрлігінің тұрақты бақылауында”, – деді Е.Нұрлыбаев.

Үкімет басшысы әзірге алаңдауға негіз жоқ екенін, алайда тоқмейілсуге тағы болмайтынын атап өтті.

“Көріп отырғанымыздай, әзірге алаңдауға еш негіз жоқ. Елімізде қауіпті індетті жұқтырудың бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ. Алайда арқаны кеңге салуға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі ахуалды әрі қарай бақылауда ұстап, жұқпалы аурудың ел аумағында таралу қаупін болдырмау бойынша алдын алу шараларын қабылдасын. Бұл әсіресе, әуежайлар мен шекарадағы өткізу бекеттеріне қатысты”, – деді О.Бектенов.

Қыста қиындық туындамауы тиіс

Отырыста Премьер-министр жылу электр орталықтары, желілер мен әлеуметтік нысандардың жылу беру маусымына дайындығын қамтама­сыз етуді тапсырды. Жылу көздерін, инженерлік желілерді, әлеуметтік сала нысандарын дайындау және отын жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, Көлік министрі Марат Қарабаев баяндады. Бірқатар облыс әкімінің баяндамасы тыңдалды.

Энергетика министрлігінің дерегіне сәйкес, биыл республика бо­йынша 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жос­парланған. Жұмыс түрлі кезеңде 1 энер­гоблок, 28 қазандық және 22 турбинада жүргізіліп жатыр, 4 энергоблокта, 21 қазандықта және 17 турбинада толық аяқталды. Сондай-ақ 13,4 мың км электр беру желісі, 277 қосалқы станса, 2 292 тарату пункті жөнделді.

Сонымен қатар негізгі жабдықты жөн­деуді бастау мерзімінің сақтал­мауы Қарағанды мен Маңғыстау облыс­т­арындағы электр стансаларында бай­қалады. Министрлік жылыту кезеңіне дайын­дық қосымша назарда болатын энер­гетикалық кәсіпорындарды анықтады.

Үкімет басшысы жылыту маусы­мы­­ның басталуына бір айдан сәл ас­там уақыт қалғанын еске салды. Жұ­мыстың ауқымды бөлігін ең соңғы күн­дерге қалдыру әдеті жұмыстың дұ­рыс жоспарланбағанын көрсететінін баса айтты. Маңғыстау облысында МАЭК-тің 1-ЖЭО-сындағы №4 турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. 2-ЖЭО-да құжаттар уақтылы дайын болмағандықтан, мердігерді анықтау мүмкін болмай отыр. Бұл ретте Үкімет МАЭК-ті дамытуға қомақты қаражат бөлді.

“Бекітілген жөндеу жұмыстары­ның кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан-жылға қайталанып келеді. Әркім өз ісіне жауапты қарайтын болса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді. Біздің отырыстарымыз бен кеңестерімізде облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Сонымен қатар жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру. Бүгінде Энергетика министрлігі кәсіпорындарға жылыту кезеңіне әзірлік паспорттарын бере бастады. ЖЭО әзірлік паспортын беруден бас тартылған жағдайда сол өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралатын болады”, – деді Үкімет басшысы.

Коммуналдық инфрақұрылым­ды жаңғыртуға, желілерді жоспарлы түрде ауыстыру және заманауи жабдықтар орнатуға қатысты ауқымды жоспарлы жұмыстың маңыздылығы айтылды. Ұлттық экономика, Өнер­кәсіп және құрылыс, Энергетика министрліктерінің алдына бірқатар міндет қойылды:

Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыс­­тарының уақытылы аяқталуын қамтамасыз ету;

Өнеркәсіп және құрылыс ми­нистр­лігі, өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының толық дайындығын, ал 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй қоры нысандарының әзір болуын қамтамасыз ету; Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау министрліктері де бұл мәселені бақылауға алуға тиіс; Осы жылыту маусымына дайын­дық барысын дұрыс ұйымдас­тыру мен үй­лестіру мақсатында Роман Склярдың басшылығымен жедел штаб құрылуы қажет.

Көмір халықтың сатып алуына жіберіледі

Премьер-министр энергетика нысандары мен халықты отынмен қамтамасыз ету мәселесіне жауапты министрліктер мен әкімдіктердің назарын аударды. Энергетика ми­нистрлігінің мәліметінше, энергия көздерінің отын қоймаларында 3,7 млн. тонна көмір, 90 мың тонна мазут жинақталған. Жылыту маусымы үшін нормадан төмен отын қоры 4 станса бойынша анықталып отыр.

Үкімет басшысы конкурстық рәсімдердің кеш өткізілуіне байланысты стансаларда отын қорын қамтамасыз ету мәселелері бар екенін атап өтті. “Мәселен, мазутты бөлу тек 15 тамызда басталды. Логистиканы, қауырт жұмыс барысында туындайтын цистерна мен вагон тапшылығын және басқа да мәселелерді ескеретін болсақ, мазут пен көмір қоры уақытылы дайындалады дегенге сену қиын”, – деп атап өтті О.Бектенов. Бұл ретте Үкіметте көмір тасымалдауда дүрбелең туғызбай, вагондар тапшылығын болдырмау үшін шарттарды ерте жасасу, жеткізу кестелерін бекіту қажеттігі бірнеше рет талқыланды.

 “Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік министрліктеріне көмір мен мазут жеткізу бойынша “Қазақстан темір жолының” және өңірлердің міндеттемелерін орындау мәселелерін қатаң бақылауда ұстауды тапсырамын. Көлік министрлігі, “Қазақстан темір жолы” және өңірлердің әкімдіктері бекітілген кестеге сәйкес коммуналдық-тұрмыстық көмір мен мазут көлемін уақтылы жеткізу бойынша шаралар қабылдасын. Әлеуметтік көмірді бизнес субъектілеріне сатуға жол беруге болмайды. Бұл көмір халыққа арналған”, – деді О.Бектенов.

(“Egemen Qazaqstan”,

21 тамыз, 2024 жыл).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp