«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚАРЛЫҒАШ-ҒҰМЫР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қаншалықты дұрыс екенін біл­меймін, ертеректе жақын-туысыңды, дос-жолдасыңды мақ­тап, баспа бетіне шығаруға бол­майды деген журналистер үшін жазылмаған “заң” бар еді. Содан да болуы мүмкін, көзі ті­рісінде Тоқ­тар туралы толымды бір дү­ние жазбаппын. Мына қым-қуыт өмірде көп нәрсе кейінге ысыры­лып жатады ғой, оның да сәті туар, бала күннен жүрегімнің тө­рі­нен орын алған до­сым туралы төгілтіп бір жа­зармын деп жүруші едім. Одан қас пен көздің ара­сында айыры­лып қаламыз деп кім ойлаған?! Әлемді жайлаған, талай ғұ­мыр­ды жалмаған індет­тің кесірінен топырақ та сала ал­мадым. Көп­ке дейін сене алмай жүрдім.

Тоқтар зейнет демалысына шыққаннан кейін редакцияға жиі келмесе де ара-тұра төбе көр­се­­тіп кетуші еді. Әне-міне кіріп ке­летін сияқты болады да тұ­рады. Күтумен талай күндер өтті, қыр­қы да артта қалды, жылы да жет­ті. Үйдегі кісі ара-тұра: “Тоқтар ту­ралы бір ауыз сөз жазбадың ғой”, – деп қояды. Иә, ол рас. Тоқтар­ды менен жақ­сы білетін адам жоқ. Екеуіміз бір топырақта, үй арасында үй жоқ еді, дүние есігін аштық. Ол анам көрші-қолаңды жинап мені қыр­қымнан шығарып жатқанда туыпты. Сәби күніміз­ден біте қайнасып, бірге өстік. Мектепке де бірге бардық, бас­тауыш сы­ныптарда бір партада отырдық. Жазғым келді, талай рет оқтал­дым. Бірақ өлімге түгіл өкпеге қимайтын досым туралы жаза алмадым. Тай-құлындай те­бісіп бірге өскен дос туралы өт­кен шақта сөйлеу қиын екен. Әйт­песе оның бүкіл өмір жолы көз алдымда, көкірегімде сайрап тұр.

Тоқтардың әкесі Нұрахмет мұ­ғалім болатын. Ерте қайтыс болды. Біз 4-сыныпқа барған жылы ма екен, көктемгі көксал­пақ­тың ал­дында үстінде бөткесі бар сүй­ретпе шана тіркеген шын­жыр та­банды трактор екі үйдің арасы­на келіп тоқтады. Ол кезде біз­дің ауылдың тұр­ғындары қысты күн­дері кеңшар орталығына осы ша­намен қатынайтын. Біз ойы­мызда ештеңе жоқ, көшеде ойнап жүр едік. Шанадан опыр-топыр түсе қалған үлкендер Тоқ­тар үйіне қа­рай беттеді. Білек­терін айқасты­рып алған, біреуді көтеріп бара жат­қан сияқты. Бала жүрек бір­деңе сезді ме, “Мен қазір келе­мін”, – деп Тоқ­тар үйіне қарай жү­гіре жөнелді…

Әке-шешесінің тұңғышы Тоқ­тар еркек кіндіктіден жалғыз бо­латын. Содан да шығар, ерке­леу өсті. Әлі есімде, алғаш рет мек­теп табалдырығынан аттап, бі­рін­ші сыныпқа барғанымызда Тоқ­тарды әкесі арқалап апарды. Еркелігінің соңы осы болды. Тез есейді. Әкесі қайтқаннан кейін белі бекіп, бұғанасы қатпаса да, әрдайым үйдің қамымен жүре­тін анасынан отынға барса да, шөп шапса да, бір елі қалмай­тын.

1966 жылы орта мектепті та­мамдадық. Жоғары, орта арнау­лы оқу орындарына түсеміз де­ген балалардың алды Алматы сияқты үлкен қалаларға кете бас­тады. Әкем мені нағашымыз тұра­тын Қарағандыға апармақ болып шешіп қойған. Тоқтарда үн жоқ. Көңілсіз. Анасы мен екі қа­рындасын тастап кетуге қи­май­­тын сияқты. Бір күні түскі шайы­­мызды алдымызға ала бер­гені­міз сол еді, Тоқтардың апасы (ол да, мен де анамызды апа деп өстік) кіріп келді. Әке-шешеміз дастарқанға жақында­ңыз деп бәйек болып жатыр. Бірақ ол кісі асығыс екенін ай­тып, наннан ауыз тиіп, тізе бүкті де келген жұ­мысын айта бас­тады. “Аға, Жа­расты Қараған­ды­ға апарғалы жатыр екенсіз, Тоқтарды да ала кетсеңіз, өзі биылша оқуға бар­маймын, саған көмектесемін, жұ­мыс істеймін деп, “бізге алаңда­ма, қатарың­нан қалма” дегеніме көнбей жатыр, ел іші ғой, біз бір­деңе қы­л­ып күнімізді көрерміз, әлі жас қой, жұмыс істеп не жа­ры­тады, оқысын”, – деді.

Әкем көп сөзі жоқ адам еді, бірден келісімін берді де жүретін күнін айтты. Шахтада істейтін Нығ­мет деген нағашымызды бұ­рын көрмесек те, ол кісі бізді жылы қарсы алды. Әкем бізді сол кісіге қайта-қайта тапсырып, “шаруа айы ғой, шөп шабылған жоқ еді, кеңшардың да жұмысы бар” деп асығыс ауылға жүріп кетті.

Конкурс де­ген керемет бол­ды. Тоқтар екеуіміз емтихандар­ды ойдағы­дай тапсырсақ та, сол іріктеуден өте алмадық. Енді не істейміз? Үйге қайтқаннан басқа амал жоқ. Бала болсақ та бәрін түсінеміз. Әке-шешеміз үйдегі бар ақшаны қалтамызға салып беріп еді, со­ның бәрі далаға кет­ті. Ішіміз удай ашиды. Осылай са­лымыз суға ке­тіп, ауылға қайт­тық. Кеңшар орталы­ғына дейін тез жеттік. Ол кезде қа­зір­гідей ағылып жатқан көлік жоқ, неде болса ақырын жылжи бе­рейік деп, ауылға апа­ратын қара жолға түсіп, жаяу тарттық. Кеңшар орталығы Се­миполка мен Балуанның арасы – 12 шақы­рымдай жер, артымызға қарай-қарай Шойманның дөңіне де іліктік. Төтелей тартқан жол ша­ғын шоқты жарып өтеді. Ойда ауыл көрініп тұр. Ауылды, әке-ше­шемізді сағынғанымыз бар, манадан зырылдап келе жатыр едік, осы араға келгенде аяғы­мыз­ға тас байланғандай кібір­тіктедік те қалдық. “Күн ерте ғой, ауылға қалай кіреміз?” – деді ол менің де ойымды дөп басып. Кө­шенің қай жағынан кірсек те үл­кендердің алдымыздан шығып, “Оқуға түстіңдер ме?” деп сұ­рай­тыны анық. Не дейміз? Он жыл оқып, оқуға түсе алмау де­ген мас­қара ғой! Оның үстіне екеуіміз де жақсы оқыдық. Енді не бетіміз­бен жұртқа қарай­мыз?! Содан та­па-тал түсте ауыл­ға жетіп баруға жүрегіміз дауаламай қас қарай­ғанша сол шоқтың ішінде жаттық. Тоқтар да менің күйімді кеш­кен шығар, әке-шешеме тура қарай алмай, міңгірлеп, жолымның болмаға­нын жеткіздім. Әкем үнсіз оты­рып қалды, анам болса “оқу қай­да қашар дейсің, өздерің аман болыңдар” деп жұбатып жа­тыр. Содан бір аптадай Тоқтар мені, мен Тоқтарды көрген жоқ­пын. Кө­шеге шығуға бет жоқ.

Бірақ қашанғы тығылып жата бересің, күндердің күнінде жұ­мыс сұрап бөлімше басқару­шысы Есмағзам ағайдың алды­на келдік. Ол кісі көп ойланған жоқ: “Қой бағасыңдар ма?” – деді. Ол кезде оқымағанның бәрі қой бағатын, сол қамытты кимегенде біз де қайда бара­мыз, ке­лістік. Бұл жұмыс оңай емес екен. Әсіресе түнгі күзеті қиын. Тоқтар соның бәріне шы­да­ды, бір жыл жап-жақсы жұ­мыс істеп, 1967 жылдың жазын­да тағы да Қарағандыға аттан­ды. Ақыры не керек, кооператив институтына тү­­сіп, экономист ма­мандығын алып шықты. Оқуын тамамда­ғаннан кейін Сергеевкада ма­ман­дығы бо­йынша жұмыс істеді. Абырой­сыз болған жоқ, қыз­метте тез өсті, аудандық дайын­дау кеңсе­сін басқарды. Ол кезде қайдан білейік, бұл екінің бірінің қолына тие бермейтін қызмет екен. Неше түрлі қат дүниенің бәрі қо­лында. Дайындау кеңсе­сін бас­қарудың қандай қызмет екенін түсінгеннен кейін “енді байитын болдың, бізді де ұмытпа” деп жатырмыз. Арада жылдар өтті, бірақ Тоқтарға шыр біткенін, тұр­мысында айтарлықтай өзге­ріс­тер бола қойғанын байқаған жоқпын. Өйткені ол қулық-сұмдық дегенді білмеуші еді. Сол адал жолынан өмір бойы тайған жоқ. Өзінің білімімен, еңбегімен, ізде­ні­сімен біреуден ілгері, біреу­ден кейін дегендей өмір сүр­ді. Бұл ол көптің бірі болды деген сөз емес. Оның болмысы бөлек болатын. Оны жыр әлеміне же­телеген де осы бекзат қасиеті еді.

Алғашында маған Тоқтар­дың ақындыққа бет бұруы кез­дей­соқтық, жай әуестік сияқты көрін­генін жасыра алмаймын. Ол мек­теп қабырғасында жүр­генде математикаға, физикаға жүй­рік бол­ды. Сурет салатын, сыз­уға да ше­бер еді. Қазақша айтқанда, есеп­ті шемішкеше шағатын досым әдебиет, тарих жағына аса құл­шыныс таныта қоймайтын. Сол Тоқтарым Қара­ғандыда оқып жүр­генде, 2-курста болуы керек, өлең жаза бас­та­ды. Бір дема­лыс­қа келгенде Қа­­рағанды облыстық “Орталық Қа­зақстан” га­зетінде жариялан­ған топтама өлеңдерін көрсетке­ні бар. Кейін сол кезде республи­ка­ға таны­лып қалған қаламгер, жас та бол­с­а білікті сыншы Са­ғат Әшім­баев­­тың назарына ілік­ті. Сәкең ол кезде “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газе­тінің бөлім мең­герушісі болатын, Тоқтардың өлеңдеріне өзі алғы­сөз жазып, беделді басылым­ның бір бетін тұтас арнапты. Бұл нағыз сенса­ция болды! Өйткені Алматыда тұратын мен кере­мет­­пін деп кеу­десін соғатын ақындардың бәрі­не бірдей мұн­дай құрмет көрсе­тіле бермейтін. Осылай Тоқтар ойламаған жер­ден топ жарды. Оның жырлары “Ленин туы” (қа­зіргі “Soltüstık Qa­zaqstan”) газе­тінде де үзбей жа­рияланып тұр­ды. Бірте-бірте қара сөзге де бейімі бар екенін байқатып, га­зетке мақалалар жол­дай баста­ды. Нақ осы кезде өзі “Өмір өзегім – заманымның үні­сің, Өзіңде ғой тіршілігім, ты­нысым. Өзегіме өрт түсірдің өш­пейтін, Бәрі, бәрі… бәрі осынау жыр үшін!” деп жазғандай, өлең­мен егіз ту­ғанын түсінді ме екен, бір жағы­нан шығармашылық ор­та­ға жа­қын болайын дегені де шығар, редакцияға қызметке ауысты. Алғашында Сергеев (қа­зіргі Шал ақын) ауданы бойынша меншікті тілші қызметін атқарса, кейін облыс орталығына көшкеннен кейін экономика бөлімі­нің меңгерушісі болды. Сауда саласында­ғы жылы орнын еш қиналмас­тан тастап кетсе де, институтта алған білімі далада қалған жоқ, ол білікті экономист ретінде өзі басқаратын бөлімнің, тұтастай редакцияның десек те артық емес, жұмысын жаңа деңгейге кө­терді. Осылай жаңа қызметтің де ұршығын шыр ай­налдырып, қаламгерлік қабіле­тін шыңдай түсті.

2003 жылдың мамыр айында мен облыстық теледидарда бас редактор болып жүрген жерім­нен өзімнің тілшілік қызметімді бастаған “Soltüstık Qazaqstan­­”-ға басшы болып келдім. Содан Тоқтар зейнет демалысына шық­қанша бірге қызмет істедік. Ол жұмыста қамшы салдырмай­тын. Қандай тапсырма берсең де тап-тұйнақтай орындап тас­тайтын. Ертелі-кеш бір орында тапжылмай отырып жұмыс істе­гені өз алдына, білгенін жастар­ға үйретуден жалықпайтынын да байқадым. Бірнеше рет бас редакторға орынбасар бол деп қолқа салдым. “Біз бір-бірімізге бөтен адам емеспіз, сөзге ілігіп қайтесің, өзің істей бер, мен шен-шекпенге қызығатын адам емеспін, жай да қасыңдамын ғой, қолдан келген көмегімді ая­май­мын”, – деп үзілді-кесілді бас тартты. Ол сөзінде тұрды, адал қызмет істеді, әріптестерінің ғана емес, өзі араласқан жандар­дың бәрінің құрметіне бөленді.

Адамның жаратылысын түсі­ну қиын ғой, қайтқаннан кейін Тоқтар түсіме жиі кіріп жүрді. Кейін оның өз өмірімдегі орны бө­лек екенін түсіндім. Құрдас, дос болсын ойнаушы едім. Сол күн­дерді кәдімгідей са­ғынатын бол­дым. Сондай сәт­терде оның ар­тына қалдырған мұрасы – кітап­тарын қолыма алу әдетіме енді. Тоқтар көзі тірі­сінде алты кітап (“Жан шуағы”, “Көңіл көкжиек­тері”, “Тіршілік ты­нысы”, “Бұл бір дәурен”, “Өмір өзе­гі”, “Жүрек сыры”) шығарып үл­­герді. Жас кезінде балауса жырларына махаббат, табиғат көріністерін өзек еткен ақын есейе келе ке­мел ойдың кемесін айдынға шы­ғарып, құлашты кең сермеп, ел, ұлт болашағына қа­тысты тіршіліктің түйткілді мә­се­лелерін жиі де батыл жырлайтын болды.

Жай­шылықта ашылып ақта­ры­ла сөй­лемейтін, былайғы жұртқа өзіне қатысы жоқ мәсе­лелерге ара­ласа бермейтін то­ма­ға-тұйық жандай көрінетін до­сым жыр жа­зуға отырғанда жү­регін жала­ңаштап, жаужүрек мі­нез таны­тып, кесек-кесек ойлар­ды орта­ға тастайды. Тоқтар өз еңбегінің шын бағасын ала ал­май кетті. Бәрінен де осы өкі­нішті! Бірақ… бірақ… “Жаңа ға­сыр меже ғасыр, бел ғасыр, Се­нім деген қасиет бар менде асыл. Бағыт-бағдар дұрыс бо­лып бүгінгі, Қазағымды биік кө­тер, белге асыр”, – деп Тоқ­тар до­сым жырлағандай, мен де за­ман­ның түзелеріне, ұлттық құн­дылықтарымыздың салтанат құ­рып, келер ұрпақтың бет түзер темірқазығына айналарына, қар­лығаш-ғұмырдың жыл әлеміндегі сапарының ұзақ боларына сенемін.

Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,

жазушы, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp