Қаншалықты дұрыс екенін білмеймін, ертеректе жақын-туысыңды, дос-жолдасыңды мақтап, баспа бетіне шығаруға болмайды деген журналистер үшін жазылмаған “заң” бар еді. Содан да болуы мүмкін, көзі тірісінде Тоқтар туралы толымды бір дүние жазбаппын. Мына қым-қуыт өмірде көп нәрсе кейінге ысырылып жатады ғой, оның да сәті туар, бала күннен жүрегімнің төрінен орын алған досым туралы төгілтіп бір жазармын деп жүруші едім. Одан қас пен көздің арасында айырылып қаламыз деп кім ойлаған?! Әлемді жайлаған, талай ғұмырды жалмаған індеттің кесірінен топырақ та сала алмадым. Көпке дейін сене алмай жүрдім.
Тоқтар зейнет демалысына шыққаннан кейін редакцияға жиі келмесе де ара-тұра төбе көрсетіп кетуші еді. Әне-міне кіріп келетін сияқты болады да тұрады. Күтумен талай күндер өтті, қырқы да артта қалды, жылы да жетті. Үйдегі кісі ара-тұра: “Тоқтар туралы бір ауыз сөз жазбадың ғой”, – деп қояды. Иә, ол рас. Тоқтарды менен жақсы білетін адам жоқ. Екеуіміз бір топырақта, үй арасында үй жоқ еді, дүние есігін аштық. Ол анам көрші-қолаңды жинап мені қырқымнан шығарып жатқанда туыпты. Сәби күнімізден біте қайнасып, бірге өстік. Мектепке де бірге бардық, бастауыш сыныптарда бір партада отырдық. Жазғым келді, талай рет оқталдым. Бірақ өлімге түгіл өкпеге қимайтын досым туралы жаза алмадым. Тай-құлындай тебісіп бірге өскен дос туралы өткен шақта сөйлеу қиын екен. Әйтпесе оның бүкіл өмір жолы көз алдымда, көкірегімде сайрап тұр.
Тоқтардың әкесі Нұрахмет мұғалім болатын. Ерте қайтыс болды. Біз 4-сыныпқа барған жылы ма екен, көктемгі көксалпақтың алдында үстінде бөткесі бар сүйретпе шана тіркеген шынжыр табанды трактор екі үйдің арасына келіп тоқтады. Ол кезде біздің ауылдың тұрғындары қысты күндері кеңшар орталығына осы шанамен қатынайтын. Біз ойымызда ештеңе жоқ, көшеде ойнап жүр едік. Шанадан опыр-топыр түсе қалған үлкендер Тоқтар үйіне қарай беттеді. Білектерін айқастырып алған, біреуді көтеріп бара жатқан сияқты. Бала жүрек бірдеңе сезді ме, “Мен қазір келемін”, – деп Тоқтар үйіне қарай жүгіре жөнелді…
Әке-шешесінің тұңғышы Тоқтар еркек кіндіктіден жалғыз болатын. Содан да шығар, еркелеу өсті. Әлі есімде, алғаш рет мектеп табалдырығынан аттап, бірінші сыныпқа барғанымызда Тоқтарды әкесі арқалап апарды. Еркелігінің соңы осы болды. Тез есейді. Әкесі қайтқаннан кейін белі бекіп, бұғанасы қатпаса да, әрдайым үйдің қамымен жүретін анасынан отынға барса да, шөп шапса да, бір елі қалмайтын.
1966 жылы орта мектепті тамамдадық. Жоғары, орта арнаулы оқу орындарына түсеміз деген балалардың алды Алматы сияқты үлкен қалаларға кете бастады. Әкем мені нағашымыз тұратын Қарағандыға апармақ болып шешіп қойған. Тоқтарда үн жоқ. Көңілсіз. Анасы мен екі қарындасын тастап кетуге қимайтын сияқты. Бір күні түскі шайымызды алдымызға ала бергеніміз сол еді, Тоқтардың апасы (ол да, мен де анамызды апа деп өстік) кіріп келді. Әке-шешеміз дастарқанға жақындаңыз деп бәйек болып жатыр. Бірақ ол кісі асығыс екенін айтып, наннан ауыз тиіп, тізе бүкті де келген жұмысын айта бастады. “Аға, Жарасты Қарағандыға апарғалы жатыр екенсіз, Тоқтарды да ала кетсеңіз, өзі биылша оқуға бармаймын, саған көмектесемін, жұмыс істеймін деп, “бізге алаңдама, қатарыңнан қалма” дегеніме көнбей жатыр, ел іші ғой, біз бірдеңе қылып күнімізді көрерміз, әлі жас қой, жұмыс істеп не жарытады, оқысын”, – деді.
Әкем көп сөзі жоқ адам еді, бірден келісімін берді де жүретін күнін айтты. Шахтада істейтін Нығмет деген нағашымызды бұрын көрмесек те, ол кісі бізді жылы қарсы алды. Әкем бізді сол кісіге қайта-қайта тапсырып, “шаруа айы ғой, шөп шабылған жоқ еді, кеңшардың да жұмысы бар” деп асығыс ауылға жүріп кетті.
Конкурс деген керемет болды. Тоқтар екеуіміз емтихандарды ойдағыдай тапсырсақ та, сол іріктеуден өте алмадық. Енді не істейміз? Үйге қайтқаннан басқа амал жоқ. Бала болсақ та бәрін түсінеміз. Әке-шешеміз үйдегі бар ақшаны қалтамызға салып беріп еді, соның бәрі далаға кетті. Ішіміз удай ашиды. Осылай салымыз суға кетіп, ауылға қайттық. Кеңшар орталығына дейін тез жеттік. Ол кезде қазіргідей ағылып жатқан көлік жоқ, неде болса ақырын жылжи берейік деп, ауылға апаратын қара жолға түсіп, жаяу тарттық. Кеңшар орталығы Семиполка мен Балуанның арасы – 12 шақырымдай жер, артымызға қарай-қарай Шойманның дөңіне де іліктік. Төтелей тартқан жол шағын шоқты жарып өтеді. Ойда ауыл көрініп тұр. Ауылды, әке-шешемізді сағынғанымыз бар, манадан зырылдап келе жатыр едік, осы араға келгенде аяғымызға тас байланғандай кібіртіктедік те қалдық. “Күн ерте ғой, ауылға қалай кіреміз?” – деді ол менің де ойымды дөп басып. Көшенің қай жағынан кірсек те үлкендердің алдымыздан шығып, “Оқуға түстіңдер ме?” деп сұрайтыны анық. Не дейміз? Он жыл оқып, оқуға түсе алмау деген масқара ғой! Оның үстіне екеуіміз де жақсы оқыдық. Енді не бетімізбен жұртқа қараймыз?! Содан тапа-тал түсте ауылға жетіп баруға жүрегіміз дауаламай қас қарайғанша сол шоқтың ішінде жаттық. Тоқтар да менің күйімді кешкен шығар, әке-шешеме тура қарай алмай, міңгірлеп, жолымның болмағанын жеткіздім. Әкем үнсіз отырып қалды, анам болса “оқу қайда қашар дейсің, өздерің аман болыңдар” деп жұбатып жатыр. Содан бір аптадай Тоқтар мені, мен Тоқтарды көрген жоқпын. Көшеге шығуға бет жоқ.
Бірақ қашанғы тығылып жата бересің, күндердің күнінде жұмыс сұрап бөлімше басқарушысы Есмағзам ағайдың алдына келдік. Ол кісі көп ойланған жоқ: “Қой бағасыңдар ма?” – деді. Ол кезде оқымағанның бәрі қой бағатын, сол қамытты кимегенде біз де қайда барамыз, келістік. Бұл жұмыс оңай емес екен. Әсіресе түнгі күзеті қиын. Тоқтар соның бәріне шыдады, бір жыл жап-жақсы жұмыс істеп, 1967 жылдың жазында тағы да Қарағандыға аттанды. Ақыры не керек, кооператив институтына түсіп, экономист мамандығын алып шықты. Оқуын тамамдағаннан кейін Сергеевкада мамандығы бойынша жұмыс істеді. Абыройсыз болған жоқ, қызметте тез өсті, аудандық дайындау кеңсесін басқарды. Ол кезде қайдан білейік, бұл екінің бірінің қолына тие бермейтін қызмет екен. Неше түрлі қат дүниенің бәрі қолында. Дайындау кеңсесін басқарудың қандай қызмет екенін түсінгеннен кейін “енді байитын болдың, бізді де ұмытпа” деп жатырмыз. Арада жылдар өтті, бірақ Тоқтарға шыр біткенін, тұрмысында айтарлықтай өзгерістер бола қойғанын байқаған жоқпын. Өйткені ол қулық-сұмдық дегенді білмеуші еді. Сол адал жолынан өмір бойы тайған жоқ. Өзінің білімімен, еңбегімен, ізденісімен біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей өмір сүрді. Бұл ол көптің бірі болды деген сөз емес. Оның болмысы бөлек болатын. Оны жыр әлеміне жетелеген де осы бекзат қасиеті еді.
Алғашында маған Тоқтардың ақындыққа бет бұруы кездейсоқтық, жай әуестік сияқты көрінгенін жасыра алмаймын. Ол мектеп қабырғасында жүргенде математикаға, физикаға жүйрік болды. Сурет салатын, сызуға да шебер еді. Қазақша айтқанда, есепті шемішкеше шағатын досым әдебиет, тарих жағына аса құлшыныс таныта қоймайтын. Сол Тоқтарым Қарағандыда оқып жүргенде, 2-курста болуы керек, өлең жаза бастады. Бір демалысқа келгенде Қарағанды облыстық “Орталық Қазақстан” газетінде жарияланған топтама өлеңдерін көрсеткені бар. Кейін сол кезде республикаға танылып қалған қаламгер, жас та болса білікті сыншы Сағат Әшімбаевтың назарына ілікті. Сәкең ол кезде “Лениншіл жас” (қазіргі “Жас Алаш”) газетінің бөлім меңгерушісі болатын, Тоқтардың өлеңдеріне өзі алғысөз жазып, беделді басылымның бір бетін тұтас арнапты. Бұл нағыз сенсация болды! Өйткені Алматыда тұратын мен кереметпін деп кеудесін соғатын ақындардың бәріне бірдей мұндай құрмет көрсетіле бермейтін. Осылай Тоқтар ойламаған жерден топ жарды. Оның жырлары “Ленин туы” (қазіргі “Soltüstık Qazaqstan”) газетінде де үзбей жарияланып тұрды. Бірте-бірте қара сөзге де бейімі бар екенін байқатып, газетке мақалалар жолдай бастады. Нақ осы кезде өзі “Өмір өзегім – заманымның үнісің, Өзіңде ғой тіршілігім, тынысым. Өзегіме өрт түсірдің өшпейтін, Бәрі, бәрі… бәрі осынау жыр үшін!” деп жазғандай, өлеңмен егіз туғанын түсінді ме екен, бір жағынан шығармашылық ортаға жақын болайын дегені де шығар, редакцияға қызметке ауысты. Алғашында Сергеев (қазіргі Шал ақын) ауданы бойынша меншікті тілші қызметін атқарса, кейін облыс орталығына көшкеннен кейін экономика бөлімінің меңгерушісі болды. Сауда саласындағы жылы орнын еш қиналмастан тастап кетсе де, институтта алған білімі далада қалған жоқ, ол білікті экономист ретінде өзі басқаратын бөлімнің, тұтастай редакцияның десек те артық емес, жұмысын жаңа деңгейге көтерді. Осылай жаңа қызметтің де ұршығын шыр айналдырып, қаламгерлік қабілетін шыңдай түсті.
2003 жылдың мамыр айында мен облыстық теледидарда бас редактор болып жүрген жерімнен өзімнің тілшілік қызметімді бастаған “Soltüstık Qazaqstan”-ға басшы болып келдім. Содан Тоқтар зейнет демалысына шыққанша бірге қызмет істедік. Ол жұмыста қамшы салдырмайтын. Қандай тапсырма берсең де тап-тұйнақтай орындап тастайтын. Ертелі-кеш бір орында тапжылмай отырып жұмыс істегені өз алдына, білгенін жастарға үйретуден жалықпайтынын да байқадым. Бірнеше рет бас редакторға орынбасар бол деп қолқа салдым. “Біз бір-бірімізге бөтен адам емеспіз, сөзге ілігіп қайтесің, өзің істей бер, мен шен-шекпенге қызығатын адам емеспін, жай да қасыңдамын ғой, қолдан келген көмегімді аямаймын”, – деп үзілді-кесілді бас тартты. Ол сөзінде тұрды, адал қызмет істеді, әріптестерінің ғана емес, өзі араласқан жандардың бәрінің құрметіне бөленді.
Адамның жаратылысын түсіну қиын ғой, қайтқаннан кейін Тоқтар түсіме жиі кіріп жүрді. Кейін оның өз өмірімдегі орны бөлек екенін түсіндім. Құрдас, дос болсын ойнаушы едім. Сол күндерді кәдімгідей сағынатын болдым. Сондай сәттерде оның артына қалдырған мұрасы – кітаптарын қолыма алу әдетіме енді. Тоқтар көзі тірісінде алты кітап (“Жан шуағы”, “Көңіл көкжиектері”, “Тіршілік тынысы”, “Бұл бір дәурен”, “Өмір өзегі”, “Жүрек сыры”) шығарып үлгерді. Жас кезінде балауса жырларына махаббат, табиғат көріністерін өзек еткен ақын есейе келе кемел ойдың кемесін айдынға шығарып, құлашты кең сермеп, ел, ұлт болашағына қатысты тіршіліктің түйткілді мәселелерін жиі де батыл жырлайтын болды.
Жайшылықта ашылып ақтарыла сөйлемейтін, былайғы жұртқа өзіне қатысы жоқ мәселелерге араласа бермейтін томаға-тұйық жандай көрінетін досым жыр жазуға отырғанда жүрегін жалаңаштап, жаужүрек мінез танытып, кесек-кесек ойларды ортаға тастайды. Тоқтар өз еңбегінің шын бағасын ала алмай кетті. Бәрінен де осы өкінішті! Бірақ… бірақ… “Жаңа ғасыр меже ғасыр, бел ғасыр, Сенім деген қасиет бар менде асыл. Бағыт-бағдар дұрыс болып бүгінгі, Қазағымды биік көтер, белге асыр”, – деп Тоқтар досым жырлағандай, мен де заманның түзелеріне, ұлттық құндылықтарымыздың салтанат құрып, келер ұрпақтың бет түзер темірқазығына айналарына, қарлығаш-ғұмырдың жыл әлеміндегі сапарының ұзақ боларына сенемін.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
жазушы, Халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері.