Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Президенттің атынан бірқатар өңір құрылысшыларына мемлекеттік наградаларды табыс етті.
Құрылыс – ел экономикасының локомотиві. Осынау маңызға ие айтулы саланың дамуына атсалысып жүрген өңірдегі құрыш білекті құрылысшылардың еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағалануы қуантады. Отандық құрылыс саласындағы жемісті еңбегі, ел инфрақұрылымының дамуына қосқан үлесі үшін “Құрмет” орденімен “Мирас Group” және “ПМК-5” жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің директорлары Мұхтар Исин мен Кәрібай Шаяхин, ІІІ дәрежелі “Еңбек даңқы” орденімен “Альфа-Север” серіктестігінің өндірістік жұмысшысы Никита Власов, “Готика” ЖШС жобалық-өндірістік бірлестігінің директоры Ольга Прудовикова, “Ерен еңбегі үшін” медалімен “Петропавловск-спецкоммунстрой”, “Зерттеу СК” ЖШСі директорларының орынбасарлары Евгений Дзюбенко мен Владимир Кизенко марапатталды. Сондай-ақ Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен “Құрметті құрылысшы” медалі құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Қайролла Ғалеевке табыс етілді. Облыс әкімі марапатталғандарды жоғары наградамен құттықтап, құрылыс саласында толағай табыстар мен жетістіктер тіледі.
Ақмарал ҚҰРМАНАЙҚЫЗЫ,
“Soltüstık Qazaqstan”.