Біздің халық ежелден Отан үшін төккен тердің бағасын бағамдай білген. Оның ішінде қастерлі Отан-Ананы қорғау ең асқақ парыз, абыройлы міндет екенін жас сарбаздар жақсы біледі. Ант қабылдау – Отаныңа, халқыңа адал болу, ел басына күн туса, оны ақтық демің қалғанша қорғау, қажет болса, жан қию деген сөз. Осылайша ант қабылдаған сарбаз – біздің ұлан-ғайыр жерімізді ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған жаужүрек ата-бабаларымыздың ерлік жолын жалғастырушыға, елдің қорғанына, сенім арқалаған азаматқа айналмақшы.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің 54 студенті әскери ант берді. Ант қабылдау салтанатына сарбаздардың туыстары мен достары жиналды.
Жыл бойы әскери пәндерді, Қарулы Күштердің жарғыларын оқып, саптық дайындықтан өтті. Оқу-жаттығу жиындарына қатысып, қорытынды емтихан тапсырды.
“Әскери кафедрада алған білімдерін емтихан кезінде дәлелдеді. Енді олар Отан қорғаушылар қатарында. Табысқа жету жолындағы кез келген кедергілерді еңсерері анық. Қастерлі халқымызға ақтық демің қалғанша адал қызмет етуге серт бердіңдер. Бұл – сендердің өмірлеріңде ерекше есте қалар сәт әрі ер еншісі – ел қорғауға басқан қадамдарың”, – деді құттықтау сөзінде әскери кафедраның оқытушысы Ибрай Өмірзақов.
Диана ХАЛИМОВА,
М.Қозыбаев атындағы СҚУ медиаорталығының редакторы.