«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Біз жанбасақ лапылдап…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жастар – қашанда қоғамның қозғаушысы. Қай заманда болмасын үлкен әлеуметтік күшке ие. Бүгінгі жастың елдің ертеңі екенін ескерсек, олардың қоғам үшін маңызы арта түсері анық.

Өкінішке қарай, бізде ғана емес, әлемнің қай елінде бол­сын енжар жастар тобы кездеседі. Бұл топ бүгінде – NEET, яғни Not in Empoloyment. Education or Training деп атала­ды. Бұл ұғым XX ғасырдың соңына қарай пайда болды. Оны Ұлыбритания алғаш болып көтерді. Ал жастар­дың әлеуметтік әлсіз топтарына ар­налған мемлекеттік сарап­тауды Бүкіләлемдік банктің жүр­гізуі – мұның күрделі мәселеге айналға­нының айғағы.

Елімізде бұл санаттағылардың қатары жыл сайын арта түсуде. Рес­ми мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздегі NEET жастар саны 500 мыңға жуықтаған, ал оның 10714-і біздің өңірімізде .

Жалпы өңірімізде 2024 жыл­ғы 1 қаңтардағы мәлімет бойын­ша – 14 жастан 35 жасқа дейінгі 131 332 жас бар. 2024 жылдың 2-тоқсанының қорытындысы бойынша NEET санатындағы жастар үлесі 8,7 пайызды құрап отыр.

“Жастар” ғылыми-зерттеу орталығы “Қазақстандағы NEET жас­тар­дың әлеуметтік ұстанымдары” атты әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері бойынша талдамалық баяндамасында NEET санатындағы жастармен жұ­мыс істеу барысында олар­дың не ой­лайты­нын, бостан-бос сенделіп жүруі­не қандай себептер ықпал ететі­нін, мінез-құлқын, көңіл күйін, бәрін жан-жақты зерделеп, сауалнама жүргізген. Бұл әлеуметтік сауалнамаға 14-28 аралығындағы жастар қатысқан.

Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жас­тар­­дың 74,1 пайызы ата-анасымен, туыстарымен, 13,6 пайызы жалдамалы пәтерде, 12,2 пайызы өз үйінде тұра­ды. Сондай-ақ олардың басым бөлігі – 66,1 пайызы өз отба­сын құрмаған, 73,8 пайызының бала­ла­ры жоқ. Ал білім деңгейіне келсек, респонденттердің 11,9 па­йызы ғана жоға­ры білім алған, 0,4 пайызының магистр дәре­жесі, 0,1 пайызының ғылыми дәрежесі бар. Бұған қоса NEET жастардың 53,8 пайызын ата-анасы қамтамасыз етсе, 19,7 пайызы жұ­байының табысына кіріп­тар, ал 24,7 пайызының тұ­рақ­сыз табысы бар.

NEET санатындағы жастардың басым бөлі­гі – 47,1 пайызы берік және тату отба­сын құруды көздейді. Қалған құндылық­тарға көбіне материалдық сипаттағы мақсаттар, яғни көп ақша табу – 37,9 пайыз, өз үйінің, пәтерінің бо­луы – 36,2, жақсы, қызықты жұмысқа тұру – 32,6 пайызды құраған.

Сонымен қатар NEET жастардың 79,3 пайызы қазіргі өміріне қанағаттанады екен. Тек 3,1 пайызы өзінің өмір сүру салтына мүлдем көңілі толмайды. Сауал­нама нәтижесі көрсеткендей, ауыл­дық жерлер­де тұратын NEET санатындағы жастар (83,4%) көп жағдайда қалада тұратындарға (76%) қарағанда өз өмірлеріне риза.

Бүгінде оқуға, жұмыс істеуге талаптанбау, құлықсыздық таныту – NEET сана­тын­дағы жастардың ең негізгі сипаты. Аталған әлеуметтік сауалнамаға қатысқан жастардың 58,3 па­йызы мүлдем жұмыс іздемейді екен.

Мемлекет жастардың сана­сын оятуға, білімінің жоғары бо­луына басты мән береді. Сондықтан да жоғарыдағы әлеу­меттік сауалнама нәтижелері кө­ңіл көншітпесе де, елімізде жас­тарға сапалы білім беру, ғылыми бағытын айқындау, жаңашыл идеяларын қолдау, оларды жұмыспен қамту мәселесі жолға қойылған.

Мәселен, биыл елімізде Халықаралық жастар күніне орай 3-12 тамыз аралығында өткі­зілген “Жастармен бір­ге!” ұлттық онкүндігі – оның айқын дәлелі. Оған ел бойынша 1 миллионнан астам жас қатысып, 5 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылды. Он­күндіктің негізгі бағыттары жұ­мыспен қамту, нашақорлық пен лудоманияның алдын алуға, эко­логиялық мәдениет пен аза­мат­тық жауапкершілікті да­мытуға, сондай-ақ ұлттық сананы нығайтуға бағытталды.

Өңірімізде онкүндік аясында қоғамдық даму және ақпарат орталығы мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруы­мен 69 іс-шара өткізілді. Мәсе­лен, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев және Шал ақын аудандарында “Jasyl Marathon 24” плоггингі бойынша эко-турнирлер өтіп, саябақ, өзендер мен көлдердің жағалауларын тазар­ту, тарихи-мәдени нысандардың аумақтарын абаттандыру және тазарту жүргізілді. Ғабит Мүсі­репов атындағы ауданда жас­тар орталығы ашық аспан астында отандық “Дос Мұқасан” көркем фильмінің көрсетілімін ұйымдастырса, Айыртау ауданында да осындай кино кеші өтті.

Жалпы елімізде жастарға көп мүмкіндік ұсынылады. Ал оны пайдалану – олардың өз қолында.

Анастасия ВОЛКОВА,

“Қоғамдық даму және ақпарат орталығы” КММ жастар бастамалары бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp