Жастар – қашанда қоғамның қозғаушысы. Қай заманда болмасын үлкен әлеуметтік күшке ие. Бүгінгі жастың елдің ертеңі екенін ескерсек, олардың қоғам үшін маңызы арта түсері анық.
Өкінішке қарай, бізде ғана емес, әлемнің қай елінде болсын енжар жастар тобы кездеседі. Бұл топ бүгінде – NEET, яғни Not in Empoloyment. Education or Training деп аталады. Бұл ұғым XX ғасырдың соңына қарай пайда болды. Оны Ұлыбритания алғаш болып көтерді. Ал жастардың әлеуметтік әлсіз топтарына арналған мемлекеттік сараптауды Бүкіләлемдік банктің жүргізуі – мұның күрделі мәселеге айналғанының айғағы.
Елімізде бұл санаттағылардың қатары жыл сайын арта түсуде. Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі таңда еліміздегі NEET жастар саны 500 мыңға жуықтаған, ал оның 10714-і біздің өңірімізде .
Жалпы өңірімізде 2024 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша – 14 жастан 35 жасқа дейінгі 131 332 жас бар. 2024 жылдың 2-тоқсанының қорытындысы бойынша NEET санатындағы жастар үлесі 8,7 пайызды құрап отыр.
“Жастар” ғылыми-зерттеу орталығы “Қазақстандағы NEET жастардың әлеуметтік ұстанымдары” атты әлеуметтанулық зерттеу нәтижелері бойынша талдамалық баяндамасында NEET санатындағы жастармен жұмыс істеу барысында олардың не ойлайтынын, бостан-бос сенделіп жүруіне қандай себептер ықпал ететінін, мінез-құлқын, көңіл күйін, бәрін жан-жақты зерделеп, сауалнама жүргізген. Бұл әлеуметтік сауалнамаға 14-28 аралығындағы жастар қатысқан.
Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жастардың 74,1 пайызы ата-анасымен, туыстарымен, 13,6 пайызы жалдамалы пәтерде, 12,2 пайызы өз үйінде тұрады. Сондай-ақ олардың басым бөлігі – 66,1 пайызы өз отбасын құрмаған, 73,8 пайызының балалары жоқ. Ал білім деңгейіне келсек, респонденттердің 11,9 пайызы ғана жоғары білім алған, 0,4 пайызының магистр дәрежесі, 0,1 пайызының ғылыми дәрежесі бар. Бұған қоса NEET жастардың 53,8 пайызын ата-анасы қамтамасыз етсе, 19,7 пайызы жұбайының табысына кіріптар, ал 24,7 пайызының тұрақсыз табысы бар.
NEET санатындағы жастардың басым бөлігі – 47,1 пайызы берік және тату отбасын құруды көздейді. Қалған құндылықтарға көбіне материалдық сипаттағы мақсаттар, яғни көп ақша табу – 37,9 пайыз, өз үйінің, пәтерінің болуы – 36,2, жақсы, қызықты жұмысқа тұру – 32,6 пайызды құраған.
Сонымен қатар NEET жастардың 79,3 пайызы қазіргі өміріне қанағаттанады екен. Тек 3,1 пайызы өзінің өмір сүру салтына мүлдем көңілі толмайды. Сауалнама нәтижесі көрсеткендей, ауылдық жерлерде тұратын NEET санатындағы жастар (83,4%) көп жағдайда қалада тұратындарға (76%) қарағанда өз өмірлеріне риза.
Бүгінде оқуға, жұмыс істеуге талаптанбау, құлықсыздық таныту – NEET санатындағы жастардың ең негізгі сипаты. Аталған әлеуметтік сауалнамаға қатысқан жастардың 58,3 пайызы мүлдем жұмыс іздемейді екен.
Мемлекет жастардың санасын оятуға, білімінің жоғары болуына басты мән береді. Сондықтан да жоғарыдағы әлеуметтік сауалнама нәтижелері көңіл көншітпесе де, елімізде жастарға сапалы білім беру, ғылыми бағытын айқындау, жаңашыл идеяларын қолдау, оларды жұмыспен қамту мәселесі жолға қойылған.
Мәселен, биыл елімізде Халықаралық жастар күніне орай 3-12 тамыз аралығында өткізілген “Жастармен бірге!” ұлттық онкүндігі – оның айқын дәлелі. Оған ел бойынша 1 миллионнан астам жас қатысып, 5 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылды. Онкүндіктің негізгі бағыттары жұмыспен қамту, нашақорлық пен лудоманияның алдын алуға, экологиялық мәдениет пен азаматтық жауапкершілікті дамытуға, сондай-ақ ұлттық сананы нығайтуға бағытталды.
Өңірімізде онкүндік аясында қоғамдық даму және ақпарат орталығы мен жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 69 іс-шара өткізілді. Мәселен, Есіл, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев және Шал ақын аудандарында “Jasyl Marathon 24” плоггингі бойынша эко-турнирлер өтіп, саябақ, өзендер мен көлдердің жағалауларын тазарту, тарихи-мәдени нысандардың аумақтарын абаттандыру және тазарту жүргізілді. Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда жастар орталығы ашық аспан астында отандық “Дос Мұқасан” көркем фильмінің көрсетілімін ұйымдастырса, Айыртау ауданында да осындай кино кеші өтті.
Жалпы елімізде жастарға көп мүмкіндік ұсынылады. Ал оны пайдалану – олардың өз қолында.
Анастасия ВОЛКОВА,
“Қоғамдық даму және ақпарат орталығы” КММ жастар бастамалары бөлімінің басшысы.