Петропавлда дойбыдан есту және көру кемістігі бар спортшылар арасында ел чемпионаты өтуде. Тоғыз күнге жалғасатын жарысқа 14 облыстан 85 адам қатысып жатыр.
Биылғы жарыс рапид және классикалық дойбыдан өтуде. Алғашқы екі күнде спортшылар жылдам түрінен бақ сынаса, қалған жеті күнде ұзақ циклды бағдарламада өзара мықтыны анықтамақ. Дойбыдан еліміздің бас жаттықтырушысы Зинятқыз Нүсіпбаеваның айтуынша, Петропавлдағы сынға жасөспірімдер, жастар мен ересектер қатысуда. Олардың арасында бірнеше дүркін Азия және әлем біріншіліктерінің жүлдегерлері бар.
– Ел чемпионатының қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталады. Үздік атанғандар қазан айында Түркияда өтетін Еуропа чемпионатына қатысуға мүмкіндік алмақ, – дейді Зинятқыз Нүсіпбаева.
Аманжол НҰРТАЗИН,
“Soltüstık Qazaqstan”.