“Достық” демалыс орнында мүмкіндіктері шектеулі жандарға арналған екі күндік іс-шара ұйымдастырылды. Қатысушылар Қызылжар, Мамлют және Есіл аудандарынан келді.
– Біздің басты міндетіміз – мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамға бейімдеу. Іс-шара барысында қатысушылар тағдырдың тәлкегіне ұшыраса да, биік белестерді бағындырған жандармен танысады. Бұл арқылы еңбек етуге құштарлық оянады. Қала мен ауыл арасында алшақтық болмас үшін ауылдық тұрғындарға көбірек көңіл бөлеміз, – дейді “АРДОС-Жүрек” мүгедектердің бірлестігі” заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Ақжан Кәрім.
Алдымен психолог қатысушыларды бір-бірімен таныстырды. Содан кейін іштеріндегі сенімділік пен құштарлықты арттыру үшін түрлі ойындар мен шеберлік сабақтары өткізілді. Мұндай қадам қатысушыларды бір-бірімен достастырды. Бұл көрініс көз сүйсіндіреді.
– Мүмкіндіктері шектеулі адамдар үйде отырып қалмасын деп әр нәрсеге үйреніп жатыр. Жақында ауданымызда хош иісті шырақтарды және сабын қайнату бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. Ақжан Кәрім және оның командасына алғыстан басқа айтарым жоқ, – дейді Бескөл ауылының тұрғыны Теңдік Осипова.
Анель ШАЯХМЕТОВА.